Төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді

Төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді
ашық дереккөз
Төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданындағы су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Аймақ басшысы әуелі құтқару жасақтарының әлеуетімен танысып, жауаптыларға оқу- жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу мен жергілікті тұрғындарды хабарландыру жүйелерінің дайындығын пысықтауды тапсырды.

– Кешеден бері облыс аумағында тактикалық арнайы оқу-жаттығу шаралары өткізілуде. Жалпы, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы қашанда қауырт. Кез келген уақытта күтпеген жерден оқыс оқиға болып, тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төнуі мүмкін. Қауіптің барлық түрімен күресудің жолдары да сан түрлі. Төнген қауіптің бетін қайтару үшін тиісті мамандардың барлық жағынан дайындығы, батылдығы, біліктілігі мен білімі жоғары болуы керек. Небір қиын жағдайда жол тауып, қауіпке тойтарыс беру үшін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары үнемі жүргізілуі тиіс. Өйткені, маман өзін жетілдіріп отырмаса, соңғы заманауи техниканы қолдана алмаса, нәтиже болмайтыны анық. Осы себепті, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі әрекеттерді пысықтау үшін тактикалық жаттығу ұйымдастырылуда, – деген облыс әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуға жауапты мамандардың еңбегіне табыс тіледі.

Іс-шара барысында мамандар авариялық құтқару қызметтерінің күш-құралдарының қазіргі жағдайы, олардың техникалық қабілеті туралы баяндап, халықты эвакуациялау мен ұсақ малдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын іс жүзінде саралады.

Бұдан бөлек, су т асқыны тәуекелінің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді.

Талас өзенінің бойында қоныстанған елді мекендерді су басып қалу қаупіне тойтарыс беру, алдын алу мақсатында төтенше жағдай және азаматтық қорғау қызметтерінің жедел әрекеттері көрсетілді.

Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары іздеу итінің көмегімен апатты жағдайда жоғалғандарды тауып, эвакуациялау жұмыстарын зерделеді. Ал, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтері су басқан аумақтарды тасқын зардабынан тазалап, аудандық электр желілері, газ шаруашылығы қызметінің бригадасы төтенше жағдай салдарынан зақымдалған трансформаторлар мен ШРП-ны қайта қалпына келтіру әрекеттерін көрсетті.

Іс-шара барысында арнайы техникалар автомобиль жолының және үйінді бөгеттің жарылған учаскесінде құм төсеу, бөгетті бекіту жұмыстарын жүзеге асырды.

Бұл жұмыстарға Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімі мен аудандық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің қосымша күштері тартылды.

Жалпы, төтенше жағдайларды жоюға бағытталған дайындық шарасына 101 маман мен 25 бірлік техника жұмылдырылды.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар