«Аман бол» деп елге амандық тілеген

«Аман бол» деп елге амандық тілеген
ашық дереккөз
«Аман бол» деп елге амандық тілеген
Оның шын аты, ұмытпасам, Берікбай болуы керек. Бірақ, ауылдастары біз ес білгелі «Қисық» деп атайтын. Қандай іс-әрекетіне қарап, олай атағанына мән бермеген екенбіз. Шындығына келгенде ол кісі біздің ауылдың көп тұрғынының бірі. Жанама есімі – Қисық, әкесінің есімі – Тоқтас. Оның шын аты, ұмытпасам, Берікбай болуы керек. Бірақ, ауылдастары біз ес білгелі «Қисық» деп атайтын. Қандай іс-әрекетіне қарап, олай атағанына мән бермеген екенбіз. Шындығына келгенде ол кісі біздің ауылдың көп тұрғынының бірі. Жанама есімі – Қисық, әкесінің есімі – Тоқтас. Ол жайлы біздің жақта әңгіме көп. Қисық ағай кезінде ел қатарлы шөпке шығып, кеңшарда қара жұмыс істеген. Жейтін нанын адал тапқан. Ешкімнен ұрламаған, ешкімді алдамаған. Онан кейін той-домалақ болатын үйдің керегіне жарап жүгіріп жүретіні бар еді. Ол кезде ауыл тұрғындары тойды есіктің алдына жасаушы еді ғой. Сондай, қауырт шаруа кезінде Қисық ағамыз отын-суға мықты көмек беретін. Ол уақытта әрбір үйдің ауласында үйіліп сексеуіл жататын. Сол қызыл жілік сексеуілдің тең жартысын осы ағамыз тасқа ұрып, жарып тастайтын. Кейіннен Қисық ағамыз тілек айтып, тиын сұрайтын әдет тапты. Мұның сұрауы қазір қалалық автобустарда сарнап Құран сүрелерін шала-пұла, қате оқи жөнелетін сыған, тәжік балаларынан мүлдем бөлек. Оның тілегі адамның жүйе-жүйесіне, көңіліне дөп түседі. Мысалы, «Бір балаң – әкім, бір балаң – бас бухалтер болсын», – дейді. Мынандай тілекке қай қазақ болса да жайылып түседі. «Әкім» дегеніңіз – ауданың басшысы. Қайран, көңілі таза адамдар баласы «әкім» болып бара қалғандай қуанып, Қисықтың қалтасын тиынға толтырып тастайтын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы. Мұны да жаңа заманға сай бизнесі десек те бола ма? Қайтсек те мүсәпір, жарымжан кісінің іс-әрекетін кінәлауға болмас. Сөйтіп жүргенде Қисық атауы былай қалып, жұрт мұны «Ақ тиын берші» атап кетті. Себебі, ол кезде «1,3,5» тиындар сары, ал 20 тиыннан жоғарылар ақ тиын еді. «Көбірек берші» дегенді көркемдеп айтып тұр ғой, көкем. Кейде, сықырлатып қалтасын қарап жатқандарға «Бір сом болса да бере салшы» дейтін. Оны естіген ел бір күліп алушы еді. Онан соң біздің ауылда кімнің баласы әскерде, институтта оқып жүр, кімнің әйелі көтермей жүр, кімнің әйелі нұқыл қыз туып жатыр, кімнің үйінде науқас кісі бар, оның бәрін бұл ағамыз жатқа білетін. Әлгі адамдарды кездестіріп қалғанда соның тілегіне орай тілек айтқанда, анау Қисықты тиынға көміп тастайтын. Ақ тілек – қандай жақсы! Қисық көкем аудан көлеміне «Ақ тиын берші» болып танылды. Кейіннен Тараздың көк базарында, Асада, Сарыкемерде жүретін болды. Қаратау, Жаңатас қалаларына да жол тартатын. Яғни, жол кестесін ұзартып, облыстық ауқымда жүретін деңгейге жетті. Ол кезде Қисық ағайдың аты «Аман бол» атауына ауысты. Бұл кездегі айтар тілегі де ықшамдалып, «Аман бол!» деген бір ғана сөйлемге көшті. Аман бол! Оның бір себебі, ағамыз облыс ауқымын кең танымайды. Кімнің жеке басында қандай қажеттілік барын да білмейді. Сондықтан, жалпы тілек: «Аман болға» көшкен. Шынында, аман жүргеннен артық не бар?! Он екі мүшең сау болып аман жүрсең, Жаратқанның қалауымен барлық жақсылықты көре беретінің анық. Сол Қисық – «Аман бол» ағамыз осыдан 20 жылдай бұрын өмірден озды. Сол кезде оны көп тұрғындар іздеді. Тіпті, «Аман бол, қайда жүр екен?», – деп облыстық басылымдарға да жазды. Сонда елдің іздегеніне толқып, көзіме жас келгені бар. Себебі, Аман болдың ақ тілегіне баршаның құлағы үйреніп қалған еді. Ешкімге зияны жоқ, жарымжан, момын, тек адал тілек арнап өткен адамды ел де есінен шығармайды екен. Марқұм ағамызға Жаратушыдан жақсылық болғай!  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар