Сейсмикалық сақтық шаралары сараланды

Сейсмикалық сақтық шаралары сараланды
ашық дереккөз
Сейсмикалық сақтық шаралары сараланды
Облыс аумағындағы әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерде жаппай бір мезетте жер сілкінісіне дайындық шаралары ұйымдастырылды. Аймақ тұрғындары бір уақытта айтып келмейтін апаттың алдын алу шараларына белсенді атсалысты. Облыс әкімдігі ғимаратынан бастап, әрбір мекемеде жалғасын тапқан іс-шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жер сілкінісі кезіндегі әрбір азамат білуі тиіс қарапайым қадамдарды жан-жақты түсіндірді. Әуелі төтенше жағдайлар саласының мамандары мен аймақ тұрғындарына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бейнеүндеуі жария етілді. «Қазақстан Республикасы Президентінің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес облыстағы барлық деңгейдегі әкімдіктер және білім беру, денсаулық сақтау нысандарында, басқа да ұйымдарда жаппай сейсмикалық жаттығулар өтуде. Бұл жаттығудың мақсаты – тұрғындардың арасында жер сілкінісі кезіндегі тәжірибелік іс-әрекеттерді үйрету, эвакуациялау тәртібін түсіндіру және қауіпсіз іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамын»,– деді Ербол Шырақпайұлы бейнеүндеуінде. Ізін ала апатты сирена дауысы жаңғырып, әкімдік ғимаратындағы мамандар төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Алдын ала әзірленген сценарий бойынша іште қалып қойған азаматтар арнайы құтқарушылардың көмегімен сыртқа шығарылып, оларға медициналық көмек көрсетілді. – Жалпы, мұндай сейсмикалық жаттығуды әрбір ұйым өзі өткізеді. Департаменттің аудандық бағыныстағы бөлімшелері әр нысанға бекітілген болатын. Олар әрбір мекемедегі жаттығуларды бағалап, әдістемелік көмек көрсетуде. Облыс әкімдігінде халық сыртқа эвакуацияланып, азаматтар қауіпсіз орынға жедел жеткізілді. Департаменттің кезекшіліктен бос барлық қызметкерлері осы шараға жұмылдырылды. Ішкі істер министрлігінің №494 бұйрығына сәйкес барлық ұйымда тоқсан сайын осындай сейсмикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылып тұрады. Алдында, тұрғын үйлерде жеке-жеке өткізетінбіз. Қазір жаппай үлкен масштабта ұйымдастырылуда,– дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жалғас Абдуалив. Іс-шара барысында мамандар тарапынан жер сілкінісі кезіндегі маңызды әрекеттер жіті түсіндіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетіліп, үнпарақтар таратылды. – Аталған оқу-жаттығу тек халық көп шоғырланған орындарға ғана емес, мемлекеттік мекемелерде ұйымдастырылғаны маңызды. Өзімізге қатысты маңызды ақпараттар алдық. Себебі, біз табиғи апаттық жағдайларда көп сақтық шараларын ұмыт қалдырып жатамыз. Міндетті түрде медициналық қобдишаның болуы, кеңсе ішінде қорғанудың жолдарын жан-жақты білдік. Мұндай іс-шаралар әрбір маманның сауатын ашады, сондықтан алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын тапса, – дейді облыс әкімі аппараты инфрақұрылымдық даму бөлімінің бас инспекторы Жансерік Аманбай. Аталған іс-шара облыс аумағындағы аудандар мен Тараз қаласындағы шағын аудандарда да ұйымдастырылды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Ұқсас жаңалықтар