Шығармашылықтың шыңына ұмтылған

Шығармашылықтың  шыңына ұмтылған
ашық дереккөз
Шығармашылықтың шыңына ұмтылған

Қылқалам шебері Аманат Назарқұл туралы

Арманы асқақ суретші-мүсіншінің алар асулары алда. Алпыстың асқарына шыққан талантты азамат нағыз шығармашылық толысқан шағында. Ол – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Суретшілердің халықаралық көрмелері мен симпозиумдарында туындылары жоғары бағаланып, жүлделі орындарды жеңіп алған. Тіпті, бас жүлдені қанжығаға байлаған да кездері болған. Туған топырақтан түлеп ұшқан талант, Әулиеата жерінің тумасы Аманат Назарқұл жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болып, өзі туып-өскен Тараз қаласында шығармаларының көрмесін өткізгісі келетінін айтқан. Шығармашылық адамдарына әркез қолдау көрсетуге әзір Ербол Шырақпайұлы суретшінің бұл тілегін қабыл алып, аталмыш шараны өткізудің мүмкіндіктерін қарастыруға уәде берген. Ендігі мәселе осы игі шараның жүзеге асуына жағдай жасап, жолын қарастыратын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыс руханиятының тізгінін ұстап отырған Ерлан Жүнісбай мырзада. Аманат Назарқұл шығармашылығын дамытуға демеу болатын осы іс-шараны ұйымдастырып өткізу тікелей өздеріне байланысты жоғарыда аталған ел ағаларына үміт артып отыр. «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын». Олай болса, «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген қазақи қасиетті қағидаға иланатын біз де Таразда талантты суретші Аманат Назарқұл туындыларының көрмесі өтетініне сенімдіміз. Ал, шығармаларын дәріптеуге тілектестік білдіріп отырған суретшіміз кім? Енді оқырманға осы жайында мағлұмат берсек. Ендеше, ендігі сөз суретші-мүсінші Аманат Назарқұл жайында. Осыдан 6-7 жыл бұрын мен оның өзінен бұрын атағымен таныс болдым. Нақтырақ айтқанда, достарының жақсы қасиеттері мен жетістіктерін жалпы жұртқа жариялап, жарнамалап жүретін ақкөңіл азамат Әзімбек Тілешевтің әңгімесі арқылы білдім. – Аманат деген суретші дос-інім бар. Біздің Тараздан шыққан талантты қылқалам шеберлерінің бірі. Сол інім шетелге суретшілердің халықаралық симпозиумына қатысуға бара жатыр екен. Соны әуежайға шығарып салып келемін, – деп әңгіме бастаған Әзекең әрі қарай Аманаттың мақтауын жеткізіп тастады. Жалпы, шығармашылық адамдары туралы қанша мақтау айтылса да, оның еңбегімен таныспай жатып, яғни кітабын оқымай, салған суретін, түсірген киносын көрмей, шерткен күйін немесе салған әнін тыңдамай жатып, ол туралы пікір қалыптасуы қиын. Мен де сондай күйдемін. Дегенмен, інім туралы «Халықаралық симпозиумға бара жатқанына қарағанда, анау-мынау қатардағы қаражаяу емес, атақтылардың, көпке танымалдардың санатынан болды ғой» деген ой түйгенмін. Түйсігім алдамапты, ойым дұрыс болып шықты. Оған Аманаттың өзімен, шығармашылығымен танысқаннан кейін көзім жетіп, көңілім тоғая түскен. Басқасын айтпай-ақ қояйын, Тараз қаласының қақ ортасында, өзінің атымен аталатын даңғыл бойында аса таяғы қолында ойлы қалыпта тұрған Төле би бабамыздың еңселі ескерткішінің өзі неге тұрады?! Саналы ғұмырын халқының қамына сарп еткен дала данышпаны дүниеден өткеніне екі ғасырдан асып кетсе де, қазір де ұрпағының болашағын ойлап тұрғандай ойлы қалыпта. Осынау тарихи тұлғаға тұрғызылған ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші, көптеген халықаралық, отандық байқау-көрмелердің жүлдегері Аманат Назарқұл. Менің оның шығармашылығына тәнті болуым да осы ескерткішті көргеннен кейін пайда болды.... Ол да барлық бала сияқты асық ойнап, ләңгі теуіп, доп қуалап өскендердің бірі. Жамбыл қаласының аумағына жататынына қарамастан, шаһардың олар тұратын «За линией» деп аталатын аймағындағы өмір нағыз ауылдағыдай. Адамдары түгелге дерлік жатаған үйлерде тұрады. Аманаттың балалық шағымен тұспалдап суреттеп айтар болсақ, ауылдағы үйлерден айырмашылығы – мұндағы үйлер еңселі. Шиферден шатыры, ою-өрнекті есіктерезелері, ағаштан едені, қоршаулы шарбағы бар. Әйтпесе, мұнда да адамдар падаға сиыр қосып, кезекпен қой бағады. Кейбіреулерінің кермесінде аяқартар аты, бастырма астында сүтін сауып, қымыз ашытып ішіп отырған биесі бар. Аманатты «ауыл балалары сияқты асық атып, ләңгі теуіп, доп қуалап өскен» деп отырғанымыз да сондықтан. Қазіргі кейбір атақты ақындар сияқты лепіріп «анамның құрсағында жатқандаақ ақындық қасиет пайда болып, іңгәлап жерге түсе салысымен өлең жазғанмын» немесе кейбір суретшілер сияқты «анамның құрсағынан түсе салысымен жерге шимайлап сурет сала беріппін» демейді. Айналадағы табиғат тамашаларын құмға сызып, балшықтан әртүрлі ойыншықтар жасағаны рас. Бірақ, оны сурет немесе мүсін деп ойлаған емес. Ол туралы түсінігі де жоқ болатын. Әйтеуір, құмға немесе қағазға бірнәрселерді шимайлауға әуестігі басым. Дегенмен, «суретші боламын» деген ой он ұйықтаса түсіне кірген емес. Оның бейнелеу өнерімен айналысуына есейіп қалған шағында бір қатарласымен төбелесіп, көзінен жарақат алуы себеп болған. Көзі шығып кеткен жоқ, орнында. Анықтап қарағанда болмаса, анау-мынауға біліне бермейтін сәл-пәл ақауы бар. Ол кемістіктің іс-қимылға ешқандай кедергісі жоқ. Осы төбелес оның ой-санасында түбегейлі төңкеріс жасап, Аманат осыдан кейін суретші болуға бекем бел байлаған. Бұрыннан суретшілікке икемі бар талапкер баланың қаламы қолынан түспейтін болды. Бала қиялындағы талай бейне сурет болып қағаз бетіне түсіп, көңілінен шықпаған талайлары умаждалып қоқыс жәшігіне тасталған. Аманат алған бетінен қайтқан жоқ. Суретті сала берді, сала берді. Ұлының осындай қағаз шимайлаған, ұнамаған суреттерін умаждаған сәттерін көргенде Суанбек әкесі «Сенен суретші шықпайды, одан да бір пайдалы іспен шұғылдансаңшы» дейтін. Тұқырту жоқ, зілсіз ғана. Соның өзі баласына қайрақ болғандай, шимайын үдетіп, суретін сала беретін, сала беретін. Алынбайтын қамал жоқ, бастапқыдай емес, кейінгі салған суреттері кәдімгідей «сөйлейтінді» шығарды. Жеке портреттерде бейнеленген кейіпкерлері адамға тірі кісі сияқты қарайды. Картиналарында белгілі бір уақыттың оқиғасы жүріп жатыр. Табиғат көріністері кісіге рухани азық беріп, жаныңды жадырата түскендей. Осының бәрі Аманатты алға жетелеп, болашаққа деген үмітін үкілей түсті. Тараздағы (ол кезде Жамбыл қаласы) Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің түлегі Аманат Назарқұлов 1978 жылы Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне (қазір О.Таңсықбаев атындағы колледж) театр суретшісін дайындайтын бөлімге құжаттарын тапсырған. Талапқа сәйкес, конкурста талапкердің жеке шығармасы есепке алынады. Тіпті, «талапкердің жеке туындысы ерекше ескеріледі» десе де болғандай. Аманат шығармашылық конкурсқа «Халық батыры – Амангелді Иманов» портреттік композициясын ұсынған. Қазақ халқын ұлт-азаттық көтеріліске шақырып тұрған көріністе 110 адам бейнеленген. Көлемі 40х70 сантиметрлік қағазға акварельмен салынған. Екінші ұсынған суреті «Майданға» деп аталады. Онда Отан қорғауға аттанып бара жатқан азаматтарды шығарып салу сәті бейнеленген. Екі сурет те «сөйлеп» тұр. Екеуінен де адам бойында отаншылдық сезім ойнағандай әсер алатыныңыз сөзсіз. Табиғат көріністерін салу әркімніңақ қолынан келеді. Бірақ, оның да өз қиындығы бар. Ал, белгілі бір оқиғаға орайластыра сурет салуға бәрі бірдей қабілетті емес. Ол үшін ойлай, қиялдай білу керек. Аманаттың бойында осындай қасиет бар. Білімі, қарым-қабілеті лайықты бағаланған Аманат Назарқұл училище студенті атанды. Талай танымал тұлғалардың шеберханаларында дәріс алып, тағылымдамадан өткен, Алматыны аралап, Алатау баурайын жағалап көзге әсем көрінген көріністерді қағаз бетіне түсірген, қалыпқа керілген кенепке сырлы бояумен әртүрлі суреттер салған, пластилиннен ертегі, жырлардың кейіпкерлерін, жанжануарларды кескіндеген, өнер бәйгесінде өзі сияқты талапкерлермен бәсекеге түсіп өрге ұмтылған студенттік жылдар көзді ашып-жұмғанша өте шығып, үлкен өмірге қадам жасар кезде олардың оқу орнына Мәскеудегі И.Суриков атындағы жоғары көркемсурет училищесінен (қазір академия) екі кісі келіп, өздеріне таңдау жасаған. Сонда таңдауға іліккен төртеудің бірі – Аманат Назарқұл жолы болып, шығармашылығы жоғары бағаланып оқуға қабылданды. Одақ астанасы Мәскеудегі өнердің үлкен ордасы – И.Суриков атындағы жоғары көркемсурет училищесінде өзін осы оқу орнына қабылдаған профессор Н.Хрестолюбовтен дәріс алып, профессор К.А.Тутевольдың шеберханасында шыңдалып шыққан Аманат оқу бітірген 1988 жылы Жамбыл көркемсурет қорына жұмысқа орналасқан. Негізгі қызметі – тапсырыстар бойынша мекеме, кәсіпорындар кеңселерін, қоғамдық орындар ғимараттарын әрлеп, безендіру. Тапсырыстар көбінесе мәдениет ошақтарын безендіруге байланысты. Аманат ондай тапсырыстардың талайын бар ынта-ықыласымен, шеберлігін салып орындаған. Солардың ішінде ерекше есте қалғаны – 1988 жылы Мәскеуден оқу бітіріп келісімен суретшілер Болат Құсайынов және Сембіғали Смағұловпен шығармашылық одақта Жамбыл теміржол бекетінің күту залын безендіргені. Көлемі 16х3,5 метрдей болатын екі қабырғаның біріне жасаған безендіруін «Адамзат адасу жолында» деп атаған. Онда соғыс, экология, тіл, Арал тағдыры, Семей-Невада қозғалыстары көрініс тапқан. Ал, екіншісінде тарих «сөйлейді». Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабы, «Жібек жолы» керуен сарайы, Алтын адам, Тараз тарихына қатысты Қарахан, Айша бибі кесенелері бейнеленген суреттер адамға ой салғандай. Екеуінде де идея авторы – Аманат. Одан кейін Жамбыл облыстық драма театрының күту залын безендірген «Көшпенділер» композициясы да – Аманаттың айтулы еңбектерінің қатарында. Суретші ретінде оның еңбектері көрші қырғыз елінде өткізілген мәдени ісшараларға да «қатысқан». Қырғыздың ұлы эпосы Манастың 1000 жылдығына арналған көрмеге 20-дан астам туындысын қойып, оның бірқатарын «Манас» қорына сыйға тартқан суретші 2019 жылы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған көрмеге 60-тан астам туындысын қойған. Оның жазушыға арналған «Суретші. Уақыт. Кеңістік» триптихі арнайы Алғыс хатпен аталып өткен. Осы тойға ҚР Президенті Қ.Тоқаев сыйға тартқан «Әл-Фараби» графикалық картинасы да Аманаттың төл туындысы екенін атап өткеніміз абзал. Біз мақаламызға арқау етіп отырған кейіпкеріміз суретші-мүсінші Аманат Назарқұлдың еңбектері суретшілердің халықаралық симпозиумдарында аталып өтіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол 2019 жылы Кипрде өткен Түркі мемлекеттері суретшілерінің симпозиумында «Ұлы түрік апогеясы» атты еңбегі үшін бас жүлдені жеңіп алып, «Ұлықбек» статуэткасы мен «Алтын кілт» бәйгесіне ие болған. 2023 жылы Парижде өткен Дүниежүзі суретшілерінің халықаралық симпозиумында «Хан» мүсіні үшін «Mondial ART AKADEMIA» сыйлығына ие болып, осы академияның құрметті мүшесі атанды. Санай берсек, суретші Аманаттың халықаралық симпозиумдар мен көрмелерде жүлделі орындарға ие болған шығармалары көп-ақ. Суретші-мүсінші соның барлығында ұлттық құндылықтар мен ерекшеліктерге басымдық беруге тырысқан. Ұлтының байлығы мен құндылықтарын өнермен өрнектеген ұлтшыл ұлан осындай-ақ болар. Амандық болса, оған Аманат Назарқұлдың алдағы уақытта туған қаласы Таразда өтетін шығармашылық көрмесінде куә бола жатармыз. Айтпақшы, шығармашылықтың шыңына шығуға ұмтылған азаматтың отбасы туралы да айтуымыз керек қой. Отан отбасынан басталады, осындайлық жетістіктерге жеткен адамның отбасы берекелі болмаса, жақсы жетістіктерге жетпесі айтпаса да белгілі. Аманат Назарқұл – отбасылы. Сәлима келін – сәулетші. Ұлдары Жүсіп те суретші. Қызы Ақмарал – безендіруші, дизайнер. Күйеубала Берен де сәулетші. Бәрінің де мамандықтары өнерге жақын, тек келіні Айқаракөз – ағылшын тілінің маманы, ұстаз. Аманат пен Сәлима – ұл-қыздарынан 8 немере мен жиендер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.  

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар