Түлектер түлеткен ауыл

Түлектер түлеткен ауыл
ашық дереккөз
Түлектер түлеткен ауыл
«Ауыл болсаң, қауым бол» дейді бабалардан қалған өсиеттің бірінде. Ортақ шаңырақтың шаттығы үшін бірлесіп, іс атқарып жүргендердің бірі –Жуалы ауданындағы Боралдай ауылының тұрғындары. Боралдайлық азаматтар бірігіп, округтің Рысбек батыр ауылынан «Үрзада апа» мешітін салып, жамағаттың игілігіне берген. Мешіт құрылысының жалпы құны 45 миллион теңгені құраған. Қаржының 70 пайызы «Дүниежүзілік жастар ассамблеясы қайырымдылық қоры» есебінен және 30 пайызы ауылдан шыққан азаматтардың, тұрғындар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен жиналған. Мешіт сыйымдылығы 150 адамға арналған. Асхана және қосалқы ғимараттары қоса салыныпты. Боралдайлықтар бұдан бөлек, біраз игі істі бірлесіп атқарып отыр. Округтің Ертай елді мекенінің тұрғындары мен ауылдан шыққан азаматтардың демеушілік есебінен «Құлбайымбет» мешітінің артында сыйымдылығы 100 адамға арналған, құны 10 миллион теңгені құрайтын ас тарату ғимаратын, дәрет алу бөлмесі мен қазан-ошақ бөлмелерін салған. «Көлтоған-Қамқор» қоры арқылы Көлтоған ауылындағы «Тұрыс баба» мешітіне 700 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, Рысбек батыр елді мекеніндегі тұрмысы төмен жас отбасы Нұрхат Ильдановтың отбасына «Асар» жобасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 4 бөлмелі тұрғын үй сатып алынған. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халықтың нақылын ұстанған боралдайлықтар «Көлтоған-Қамқор» қоры есебінен Көлтоған ауылының кіреберісіне 161 түп қарағай егіпті. Жайылған мал жайпап кетпеу үшін қоршауын да жасап жатыр. «Көлтоған-Қамқор» қоры есебінен, 1966 және 1968 жылы туылған ауыл түлектерінің демеушілігімен Көлтоған ауылының кіреберісіндегі арка безендірілуде. 2024 жылы аталған қор есебінен ескі мектеп-интернат орнынан жер белгіленіп, балаларға арналған ойын-сауық алаңын орнату, 1975 жылғы түлектердің демеушілігімен Боралдай ауылдық округі паспорты орнына стела, 1967 жылғылардың көмегімен Көлтоған ауылының кіреберісіне стела, 1965 жылғылардың қаржылай қолдауымен аллея, флагшток орнату жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, Ертай ауылының қоры есебінен елді мекенге кіреберіс тұсқа стела орнату да жоспарлануда. Ортақ іске жұмыла білген боралдайлықтар өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 6820 гектар егістік жерге егін сеуіп, жоспарды толық орындаған. Жалпы, егістік жерлердің 2250 гектарын мал азығы дақылдары құрайды. Биылғы өнім үшін бүгінгі күнге 1150 гектар күздік бидай егіліпті. Округте 5413 мүйізді ірі қара тіркелген, оның 2221-і сауынды сиыр, ал қой-ешкі 30841 болса, 1514 жылқы және 10182 құс бар. – Мал басын асылдандыру бағытында «Қасым» шаруа қожалығы Солтүстік Қазақстаннан 105 бас асыл тұқымды «Әулиекөл» құнажындарын алып келсе, «Береке-2» және «Мырзан» шаруа қожалықтары Ресейден 30 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын әкелді. «Тілеу», «Аңсат» және «Дархан дала» шаруа қожалықтары мың бас асыл тұқымды қой, 50 асыл тұқымды қошқар алып келді. Округ шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарда жалпы 128 ауыл шаруашылығы техникасы мен 39 тіркеме бар. Оның ішінде 73-і трактор, 16-сы комбайн, 27-сі соқа, 12-сі дән сепкіш. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында өткен жылы округтің шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг жүйесімен және жеке қаражаттары есебінен жалпы сомасы 102 миллион теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Оның ішінде бесеуі трактор, 13-і тіркеме. Мемлекет тарапынан 283 тонна жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлініп, округтің 211 шаруа қожалығы литрін 194 теңгеден алып, қажеттіліктеріне жұмсады. Жалпы, округ бойынша 294 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде екеуі заңды тұлға болса, 246-сы шаруа қожалығы, 46-сы жеке кәсіпкер. Осы кәсіпкерлік субъектілерінде 361 адам жұмыспен қамтылған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалы арқылы жеңілдетілген пайызбен ауылдың 12 кәсіпкері 90 миллион теңгеге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, аталған бағдарлама бойынша 12 азамат «Бастау-Бизнес» сертификаттарын алып, нәтижесінде 4 жас азамат 1 миллион 380 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды. Даму жоспарына сәйкес, 2023 жылы 4 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, кәсіпкерлік бағытта жеке кәсіпкер Элмира Мәдібек «Шекер» азық-түлік дүкенін ашып, 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Жоба құны – 20 миллион теңге. Ауыл шаруашылығы бағытында 3 жоба жүзеге асты. «Береке» шаруа қожалығының иесі Досат Дүйсебеков 30 басқа арналған кіші сүт-тауарлы фермасын ашты, жоба құны – 30 миллион теңге. Ресейден асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын сатып әкелді. Сол арқылы 1 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Мырзан» шаруа қожалығының иесі Садық Нұрсейітов 30 басқа арналған кіші сүт-тауарлы фермасын 30 миллион теңгеге ашты. Ресейден асыл тұқымды «Гольштейн» сауынды сиырларын сатып әкеліп, 1 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыды. «Қасым» шаруа қожалығының иесі Талғат Қыдыралиев 150 басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Солтүстіктен асыл тұқымды 115 бас «Әулиекөл» сиырларын сатып алып, 2 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынды, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Абдалиев. Бауыржан Нұрғалиұлының айтуынша, Боралдай ауылдық округіндегі 3 елді мекенде жалпы 440 аула, 2529 тұрғын бар. Ауылдық округ аумағының жалпы жер көлемі 32775 гектар болса, ауыл шаруашылығы алқабы 21975 гектарды құрайды. Оның ішінде 9070 гектары егістік, 8778 гектары жайылым және 130 гектары шабындық жерлер.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар