Өтірік өрге баспайды
Терроризм актiсi туралы жалған ақпарат беру – бұл, ең алдымен заңбұзушылық болуымен қатар, қоғам тыныштығын бұзу болып табылады. Нәтижесiнде тұрғындарда үрей, қорқыныш туындап, залалсыздандыру, анықтау үшiн тиiстi құтқару қызметтерiнiң қаншама күшi мен уақытына зиян келтiредi. Мұндай хабарлама жасаушылар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатынын түсiне бермейдi. Тараз қалалық сотының судьясы Елнұр Смаиловтың айтуынша, елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
– Естеріңізде болса, WhatsApp мессенджерінде «балаларға мектеп, дүкен, көшелерде белгісіз біреулер есірткі қосылған конфет таратып жатыр, соның әсерінен балалар уланып, ауруханаға түсіп, қайтыс болып жатыр» деген аудиохабарлама тараған. Нақты мәтіні осындай еді: «Әсем, сәлем, қалайсың? Мына конфеттерді балаларыңа көрсет, қазір бүкіл балаға осы конфеттер тегін таратылып жатыр. Танымайтын адамнан, мектеп маңайында, жолда, дүкен жақта ешкімнен алмасын. Оларға есірткі қосылған, балалар уланып, ауруханаға түсіп, қайтыс болып жатқандар бар дейді. Көкшетауда қайтыс болды, Қостанайда да осындай жағдай орын алған. Соның бәрі осы конфеттен, балаларыңа көрсет, көрсін, алмасын». Алайда, бұл – жалған ақпарат. Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратқан азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Ал, Тараз қаласында екі оқушы «10 миллион теңге алмасақ мектепті жарып жібереміз» деп түнгі уақытта облыстық білім басқармасының Telegram-ботына хабарлама қалдырған. Қаладағы №51 мектепте жарылыс болуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін барлық құзырлы орган мектептің жан-жағын жіті тексерген. Ақыры ештеңе табылмаған. Артынша 8-сыныптың екі оқушысы сабақты болдырмау үшін осындай әрекетке барғаны анықталған. Оқушылар жалған хабарлама таратқанын мойындаған. Енді осы үшін олардың ата-анасы жауапқа тартылып, 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, – дейді ол.
Былтыр шілде айында Тараз қалалық полиция басқармасының жедел бақылау орталығына белгісіз тұлға «33 жастағы азаматшаның Меркі шипажайына сөмкесіне жарылғыш заттар салып бара жатқаны» туралы хабарлаған. Оқиға орнына жедел түрде жеткен аудандық полиция қызметкерлерімен аумақты тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат және күдікті азаматша анықталмаған. Меркі аудандық полиция бөлімі және ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерiнiң жедел iздестiру шараларының нәтижесінде террорлық әрекет туралы көрiнеу жалған ақпарат берген 41 жастағы Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған болатын.
Сондай-ақ, өткен жылы облыс аумағында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшiн 2 қылмыстық iс қозғалды. Меркі ауданы аумағындағы гимназия мектебінде жарылғыш зат орналасқаны туралы хабарлаған ер адамға қатысты ҚР ҚК-нiң 273-бабы бойынша сот шешімімен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгiлендi. Ал, екiншi қылмыстық іс шеңберінде 2 кәмелет жасқа толмағанға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Осы ретте облыстық полиция департаментi азаматтарға жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын және анонимді қоңырау шалып жалған хабар берген адамның тез арада анықталатынын ескертедi.
Қорыта айтқанда, жалған ақпарат тарату адамға абырой әпермейтін тірлік. Қазақтың «Өтірік өрге баспайды» деген нақылы еске оралып отыр. Яғни, кім, қандай жағдайда ақпарат таратса да оның түбінде ашылары сөзсіз. Ойымызды түйіндер болсақ, елді дүрліктіріп, жалған ақпарат таратпай бір-бірімізге тілеулес болып жүргенге не жетсін?!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді