Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Цифрлық қызмет көрсету заңы күшіне енді

Еуроодақта цифрлық қызмет көрсету туралы заң күшіне енді. Ол интернет-платформалар мен әлеуметтік желілерді өз қолданушыларын заңсыз контент, тауар мен қызметтен қорғауға міндеттейді. Әсіре с е, одақ аумағында 45 миллионнан ас а пайдаланушысы бар Фейсбук, Амазон, Гугл секілді компаниялардың жауапкершілігі артады. Талаптар орындалмаса, олар жылдық айналымының 6 пайызына пара-пар айыппұл төлейді. Ереже қайта бұзылса, Еуроодақ аумағында қызмет көрсетуіне тыйым салынуы мүмкін. Ірі интернет-платформалар тікелей Еуропалық комиссияның бақылауында болады. Қолданушылар өз шағымдарын бірден осы органға жолдай алады.

Ұлыбритания құрамынан шыға ма?

Екі жылға жуық уақыттан кейін Ұлыбритания құрамына кіретін Солтүстік Ирландияның жаңа үкіметі жасақталып, мемлекет саяси дағдарыстан шықты. Бірақ, тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған сияқты. Ел іргесі 1921 жылы қаланғалы бері тұңғыш рет билікке «Шинн Фейн» ұлтшылдар партиясының өкілі келді. Ал, оның басты мақсаты – Солтүстік Ирландияны Ұлыбритания құрамынан шығарып, Ирландиямен біріктіру. Партияның көшбасшысы Мишель О’Нил референдум өткізіп, дегеніне жеткісі келеді. Аралда орналасқан мемлекет 1921 жылға дейін Ұлыбританияға тәуелді болды. Англия-Ирландия соғысынан кейін ғана арал халқы егемендік алып, мемлекет екіге бөлінді. Нәтижесінде Ирландия және Солтүстік Ирландия елдері пайда болып, соңғысы корольдіктің құрамында қалды. Бірақ, халқы әлі де екіге жарылған. Бірі Ұлыбританиямен бірге болуды жақтайтын юнионист-протестанттар болса, екіншісі Ирландияға қосылғысы келетін католик-ұлтшылдар. Тұңғыш рет бірінші министр қызметіне түпкі мақсаты Ирландияны біртұтас мемлекетке айналдырғысы келетін партияның өкілі келді. Партия жетекшісі Мишель О’Нил алдағы он жылда Ирландия республикасына қосылу туралы референдум өткізу идеясын ұсынып жүр.

Әлемде инфляция деңгейіне болжам қандай?

Германия Жапонияны басып озып, әлемнің үшінші экономикасына айналды. Былтыр немістердің жалпы ішкі өнімі 4,5 триллион долларға жеткен. Енді бұл көрсеткіш бойынша ол АҚШ және Қытаймен бірге алғашқы үштікке еніп отыр. Жапонияда былтыр ұлттық валюта күрт құлдырады. Ол аздай биыл ішкі сұраныс төмендеуде. Оған жыл басында болған жер сілкінісі қосылды. Мұның бәрі алғашқы тоқсанда экономиканың дамуын баяулатқан. Бұдан бөлек демографиялық дағдарыс та әсер етуде. Жапонияда қарт кісі көп. Тиісінше жұмыс күшінің тапшылығы туындаған. Ағылшын экономикасы тұралап тұр, Ұлыбританияда да жағдай мәз емес. Өткен жылдың төртінші тоқсанында жалпы ішкі өнім қысқарды. Бұл екі тоқсан қатарынан қайталанғандықтан, ел экономикасы техникалық рецессияға ұшырады. Халықаралық валюта қорының өкілдері биыл жаһандық инфляция төмендейтінін болжайды. Былтыр көрсеткіш 6,8 пайыз болса, биыл меже 5,8 пайызға дейін кемуі тиіс. Бірақ мамандар ахуалдың оңалуына кері әсер ететін қауіп-қатердің барын жасырмайды.

Трамп жеңіске жеткен жағдайда...

Дональд Трамп биылғы сайлауда жеңіске жетсе, тарихта болмаған ірі депортация операциясын бастауға уәде берді. АҚШ-тың бұрынғы президенті екінші мерзімге агрессивті және өршіл саяси бағдарлама ұсынып отыр. Иммиграция мәселесі 2024 жылғы Ақ үй үшін күресте басты мәселеге айналады, ол республикашыл кандидаттың әр сайлауалды сөзінде көтеріліп келеді. Жеңіске жеткен жағдайда Трамп Байден әкімшілігінің барлық ашық шекара саясатын дереу жойып, Америка тарихындағы ең ірі депортация операциясын бастауға ниетті. 2016 жылы ол бірнеше рет АҚШ-Мексика шекарасында 1000 мильдік қабырға салуға уәде еткен еді. Нәтижесінде 453 миль шекара қоршауы жүзеге асырылды. Бұл жолы Трамп бастаған ісін аяқтауға уәде берді. АҚШ-тағы сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген. Дональд Трамп Невада, Айова, Нью-Гэмпшир және Виргин аралдарында өткен ішкі партиялық сайлауда сенімді түрде жеңіске жетті.

Мысыр халықаралық сотқа нота жолдамақ

Египет Израильдің Палестинадағы әрекеттеріне байланысты халықаралық сотқа нота жолдамақ, деп хабарлайды Al Qahera News. «Египет Израильдің оккупацияланған аумақтардағы әрекеттеріне байланысты халықаралық сотқа нота береді», – деп жазды басылым. Мысыр өз ісін 21 ақпанда ұсынады. Бұған дейін Мысыр билігі Израиль Газадағы Рафах қаласына шабуыл жасаса, 1978 жылғы Кэмп-Дэвид келісімі, Израиль- Египет бітімгершілік келісімі тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан болатын.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар