Отты жылдар елесі

Отты жылдар елесі
ашық дереккөз
Отты жылдар елесі
Он жылға созылған Ауғанстан жеріндегі қақтығыс «Жарияланбаған соғыс» ретінде айтылып, зерттеліп те келеді. Қалай дегенде де осы соғыстың зардабын тартқан, қасіретін көрген отбасылар аз емес. Сондықтан, ол жылдарды тарихтан сызып тастау мүмкін бе? Ауған батырларының бүгінгі жас ұрпаққа берер патриоттық тәрбиесі де көп. Маңдайына Ауған жерінің топырағын көру жазылған сарбаздың бірі – Доғдырхан Бөрібаев. Кешегі Ауған жауынгері тұратын ауылдың жастары мен жасөспірімдері оқ пен оттың арасынан келген ағаларынан қатерлі жылдардың естелігін тыңдаудан жалықпайды. Ол естеліктер бүгінгі жастардың бойына патриоттық сезім мен асқақ рухты сыйлау үшін керек. Ауылдың үлкендері де: «Ауғанстанға барып келген батыр», – деп құрметтейді. Ал, Доғдырханның өзі: «Біз сарбаз едік. Жұмсаған жағына бардық. Оны өз басым ерлік істерім деп санамаймын», – дейді қарапайымдылығынан танбай. Доғдырхан 1981 жылы әскерге шақырылып, Ашхабад қаласында 6 айлық әскери дайындықтан өткен. Онан соң, Ауғанстан жеріндегі Мазаршариф қаласының маңындағы Ташқорған ауылында орналасқан 122-полкте «БМП-1» соғыс техникасының жүргізушісі болды. Өзінің қаруластарымен бірге Доғдырхан Сәбенұлы да 1983 жылдың көктеміне дейін жат жерде оқ пен оттың ортасында жүрді. Сәт сайын қатерлі сәтті басынан кешіріп жатты. Бір жолы тау ішінде өзіне бекітілген техникамен келе жатып, қарсы тараптың шабуылына тап болады. Міне, Ауған ардагеріне осы сұрапыл сәтті еске алудың өзі ауыр. Дәл осы шайқас кезінде Доғдырханның техникасында, мұнымен қатар отырған рота командирі Николай Хвостенко және майдандас достары Сергей Лукашов, Александр Пикул, Валерий Фогель, Владимир Сузов оқиға орнында қаза болыпты. Алдында ғана сөйлесіп, әзілдесіп отырған арманшыл достары әп сәтте осылай ажал құшқаны қандай қиын десеңізші! Сол қақтығыс кезінде Доғдырхан ауыр жараланып, есін әскери госпитальда жинайды. Біраз уақыт емделгенімен, құлағы ауыр еститін халге түсті. Медицина мамандары денесіндегі оқ жарықшақтарын толық ала алмапты. Ол Ауғанстан жеріндегі әскери ұрыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ауған соғысының ардагері» медальдармен марапатталды. Доғдырхан екі жылдық әскери борышын өтеген соң, туған жері Талас ауданы, Кеңес ауылына оралып, ата-анасын, аулыдастарын қуантты. Ұзамай трактор рөлінде отырып, озат механизатор атанды. Әкесі Сәбен, анасы Кенжеш ауылға ардақты, ел сыйлаған кісі еді. Еңбекке бел шеше кіріскен Доғдырханға Жанат атты жақсы жар кезікті. Қазір перзенттері Мұраттан екі немере сүйіп отыр. Доғдырхан Бөрібаев бұл күнде Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылының тұрғыны. Округ әкімі Ердос Бейсенов өзі басқаратын ауылдағы Ауған ардагерлеріне үнемі сәлем беріп, құрметін көрсетіп отырады. Ақбұлымдағы Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары да Ауған батырларымен кездесіп, әңгімелерін тыңдауға құштар. Аталған білім ошағының басшысы Гүлнәр Сыздықованың айтуынша, мектеп-гимназияда 900 бала оқиды. Олар жақында ғана Ақбұлымда тұратын Ауған ардагерлері Доғдырхан Сәбенұлы, Навруз Беридзе, Олег Попивнухинмен әсерге толы кездесу өткізіпті. – Ол жылдарды еске алудың өзі ауыр. Талай бірге жүрген қарулас достарымнан айырылдым. Талас ауданынан Айтбек Аязбаев, Дүйсен Қарашолақов тағы да біраз жігіттермен Ауған жеріне бірге аттанып едік. Бірақ, бізді әскери дайындық сәтінен кейін бөліп жіберді. Ротада Жамбыл облысынан өзім ғана болдым. Ресей, Украинадан келген жауынгерлермен бір жүріп, бауырдай болып кеттік. Тек мерзімім біткен сәтте Сарысу ауданы, Саудакент ауылынан Ғани Саржанов деген жігітпен бірге қайттым. Әлі күнге дейін ол жігітпен байланысып тұрамын. Қазіргі жастар ондай қиындықты көрмесін. Жастардың болашағы жарқын болсын, – дейді Доғдырхан Бөрібаев.  

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар