Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы

Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы
ашық дереккөз
Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы
Қазіргі қыз бала тәрбиесі ұлттық құндылықтар мен халқымыздың игі дәстүрлері негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі отбасы ұйытқысы, болашақтағы асыл жар, аяулы ана, ел ардағы, ақылман әже. Олай болса, халық танымындағы бойжеткенге қажетті сипат – имандылық, инабаттылық, ізеттілік, әдептілік, ісмерлік, биязылық, мейірімділік. Болашақ ұрпағымызды ақылды, артына бір рулы елін ерткен асыл, қадірлі адам етіп тәрбиелейтін де осы қыздар, болашақ аналар, әйел заты. Қазақ халқының дәстүрі қыз бала тәрбиесінде ереже ұсынбаған, тек бағыт-бағдар беріліп, өнеге көрсетіліп, әдептілік жөн-жосығын нұсқаған. Оның барлық сыры мен сынына әдебі мен мінезіне, тілі мен дініне, әні мен күйіне, мінезі мен құлқына орай өрілген төрт ұғым төңірегінде топтасады. Ол адал мен арам, обал мен сауап. Адам үшін ең қымбат түсінік те, жұмбақ түсінік те жанмен сезіну, ойлану, толғану, әсерлену, әрекеттену. Мұның алғышартын бақылай білу, кісінің ішкі сырын танып, ұғыну арқылы өзін-өзі түсініп, имандылық пен өнегені бойына сіңіріп, шама- шарқына қарай оны жүзеге асыра алу. «Қызға қырық үйден тыю, қала берді есіктегі күңнен тыю» дейді халқымыз. Бұл да қыз балалардың отбасындағы тәрбиесі, өмірге бейімділігі, әдептілігі, сезімтал да саналылығы биік болсын деген ойдан туған. Қырықтың біріншісі – бесігің, үйің, алтын босағаң. Олай болса, қыз баланың тәрбиесі де осылардан басталады. Ол ең алдымен анаға байланысты. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал тегін айтылмаған. Әулеттен әулетке қалған мұра имандылық пен инабаттылық болса, «Жігіттің жақсысын–қыздай, қыздың жақсысын – уыздай» деп айтуда да терең мән жатыр. Жол-жөнекей өнер сайысына сөзбен сынасуларына, әзіл- айтыстарға қымсынбай араласуларына еркіндік берген. Халқымыздың өз ұрпағының ақыл-ой тәрбиесінде ауыз әдебиетіміздің айтыс жанры, оның ішінде жұмбақ айтысы ерекше рөл атқарады. Жұмбақ айтыстарында жігіттерден гөрі қыз баланың жауабы өте ұтымды, ойлау қабілеттерінің ұшқырлықтарын көрсетіп отырған. Қыздың көркіне, ақыл-ойы, мінез-құлқы сай болуын қалаған, оны сүйкімділікке, сыпайылыққа, нәзіктікке, жұмсақтыққа тәрбиелеген. Оларды ауылдың көркіне, елдің анасына балаған, қадір-қасиет тұтқан, ұстамды, тұрақты, ақылды болуын талап еткен. Соған қарамастан, еркелетіп еркіндік берген. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деп, әйелді отбасының қадір- қасиеті тұтқан. Отбасының тірегі де, ұйытқысы да әйел заты деп уағыздаған. Қыз балаға, яғни әйел затына табиғи жылылық, сезімталдық, тұрақтылық, кешірімділік, ұқыптылық, адалдық сияқты қасиеттер тән деп санады. Ананың жылы лебін, ақыл-ойын, аялы алақанын, шаруақорлығын жүрегімен сезіп, көзімен көрген бала әдепті, адамгершілігі мол, дені сау болып өсетінін жақсы білді. «Қыз – жағадағы құндыз, жігіт – аспандағы жұлдыз», «Қыз кетсе – қызық кетер», «Қыз қылығымен сүйкімді», «Ырыс алды – қыз», «Қарағым-шырағым, ауыл көркі – ақ лағым», «Қызы бар үйдің – қызығы бар» деп оларға үлкен сеніммен үміт артады. Болашақ ана ретінде қадірлеп, «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербететін бесігі болсын» деп зор міндет жүктейді. Грек ойшылы Платон «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұятты тәрбиелейміз» деген екен. Сұлулық пен сымбаттылықты, шеберлік пен нәзіктікті қажетсінетін үй ішіндегі еңбекке, көркем сөз, ән-күй, айтыс секілді түрлі өнерге баулуды – бойжеткен тәрбиесінің басты міндеті деп білген. Еңбек – өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі. Еңбексіз өмір жоқ екенін терең түйіп, ой топшылаған халық «Еңбегі қаттының – наны тәтті», «Еңбек – адамның екінші анасы» деген мақал-мәтелдер арқылы жастарды еңбек сүюге тәрбиелеген. Қыз баланың еңбексүйгіш, өнерлі, өнегелі болып өсуіне ерекше мән берген. Қолөнерге икемі жоқ қыздарды «өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішер» деп келеке еткен. Тіпті, шай құю мен төсек жинаудың өзі үлкен сын болған. Осыған байланысты «Қыздың жиған жүгіндей» деген теңеулер текке айтылмаған. Халқымыз еңбек пен өнерді егіз деп қараған. Қазақ шаруасының күнделікті өмір тіршілігі тұтыну қажетімен тығыз байланысты. Халқымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, бар тірлігі сол мал өнімін өңдеуге, ұқсатуға арналған. Жүн иіру, өрмек тоқу, киіз басу, кесте тігу, үй жабу, ою ойып, сыру, түскиіз өрнектеу, тері илеу, бас киім, сырт киім тігу қыздар үшін ерекше өнер болып саналған. Мұнымен қоса, жастайынан түрлі тағамдар әзірлеу, ет мүшелеу, оны сақтау, үй ішін күту сынды сан алуан істерге машықтанған. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген қазақ елінің түрлі аймақтарына жеке ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне қарамастан, қыздарды адамгершілік мінез-құлыққа тәрбиелеудегі халықтық дәстүрі ортақ. Қыз тәрбиесінде халқымыз – күш көрсету, қорқыту тәсілдерінен бойды аулақ ұстап, оларды мәпелеп иландыру, сендіру әдістеріне, үлгі- өнеге көрсетуге ерекше мән берген. Осының бәрі шешенің міндеті болып, жолы жіңішке, жаны нәзік қыз баланың оспадар біреуден тұрпайы сөз естіп, жүрегі жараланып, қорлық-зорлық көрмеуіне аға өзін жауапты сөзінген. Аға мен қарындастың арасында ерекше туысқандық сыйластық болған. Аға қарындасына қатты сөз айтпай, ұрсып-зекімей, әрдайым қабағына қарап, шынайы еркелетіп, ешкімге зәбірлетпей үнемі қорған болып жүрген. Базаршылап қайтса шамасының келгенінше сүйкімді қарындасына базарлық – қыз балаға қажетті киім-кешек, әшекей-бұйым, керек-жарақ әкелуді ұмытпаған. Қарындасына біреу зәбір көрсетсе, тіпті қан төгуге дейін барған. Сондықтан да жұрт ағасынан жасқанып жүретін болған. «Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні, Сонда көңіл толмай ма?» – деп Абай айтқандай немесе халықтық түсінікте қалыптасқан «Тегіне қарап қызын ал, соғуына қарап қару ал», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Шешеге қарап қыз өсер» демекші, болашақ жарының тәрбиелі, көргенді болуы қазақ дәстүрінде басты талап болған. «Енді бүгінгі қыздарымыз қандай?» деген сұраққа келгенде татымды жауап таба алмай, күмілжіп қаламыз. Өйткені, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде, соның ішінде қыз баланың тәрбиесінде біраз мәселелердің күн тәртібіне күрделеніп шыққан жайы бар. Бүгінгі бойжеткендеріміздің бойынан нәзік жаратылыс, аяулы мінез-құлық, айнадай тазалық пен айнымас адалдық сияқты қазақ қыздарына ғана тән асыл қасиеттерді табу оңай емес. Олар қазір байсалды болудың орнына тарпаң, ибалы, ізетті болудың орнына қытымыр, нысапты болудың орнына ашкөз болып бара жатқандай. Неге олай? Біздіңше, оның себебінің тамыры тереңде жатыр. Біріншіден, қоғам, әсіресе, кешегі Кеңестер кезінде әйелдердің мойнына үлкен жүк артты. Сондықтан олар бала тәрбиесіне, оның ішінде әсіресе, қыз балаға деген ерекше тәрбиеге ықтиятты көңіл бөле алмады. Олардың санасына сәби кезінен бастап, жоғарыда айтқанымыздай қасиеттерді сіңіре алған жоқ. Мәселен, Жапония дүниежүзінде ұлттық салт-дәстүрін ең берік сақтаған ел. Ол елдің өз ұлтының ежелгі табиғатын қаймағын бұзбай тұтастай сақтауының басты себебі, онда бала ес біле бастаған шағынан оған үлкенді сыйлауды, ізетті, ибалы болуды үйретіп, өз ұлтына тән басқа да қасиеттерді санасына сіңіре береді. Яғни, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ұлттық тәлім- тәрбиенің адам бойында қалыптасуына игі ықпал етеді. Ал, біз өз ұлтымыздың қанымен келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет- ғұрыптарына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне немқұрайлы, тіпті менсінбей қарадық. Керісінше, өзге ұлттардың мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне қызығушылық, көрсеқызарлық пайда болды. Соларға еліктедік, солардан үйренуге тырыстық, басқалардікі өзіміздікінен артық көрінді. Бүгінде біздің сахнамызды, радиотолқындарымызды батыстың жауыздыққа, әдепсіздікке, ойсыздыққа тәрбиелейтін қоқыр-соқыр дүниелері жаулап алды. Оның жастар санасына жағымсыз жақтары, ар-ұяттан бездіретін келеңсіз көріністері көп екенін біле тұра, оған мән беріп, көңіл бөлмей келеміз. Ал, бізге керегі әлемдік мәдениеттің озық үлгілері. Оларды игеру үшін алдымен қыздарымыздың әлемдік мәдениеттің адами ізгі қасиеттерін игеруге, озық үлгілерін үйренуге және оның тұнығынан сусындай білуге баулуымыз керек. Сонда ғана ертеңгі күні ана болып, бала тәрбиелейтін олар ұлтымыздың кешегі өткен ата-бабаларымыздан келе жатқан болмысына лайықты ұрпақ өсіре алады. Тегінде, қыздар ер балаларға қарағанда сезімтал, демек, еліктегіш келеді. Ал, қазіргі кезде олар еліктейтін дүниелер тым көп. Әсіресе, Батыстан жеткен жабайы «қызықтар мен тамашалар» қаланы да, даланы да жайлап барады. Сол қызықтардың ортасында, соларға ынты-шынтысымен еліктеп, біздің мәпелеп өсіріп отырған ұлдарымыз бен қыздарымыз жүр. Бүгінгі қазақ қыздары батыс салттарына көп еліктейді. Соның салдарынан қазір ешкімнен именбей-ақ темекі тартатын, көшеде жүріп келе жатып сыраны сыңғыта беретін өрімдей жас қыздар көбейіп келеді. Бүгінгі таңда қызғалдақтай мәпелеп өсіріп отырған қызыңызды «Сенің ертеңгі негізгі орның – отбасының айналасы, ошақтың қасы» деп қана үгіттеуге, әрине, болмайды. Бірақ, көрінгенге көп еліктеп, тым еркін жүріп, бейпіл сөйлеуден түбінде опық жеуі мүмкін екенін ұрпағымызға ұғындыра берсек құба-құп болар еді. Біз жас ұрпақ әсіресе, қыз балалар тәрбиесінің өткенмен үндестігін, сабақтастығын одан әрі тереңдете түсуіміз керек. Қазақ қызының бойына ұлттық ерекшеліктерді орнықтыру, жүректерінде ұлттық намыс отын маздату ел болудың басты талаптарының бірі. Қыздарымыз елін, жерін сүйетін, ұлтымыздың болашағын ойлайтын азамат болып өссін десек, бәрінен бұрын ата-бабаларымыздың уақыт тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі тәлім-тәрбиесін жаңа заманмен ұштастыра, қайта жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана шын мәнісінде өмірдің қызғалдағындай қыз өсіре аламыз. Елімізде әйелдерге арнап өлең- жыр жазбаған, әйелдің бейнесін сұлулап бейнелемеген сөз шеберлері кемде-кем болар. Адамзат өмірінде еркектер бұтақ болса, әйелдер оның гүлі, жапырағы іспетті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы жапырағы жоқ, гүлсіз ағашты «қубас» деп атаған екен. Ендеше, ер азамат ағашқа, әйел ана жапырақ пен гүлге тең болса, біз яғни, балалары соның бұтақтарымыз. Бауыржан атамыз тағы бір сөзінде «Әйелсіз адам баласы күн көре алмайды, әйел – ана, әйел – бақыт, әйел – аққу» деген екен. Жоғарыда айтып өткендей, тек Бауыржан Момышұлы ғана емес, жалпы әйелдер жайлы жазылған жырлар, аңыз әңгімелер, әсерлі романдар жетерлік. Бәрі де өз арманындағы әйел жайлы сыр шертеді. Мәселен, ақын Мұхтар Шахановтың: Әйел – еркек намысының қорғаны, Нағыз сұлу әйел табу – Бүкіл еркек арманы, – деген өлең жолдары осының дәлелі десек те болады. Негізі әңгіменің осы бір мағынасы әріден бастау алғанын ата-бабаларымыздың «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген нақыл сөзінен-ақ байқауымызға болады. Алайда, осы тұста қыздарымыздың құлағына «алтын сырға». «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деген де бар емес пе?! Жай ғана мысал келтіре кетейік. Мәселен, соңғы жылдары абысын- ажынды болып бірге, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан отбасы жоқтың қасы. Әрине, ол біздің білуімізше, балалық шағы мен бойдақ кезінде бірге тұрып келген ер жігіттердің кінәсі емес, олардың таңдаған өмірлік серігі, яғни, әйелдерінің себебі болуы керек. Көп жерде қыздарымыз «абысын тату болса, ас көп деген» нақыл сөзге аса мән бере бермейтін сияқты. Бауыржан Момышұлы өзінің тағы бір сөзінде «әйелдің бойында үш асыл қасиет болса, ол ақылды әйел» деген екен. Оның бірі – балаға дұрыс тәрбие беру болса, екіншісі – келген қонақты дастарқан жая, ақ көңілмен қарсы алу, үшіншісі – күйеуін сыйлай білу. «Әйел үйдің шамшырағы, бағы, сәулесі, еркектің берік қамалы» деп те тегін айтылмаса керек-ті. Қазақ халқының басынан қандай қиындық өтсе де әйелдер өз отауын тастап кетпеген. Керек болса, бұрымын дулығаның астына орап, ерлерімен бірдей жауға қарсы тұра білген. Аңыздарға сүйенетін болсақ, Домалақ анамызды абысындарының азғыруымен Бәйдібек бабамыз жұртқа тастап кеткенде де, ол кісі еріне деген сыйластық сезімін жоғалтпай малын өсіріп, балаларына дұрыс тәрбие беріп, әкесіне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыра түскен. Ал, Отан соғысына кеткен күйеулерін пір тұтып, өмір бойы күтіп, шаңырағының отын сөндірмей отырған апаларамыздың үлгісін неге алмасқа? Одан әріге барсақ, 1937 жылғы халық жауларының әйелдері түрмелерде жүріп, талай қулық, сұмдық, сұрқиялық, сатқындық пен арамдықты көрсе де, өз ерлерінің туын биікке көтере білуі өткір өнеге емес пе?! Әйел қауымы қайғы болса, шын жүректен қайғыра алады, қуаныш болса бар ықыласымен қуанады. Әйел – адам көңілінің айнасындай ғой. Ендеше, әйелді Бауыржан Момышұлының «Әйел деген гүл сияқты нәзік болады. Оны аялап, әлпештеу керек. Әйелді еркелет, ол сенің жұбайың. Әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу әр жаман еркектің қолынан келеді. Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді» деген қасиетті сөздеріне үлкен мән беріп, әйел затының сезімін бағалай білу – үлкен парыз.  

Лескүл ИБРАИМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Ұқсас жаңалықтар