Рәмізге құрмет – әр азаматқа міндет
Тәуелсіздігіміздің нышаны саналатын ұлттық рәміздерімізді құрметтеу әрбір ел азаматының қасиетті парызы. Бұл Отан алдындағы борышымыз бен адалдығымызды танытатын, өскелең ұрпақ жадында патриоттық сезімді оятып ұлжандылықтың дәнін себетіні анық. Сонда ғана ел болашағы беки түсіп, келешекке нық сеніммен қарауға болады. Осы мақсатта жалпыұлттық тәрбие қалыптастыратын жобаларды жүзеге асырып, ұлттық нышандарды жоғары деңгейде насихаттау аса маңызды. Сондай-ақ, туымыз бен елтаңбамыздың, гимніміздің мәртебесін көтеру үшін белгіленген қағидаттар шеңберінде рәміздерімізді күтіп-қарау стандарттарын ұстану қажет. Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында мекеме басшыларының қатысуымен өткен семинарда осы бағытта бірнеше кеңестер айтылды. Кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Шынар Қашқынбек, Тараз қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева, Техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Еркебұлан Алтынбеков пен білім беру, құқық қорғау саласының, түрлі ұйымдар мен мекемелердің рәміздерге жауапты қызметкерлері қатысып, заң шеңберінде рәміздерді қолданудың талаптары жөнінде пікір алмасты.
Семинарда Шынар Қашқынбек Мемлекеттік Рәміздерді пайдаланудағы стандарттар мен өлшемдердің сақталуы қажеттілігіне назар аударды.
– Мемлекеттік рәміздерді мекемелерге орналастырудың да өз қағидаттары бар. Бұл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы конституциялық заңы аясында әзірлеген Үкімет қаулысы негізінде іске асады. Мысалы, қаулыда мемлекеттік тудың 1:2 пропорционалдық өлшемде болуы керектігі айтылған. Алайда бұл көрсеткіш мекеменің биіктігі мен көлеміне қарай 2:4, 3:6 қатынасына өзгеріп отырады. Сонымен қатар, ту нысан ішінде орналасса, оның арнайы оқшауланған орыны қамтамасыз етіліп, ұштығы 9, 12 қанатты болуы керек. Көп жағдайда зерделеу барысында ішкі, сыртқы ту түрлерін ауыстырып алатын жағдайлар көп кездесіп жатады. Сондайақ, рәміздерді жарықтандыру ісінен көп жағдайда олқылықтар кездеседі, – дейді Шынар Қайратқызы.
Семинарда сонымен қатар, елтаңба мен гимннің стандарттарына сай болуы жағдайы айтылды. Бұл жайында Тараз қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева мамандарға жиі туындайтын сұрақтар бойынша түсіндірме жүргізді. Оның айтуынша, мемлекеттік елтаңбаны әрбір тиісті мекеменің маңдайшасына орнатып, арнайы шамдармен жарықтандыруды қамтамасыз ету керек. Ал, гимннің тақтайшасында тек мемлекеттік тілде мәтін жазылады.
Бұдан бөлек, рәміздердің қолданыс мерзіміне қатысты тозығы жеткен жағдайда заңнама аясында бір күн ішінде ескі нышанды жою туралы мекеменің кеңсе бөлімі мен рәмізге жауапты тұлға тарапынан акт дайындалуы шарт.
– Көп жағдайда ескеріле бермейтін жайт- ескі мемлекеттік рәмізді ауыстырған соң, қолданыстан шыққан символикалық нышанды талапқа сай түрде жою процесі. Заңнамалық құжаттамалар мен қаулыларға негізделе отырып, бұл жағдайда мекеме тарапыпан арнайы акт әзірленіп, нышан түрін өртеу, көму арқылы қолданысқа жарамсыз етілуі қажет. Одан өзге қоқысқа тастау немесе арнайы жерде сақтау сынды әрекеттерге жол берілмейді. Мұның бәрі өз кезегінде азаматтардың әкімшілік-құқықтық жауапкершік арқалауына себепкер болады, – дейді Г.Сматилдаева.
Ал, техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Еркебұлан Алтынбековтың айтуынша, мекеме маңдайшаларын орналастыруда мемлекеттік тілде жазылған мәтін сол жақ бөлікте болуы қажет екен. Бұдан бөлек, жиын соңында мекеме қызметкерлері тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап беріліп, мамандар кеңесі айтылды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді