Ардагерлермен алқалы жүздесу

Ардагерлермен алқалы жүздесу
ашық дереккөз
Ардагерлермен алқалы жүздесу
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай, өңірде түрлі мәдени-көпшілік, еске алу шараларының легі басталып кетті. Жеңіс саябағында орналасқан «Даңқ» залында қала жастары Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, Отан қорғаған отты жылдар жайында тағылымды әңгіме тыңдап қайтты. Он жылға ұласқан бұл соғысқа қазақ жерінен 22 мың адам қатысқан. Соның 2230-ы жамбылдықтар. Ал, 1000-ға жуық отандасымыз жау жерінде оққа ұшты. 1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстандағы Достық көпірі арқылы Кеңес Одағының соңғы колоннасы жүріп өтті. Содан бері бұл дата Ауған соғысы ардагерлері үшін қанды жылдарды еске алу күніне айналды. Кездесуді «Даңқ» залының «Қазіргі заман тарихы» бөлімінің меңгерушісі Құрманғазы Демешев тізгіндеп, бұл тарихи һәм азалы жылдардың ұлт өткеніндегі маңызын баяндады. Одан әрі сөз кезегі облыстық-интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаровқа ұсынылды. – Иә, Ауған соғысы жеңіспен аяқталды. Алайда, сол жеңістің астарында жасырынған қаншама қасірет бар. Талай адамның жалғызы кетіп оралмай қалды. Мыңдаған жас өмірін Отан жолында опат қылды. Мұның бәрі де біздің осы бейбіт күнге жетуіміз үшін жасаған бабаларымыздың ерлігі деп түсінуге болады. Бірге барған досымыздан айырылдық. Туыс-туған бауырларымыздан айырылдық. Оның бәрі біздің жүрегімізде. Біз көрген күнді сіздерге бермей-ақ қойсын. Бүгінгі жастар соғыстың қасіретін көрмей-ақ Отанның қадіріне жетсе екен деген ниеттеміз. Бүгінде, Ауған соғысының ең жас ардагерінің жасы 55-те. Олардың дені соғыста жараланып, контузия алғанын ескерсек, бұл жаста соның салдары байқала бастайтыны анық. Бұған қарамастан біздер жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеумен белсенді айналысуымыз керек. Жас жеткіншектерге әскерде борышын өтеу үшін психологиялық дайындық керек. Осы мәселеде жастарға қолдау көрсеткеніміз абзал, – деп түйіндеді ардагер. Сондай-ақ, кездесуге құрметпен шақырылған генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов, Бауыржан Райымбеков, Жеңіс Сертеков, Мақсатбек Әбдібековтер сөз алып, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Ал, кездесуге келген Тараз инновациялық колледжінің және университетінің білімгерлері, 01/731 әскери округінің түлектері сұм соғыстың куәгерлерінен тағылымды ой тыңдап, сұрақ-жауап алмасты.  

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар