Ақ тас пен көк тас

Ақ тас пен көк тас
ашық дереккөз
Ақ тас пен көк тас
– Қараң қалғырлар-ау, басымызға ақ тас пен көк тас қоятын ба едіңдер?! Жатыр ғой әкелерің, басында тас түгіл, белгі де жоқ! – деп, шешем байғұс күйіне сөйледі. Бұл сөздер менің кішкентай жүрегімді солқ еткізді. Шешемнің мұңайғанын, ашуланғанын, уайымға салынғанын қаламайтынмын. Барынша ренжітпеуге, көңілінен шығуға тырысатынмын. Әлгі айтқан «ақ тас пен көк тас» деген сөздер санамды дүр сілкіндірді. «Е, қайтыс болған адамның басына ақ тас пен көк тас қойылуы тиіс екен ғой. Яғни, артында қалған балалары солай істеулері керек» деген оймен іштей алысып кеттім. Ол кезде мен он екіге толып қойған едім. Күз... күз артынан қылышын сүйретіп қыс та өткен. Құлпырып, жайнап көктем де келіп үлгерген. Ақ тас пен көк тасты естігелі менде дегбір жоқ. Қайтсем де қоюым керек! «Бірақ, қалай? Кімге айтам? Әкемнің басына кіммен барам?» Осы сұрақтар мені әбден қинап қойды. Көршінің қызы бар еді, есімі – Халима. Ұлты – қарашай. Бірақ тілі, салты, дәстүрлері бәрі қазақша болатын. Менімен жасты. Мен мектепке алты жастан барғаннан, мен одан бір сынып жоғары оқитынмын. Бірге ойнап, бірге үй жинап, бірге есіктің алдын сыпырып, гүлдерге су құйып, қысқасы, барлық қолымыздан келетін тірліктерімізбен жарысатынбыз. Өте тату едік. Өзі менен гөрі пысықтау, еті тірі қыз болатын. Ойымды осы қызға жеткіздім. Ол бірден келісе кетті. – Папаңның қайда жатқанын білесің бе? – Ия, білем. Сүйекшілер әкемді жерлеп келгенде айтқандарынан естіп, біліп алғам. Күн батыс жақ бетінде, Есеналиев Есенгелді (осы атты білмегенде, әкемнің бейітін таппас ем) деген ағайынды кісінің қасына жерленіпті, – дедім. – Болды онда, ертең қойдың алдынан ертерек шығып, апарып қоялық, – деді. Қуанғаннан ба, уайымдағаннан ба, жоқ әлде үлкен бір істің шешімін тауып мақтанғаннан ба, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Қораз шақырып таңның атқанынан хабар берді. Халима екеуміз құдды барлауға баратын партизандар сияқты, бұқпантайлап жасырынып, ымдасып сөйлесіп қоямыз. Ал енді, кеш батсайшы. Уақыт тоқтап қалғандай. Ух, қой келетін уақыт та болды. Тура бейіт қасында айырма жол бар. Қойлар ауылға сол жолмен келеді, өріске де сол жолмен шығады. Асфальт төселген жол болғандықтан, жол шетінде тастардың неше түрі шашылып жатады. Ақ тас пен көк тасты табу қиын болмады. Ішіндегі ең әдемілерін сұрыптап таңдадық. Сөйтіп, қолыма сыятындай бір әдемі әппақ тас пен бір әдемі көк тасты екі қолыма тастай қып ұстап, Халима екеуміз бейіт ішіне кірдік. Әлгі естіген кісінің моласын іздеп жүрміз. Күн жарық болғандықтан ба, онша қорыққанымыз жоқ. Төмпешіктерді басып кетпеуге тырысудамыз. Жобалап, іздеген кісіміздің бейітін тауып алдық, қоршауында жазылған аты-жөнінен. Кеудемдегі жүрегім жиілеп соғып кеткендей болды, қасымдағы бейітке қарап. «Осы, ия, осы! Әкемнің жатқан жері осы...» – деп, іштей құсаландым. Кішкентай қолдарыммен шөптерін жұлып, бір уыс топырағын уыстап алып, «топырағыңыз торқа болсын» деп, қайта төктім. Құбыланың қайда екенін әкем өзі үйреткен. Сол құбыла жағына қолымдағы тастарымды қойдым. Бетімді ыстық жас жуды. Жасымды төмпешікке тамызбауға тырысып, шаң-топырақ саусақтарыммен аққан тамшыларды сыйпап серпіп жіберемін. Жасым тоқтар емес. Үнсіз егіліп отырмын. Халима жәйлап қолымнан тартып, кеттік дегендей ишара жасады. Ол да үнсіз. Өлілер мекенінен тірілер мекеніне қарай қол ұстасып шығып келеміз. Ауылдың шаңын бұрқыратып, маңырап қойлар да келді өрістен. Бойым жеңілдеп қалғандай. Халима екеуміз бұл жайлы ешкімге айтпаймыз деп келістік. Ауылдың тірлігі күннің батқанына қарамастан қыз-қыз қайнап жатыр. Қой-ешкілерімізді бөліп алып, үйге айдап келдік. Бұл уақытта екі кішкентай қыздың осынау батыл әрекеттеріне күн де риза болғандай, ерекше қызарып ұясына батып бара жатты. Арада екі-үш айдай уақыт зулап өте шықты. Бірде, дастарқан басында шешем тағы да «Өлгенде басымызға ақ тас пен көк тас қоятын ба едіңдер? Әкелеріңнің басында тас емес белгі де қойған жоқсыңдар әлі» – деп, айтып келе жатыр еді, мен «ештеңе жоқ, қойып қойдық», – деп, қойып кеп қалдым. Қалай аузымнан шыққанын өзім де байқамай қалдым. Бәрі маған жалт қарады. Аң-таң. Шешем мырс етіп күліп жіберді. Оның күлгеніне бәрі көңілденгендей, жүздері нұрлана берді. Сұрай бастады, мен бәрін айтып бердім. «Қиял» – деп, бәрі ризашылықпен бе, мазақтап па маған қарап күле берді. Мен мақтанғандай танауым желбірей дем алып, сораптап шәйімді ұрттап қоям. Нақты есімде жоқ, бірақ жаз болатын. Әкеміздің басына қорғанын, белгісін қоятын болдық. Жиналып басына барып Құран оқыдық. Мен ақ тас пен көк тас апарып қойған әкемнің бейіті екен. Ішкі сезімім, жүрегім алдамаған екен. Тағы да арада жиырма төрт жыл зуылдап өте шықты. Аяулы анашым да мәңгілік мекеніне аттанды. Балаларыммен, бауырларыммен басына Құран оқуға бардық. Жолдан тағы да ақ тас пен көк тас алып алдым, әдемілерін. «Әкеңе қоясың, маған неге қоймайсың» деп шешем ренжіп қалмасын деп, шешемнің де басына, құбыла тұсына өз қолыммен тастарымды қойып кеттім. Ақ тас пен көк тас мен ойлағандай жәй тастар еместігін ес кіргенде білдім ғой. Тастар теріп, бейіт ішін аралап... Санамды көп мүжуші еді сан сұрақ... Әкетайым, бұл перзенттік парызым, Екендігін ұққан едім сол сәтте-ақ. Сол бір тастар мәрмәрдән да қымбат боп, Көрінеді, салмағы жоқ болса да. Таста емес, жүректе еді бар салмақ. Сондықтан да жолығайық жәннәтта, – дегім келеді. Жатқан жерлеріңіз жайлы болсын, қос жәнаттым!  

Айжамал ДӘУЛЕТҚҰЛОВА.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар