Әулиеатаның ақбоз ат мінген төрағасы

Әулиеатаның ақбоз ат мінген төрағасы
ашық дереккөз
Әулиеатаның ақбоз ат мінген төрағасы
Әлімсақтан Әулиеата өңірі ел аузынан түспеген, қарапайым жұрттың жүрегінен орын алған марқасқа азаматтарға кенде болған емес. Елі үшін аянбай еңбек еткен, биліктің түрлі бұралаң жолында да шоқтай жанып, түнгі таудан көрінген оттай болып өткен арыстардың қай-қайсысы болмасын белгілі бір деңгейде жадыда сақталған. «Белгілі бір деңгейде…» – іздеушісі мен жоқшысына байланысты өмірлік өлшем. Бұл бір сарғайған архив құжатындай ғана естелік ретінде айтылатын дүние емес. Ақылды ұрпақтар алда әлі талай заманның арайлы таңын көретін болар, сондай шақтарда жады тарихының қоғамдық ой-сананы сергітіп, өмір сабақтарын терең түсінуге жетелейтін қасиеті мен артықшылығын жан-жақты түсінгені абзал. Өйтпесең, өткінші өткелектер кейде ұмыттырып жіберсе, қайтер едің? Қалың қазақ қоғамының, оның ішінде Әулиеата – Жамбыл өңірінің өткен тарихының бір белесінде және елдік үзілмес жылнамасында Әлімхан Комратовтың болмысы тұп-тұнық қалпында танылған десек, еш артықтығы жоқ. Атағы алысқа жеткен жанның айбарлы мемлекет және қоғам қайраткері болып жазылуы да, жаңғыруы да барлық жағынан орынды, солай болуы тиіс деп білеміз. Әулиелі Тараз шаhарында «Әлімхан Комратов көшесі» бойымен жүріп өткенде осы бір адамның аты-жөніне мән беріп, есімі ардақталған бұл кісі кім болды екен, деген сауалды ересек адамдардан гөрі көбінесе бозбала-жастардың іштей өздеріне жиі қоятыны да заңдылық. Үңіле ізденсе, керектісін интернеттен табуы да мүмкін. …Көктем еді. Талас өзені жағалауындағы Тараздың сұлу табиғаты тамылжыған кейіпке еніп, ақ қайың, тал-терек, үйеңкі, қараағаштары жапырақ жайған. Бұтақтары иіліп, жамырай жайқалады. Енді-енді бүршік жарған жеміс ағаштарының хош иісі мен мың бояулы гүлдердің ғажайыптары тіптен таң-тамаша таңғалдырады. Жанға жайлы жеңіл автокөлік қаланың орта жағына ойысып, қаптаған ескі үйлердің орнынан жаңа жекежайлар мен екі-үш қабатты мейрамханалар бой көтерген кеңірек көшеге бұрылған сәтте қарт жолаушы «Мына көше қай көше болды?» деп сұрай қалды. – Комратов! – дедік. – Бұрынғы Трудовая ма еді? Ех, жігіттің сұлтаны Комратов қой. Қарақтарым, сендер осы Әлімхан Комратов ағаларыңды білесіңдер ме? – деген 80 жастағы қария көлікте алдыңғы орындықтан артына бұрылып бізге тесіле қарады. – Естуіміз бар, бірақ бүтіндей білмейміз, жәке! – дедім мен күмілжіп. – Е, ол мына Әулиеатаның атақты төрағасы, мықтының мықтысы болған азамат еді ғой. – Сәл ғана селт еткізетіндей үні сағыныштан созылыңқырап естілді. – Ешкім ескеріп жатқан жоқ демеймін, оның өмірлік өнегесі ондайға зәру де емес. Десе де, қиын кедірлі-бұдырлы заманда ел басқарған абзал да батыр ағаларыңды ұмытпаңдар, әрдайым ардақтап жүріңдер! Бізде ұмытшақтық қоюланып барады ғой, – деп осыдан тура он үш жыл бұрын Төлеубек Жамбылов айтқан әңгіме есіме түсіп отыр. Сол жолы өңірге танымал ардагер ағамыз кешегі дәуірде соғыс пен еңбек майданы үстінде қызмет еткен Әлімхан Комратов жайында ең алғашқы мағлұматтарды аз-маз айтқан еді. Естен апыл-ғұпыл шыға қоймайтын сыр-сұхбаттың желісінде түрлі оқиғалар айтылған, солардың ішінде сонау 1935 жылдың өзінде-ақ қызыл әскер қатарында болған жауынгер, алғашқы қазақ командирлерінің бірі делініп, ал енді екінші дүниежүзілік қан майданда «Ат құлағында ойнаған қазақ сарбазы эскадрон және рота командирі болған», «Екі әскери училищені бітіріп, Мәскеуде және әскери академияда оқыған», «Жамбыл қалалық атқару комитетін басқарған жылдары шаhaрдың нағыз қожайыны болды» деп келетін ой тіркестері қалып қойды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген емес пе, біз әр сөзін әбден пісіріп айтатын Төлеубек ақсақалдың «горисполком» ағасы туралы бар білгенін естіген сайын қағазға түсіргенбіз. Әдеттігідей әр жыл бойы жүргізетін күнделік беттеріне де жазып алыппыз. Алайда бір керегі бар дейтін деректерді «сөйлетуге» және толыққанды зерттеп, құжаттарын жинақтауға уақыттың ыңғайы келмеді ме әлде ой қорытуға тағы да қажетті нәрселерді нәрлендіріп іздеуді дұрыс көрдік пе, бірте-бірте қалып қойды. «Адам – ұрпағымен бақытты» деген рас, асыл жары Роза Комратова екеуі өмірде үш ұлын бірдей ел үмітін ақтар жолда тәрбиелегенін өздері айтпаса да халқы айтты. Айталық, тәуелсіз қазақ елінің арғы-бергі әскерилерінің тарихында тұңғыш контр-адмирал, Қазақстанның әскери-теңіз флотының тұңғыш қолбасшысы Ратмир Әлімханұлы Комратовтың бір өзі неге тұрады?! Әңгіме желісін үзбей, одан әрі жалғастырайын. Иә… Жақында сол 2010 жылы түзілген, әрдайым қымбат саналатын күнделіктер жазбасына көзіміз түскен. Бір жазбамызда «Әлімхан Комратов негізі мойынға алған жауапкершіліктен бас тартпайтын әскери адам» деп жазыппыз. Он екі жыл әскери қызметте болған адам басқалай қалай болушы еді?! Тағы бір жерінде «Зейінді кісі, Әулиеата тарихына қатысты көп жайтты зерделей білетін, ұзақ жыл облыстың мәдени саласын басқарған қайраткер, марқұм Әлібек Әмзеұлы «Ең кереметі – Комратов көкеміз қаланың ішін ақбоз атқа мініп аралайды екен. Артынан ақ қайыңның жас өскіндерін артқан ат арба ілесіп отырып, өз қолымен сол ағаштарды көше бойына егетін көрінеді», – деп тамсана айтқан естелігі де бар. «Атқа мініп» дегені қалай?» деп, түрлі болжам айтып жүрсек…Сөйтсек, Әлімхан аға 1940-1942 жылдары маршал Тимошенко атындағы 24 дивизияның 14 полкінде және Закавказье майданының 23 дивизиясы, 15 кавалерия корпусында эскадрон, дивизион командирі болып қызмет атқарған екен. Ата-бабасы арғымаққа ер салып, найзасын қолына алып, жебелі оқты садағын мойнына асып жауға шапқан батырлар тұқымынан емес пе? Бұған ой тарқатар тың деректі келтіре кетейік. Ұлы Отан соғысы жылдарында Бірінші атты гвардиялық корпуста бірден-бір командир-қолбасшы болған бұл қазақтың тұғыры биік екенін дәлелдеп жатудың қажеті бар ма, енді?! Атты армия Жамбыл, Ақмола және Ақтөбеде жасақталғаны да мәлім. Ал сол тұста қалалық жастар ұйымына жетекшілік еткен азамат, өмірінде тек тіке сөйлеп, турашылдықтан таймай өткен Рақымберді Келесов ағаның «Арпалысты сүйіп өткен ақберен еді. Айтса, оны орындайды, имену, шегіну деген оған жат болатын» деген ойын шамырқанып, шегелеп айтқанынан сәл шегініс жасайық. Арпалыс дей ме, әлем төңкеріліп түссе тобықтан су келмейтін еріншек, жарамсақ жандардан тым алыс жүргенінің өзі мінезден және кісілікке де, өзіне өзі де қаталдықпен қарағаны болар. Космосқа тұңғыш жер спутнигі ұшқан 1957 жылы ол қалалық атқару комитеті төрағасы лауазымына тағайындалған. Биік мансап буына мас болып, бас айналатын қазіргідей асып, тасу сезімінен гөрі әлі де көркейіп, кең қанат жаймаған қаланың ажары мен көркін келтіру негізгі уайымы болғаны анық. Тап қазіргі Атшабар алаңы және пролетариат көсемі В.Ленинге ескерткіштің орнатылуы, осы маңда ленинградтық үлгіде обком мен қалалық партия ұйымы ғимараттарының салынуы бедерлі уақыттың және А.Асқаров пен Ә.Комратовтардың тағдырына жазылған оқиғалы кезең еді. Ұлы Дала елінде Әулиеатаның дара даңқы орта ғасырлық ойшыл-ғұламаларымен бір айшықты белес болса, әр дәуірдің сұлтаны мен саңлақтары, елжанды ерлері де әсте-әсте әйгіленіп тұрады. Тарихи дерекке көз жіберсек, уақыт пен өмір талқысында іріктелген ірілері мен таңдаулысы жете танылады. Түркі дүниесінің теңдессіз тұлғасы Тұрар Рысқұловтан мемлекеттік басқару билігінің көрнекті өкілі Асанбай Асқаровқа дейінгі аралықта бұл байырғы өңірден түлеп ұшқан көзі ашық, білімді, табанды, өжет мінезді басқарушылардың саны соншалықты көп болмағанымен, заманына қарай сирек таланттар ұлттың қаймағы әрі мемлекеттің арқатұтар ардағына айналғаны анық. Кешегі дәуірдің елуінші-алпысыншы жылдары ат үстінен түспеген және саяси-мемлекетшіл тұлға деңгейінде танылған Әлімхан Комратов та жамбылдықтардың маңдайына біткен бірегейі болғаны талас тудырмайды. «Жамбыл обкомында Асанбай Асқаров, Жамбыл қаласында Әлімхан Комратов болғанда қандай еді?!» деп келетін сөз тікелей қаладағы ең көрікті, оның төлқұжатына айналған еңселі ғимараттардың салынуымен және облыс орталығының мәдени, оқу-ағарту, медицина, құрылыс, сауда-саттық, жол-көлік, әлеуметтік-тұрмыстық салалардың жаңа қарқынмен дамуына байланысты болғаны даусыз. Күні кеше Ұлы Отан соғысында от пен судан аман-есен оралған екі сардардың командирлік және мемлекетшіл мінез-құлқында көп ұқсастықтар бар болатын. «Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады» деуші еді ғой. Бұл кісілер заманында ел жақтаған, тірек тұтқан, төңірегі ашық биіктер еді. Ең бастысы, екеуі де қатарластарынан оқ бойы озық тұратын білімді, елді бірлікке ұйыстыра алатын беделі зор, алғыр әрі қатаң тәртіптің адамдары болды. Оған дәлел-айғақтар жетіп артылады. Әсіресе, Әлімхан ағаның қатал мінезі мен адамдармен қарым-қатынасындағы еш өзгермейтін сыйластық және шынайы талапшылдығы, кейінгі толқынның айтуынша, босбелбеу еркіндікке жібермейтін сесті, қаhарлы көзқарасы тұтасып, тұлғаланып тұратын болған. Ел ішінде сыйлы, қадірменді қайраткер болған Ә.Комратовтың өмірбаяндық деректері мен естелік жазбаларынан осы ерекшеліктерді толық аңғаруға болады. Облыстық мемлекеттік архивте сақталған құнды материалдар мен шежірелі фотосуреттер ұмытылмас белестерден талай сыр шертеді. Өз қолымен мұқият жазып қалдырған деректер және ресми құжаттар көшірмесінен алынған мәліметтерге сәйкес, Әлімхан Комратов 1914 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Кеңес өкіметі орнағанға дейін бір әулеттің қамын жасап келген мығым кісі болған екен. Ертеден қазіргі Тараз қаласының іргесіндегі ауылда тұрып, түрлі қара жұмыстар істеген. Ал, 1917 жылғы төңкерістен кейін атыс-шабыстан әбден қираған қала шаруашылықтарында еңбек етіп, 1934 жылы қайтыс болады. Анасы 1922-1937 жылдары Әулиеата қалалық атқару комитетінің ғимаратында қарапайым жұмысшы болған. 1947 жылы өмірден озған. Дүрбелеңі мен зобалаңы қым-қуыт заманда аштан қырылмай, аман қалудың өзі мұң болған. Қаршадай бала жеті жасында еңбекке араласқан, ал 1922-1925 жылдары 4-ауылда (қазіргі Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылы) бақташы болып мал бағады. 1925-1928 жылдары К.Маркс атындағы Аса мектеп-интернатында білім алып, одан әрі атақты Түрксіб темір жолының құрылысына қатысып, Жамбыл, Шу стансаларында, Шоқпар разъезінде кондуктор, жер қопарушы секілді жұмыстарды атқарады. Әр салада білікті маманның қажеттігі күйіп тұрған шақта оны Семей кооперативтік техникумына тауартанушы мамандығы бойынша оқуға жолдамамен жібереді. Жігерлі жас жігіттің алғыр мінезі мен қайсарлығы, ынтасы мен сауаттылығы сеп болды ма екен, негізі мемлекеттік саясаттың пәрменімен 1933-1934 жылдары Тәжікстан Республикасының Шахристан ауданында ішкі істер бөлімі төлқұжат столының басшысы болып қызмет етеді. Өмір соқпақтары тумысынан жігерлі, батыл қазақ жігітінің бұдан кейінгі он екі жыл уақыты ел қорғау, әскери қызметпен жалғасып жатты. Яғни, 1935 жылы әскер қатарына шақырылып, келесі жылы Ташкент қаласындағы В.Ленин атындағы Орта Азиялық әскери училищеге жіберіледі. Одан әрі араға екі жыл салып бірінші атты армия атындағы Тамбов әскери училищесінде оқиды. Әскери лейтенант атағын алған соң ерекше мәндегі Белоруссия әскери округіне 96 кавалерия полкінің қылыштасушылар взводының командирі болып тағайындалады. Дәл сол уақыт өлшемімен алып қарайтын болсақ, бұл азаматтың кәсіби әскери адам болу жолы мен өсу баспалдақтары екінің бірінің тағдырына жазылмаған жағдай. Әуелі 1939 жылы 17 қыркүйек пен 2 қараша аралығында Кеңес әскерлері құрамында туысқан Белоруссия, Украина және Балтық жағалауы республикаларын азат ету бойынша соғысқа қатысады. Одан кейін 1939 желтоқсан айынан 1940 жылдың мамыр айы аралығында Фин майданында болады. Үшіншісі, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, Ұлы Жеңіс күнін Германия мен Чехословакия жерінде аяқтайды. Айта кету керек, командир Ә.Комратов 1942 жылы М.Фрунзе атындағы әскери академияны қысқа, тездетілген мерзімде оқып, бітіріп шығады да, бірінші атты гвардиялық корпусқа жіберіледі. Украин майданында полк штабы бастығы қызметін атқарады. Соғыста атты әскерімен жауға қарсы атой салған, қайқы қылыштарын жарқ-жұрқ еткізіп, анталаған фашистерге қарай құйғытып барып, кескілескен, гүрс-гүрс жарылған снарядтардың астында, қанды шайқаста жеңіске жеткен ерліктерінен қаншама сапырылысқан құдіретті, Отан қорғау үшін көрсеткен жанқиярлық өжеттіліктерді сезіну мен түйсінудің өзі тым терең және күрделі. Атты әскердің командирі Әлімхан Комратовтай жауынгерлер мен командирлердің қаhaрмандығы «Жауынгерлік Қызыл ту», «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы» ордендерімен, «Праганы азат еткені үшін» және басқа да ондаған медальмен, бірнеше рет Жоғары әскери қолбасшылардың Алғыс хатымен аталып өткен. Әдетте, майдангердің ұрыс алаңында, қанды майданда қанша жаудың көзін жойып, дұшпандарды жер жастандырғаны, алғы шепте қандай ерлік жасағаны айтылып, жазылады. Дәл осы ыңғайда Ә. Комратовтың бір ғана Чехословакияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуде Кеңес жауынгерлерінің, тікелей өзінің қатысуымен өткен ұрыстағы ерліктері туралы мәшіңкеге басылған едәуір көлемдегі естелік жазбасымен танысудың сәті түсті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлмейді» дегендей, басын бәйгеге тігіп, жаңбырша бораған оқтың астында жүріп, жау тылында партизандармен бірігіп басқыншылардың тас-талқанын шығарған сәттері мен қарулас достарының ержүректілігі мен өжет қаhармандығын ұзақ баяндайды. Тіпті, соғыс аяқталғаннан кейін рота командирі, гвардия капитаны Ә.Комратовқа әскери қолбасшыдан мыңдаған жауынгер мен сарбаздар мінген және ауыр зеңбіректерді сүйретуге пайдаланған 5000 жылқыны Венгрия мен Румыния елдерінің аумағы арқылы айдап, Белоруссия мен Украинаға жеткізіп, ұжымшар мен кеңшар шаруашылықтарына таратып беруі міндеттелініп, бұйрық беріледі. Кеңестер одағы үшін де, одақтас ресрубликалар үшін де төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы оңай соққан жоқ. Соғыстан оралмағандар мен опат болған бейбіт тұрғындар саны 25 миллион еді. Сұрапыл соғыстан қайтқан солдаттардың арасында бірақ, Әлімханның туған інісі Мырзамахан жоқ еді. 1942 жылы Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасында қызмет еткен бауыры (1915 жылы туған) соғысқа өзі сұранып барады. Взвод командирі болады. Өкінішке қарай, ол Курск иініндегі қанды шайқаста ерлікпен қаза табады. Ол 1947 жылы ғана Кеңес армиясы қатарынан елге біржолата оралады. Өзі жазған штрих…соғыс кезіндегі газет қиындылары, әскери қолбасшылардан алған Алғыс хаттары, ал мынау майдангер ақын Сырбай Мәуленовтың өлеңі: Шаршаған жол батып, Волховтың батпағында. Жатыр бие толғатып Зеңбіректің арғы жағында. … Шашыраған көк жалынын бүркіп темір, Орманның іші үрейлі. Ал оттың ортасында, Шіркін өмір құлын боп кісінейді. Байқап қарасаңыз, атты әскер командирі болған майдангер өміріне бұл өлең жолдары, бұлқынған сезім, таныс бейне, сол суреттер тым жақын, етене еді. Атақты ақын үшін ажалды сезіну, өлімнің ешқандай белгісі жоқ деуге келе ме?! Үш соғысқа қатысушы Әлімхан майдангер үшін де бұл сұмдықтар күн сайын кездесетін, оны өмір мен өлім арасында үрей, қорқынышты білмей өтті деуге де келмес. Сарғайған облыс газеттерінің беттерінде оның соғыс ардагері ретінде өзінің жорық жолдарын еске түсіріп, жиі сұхбат бергені де көзге түспейді. Тек бір газет қиындысында «Біз оларды ұмытпауымыз керек» деген тақырыппен жарияланған мақалада Жамбыл облысынан соғысқа аттанған 90 мыңға жуық боздақтың 35 мыңнан астамының опат болғанын, елін қорғауда ерлікпен қаза тапқандардың ешбірін ұмытпай, тағзым етудің рухты мағынасын түйіп айтқан жолдарын оқыдық. Туған еліне, қасиетті Жамбыл жеріне ұзақ жорықтар жолынан аман-есен оралған даңқты майдангер, көрнекті командир, гвардия капитаны әскери киімін шешпестен бейбіт заманның тірлігіне белсене араласып, жұрттың көз алдында болды. Бұл алапат соғыс халыққа көп қайғы әкелді. Жалаң аяқ, жалаң бас бала қалған, жетім-жесір жылаған, миллиондаған адамдардың жақынынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан, мұң шалған жан жарасын жазып, түзеу оңай іс болған жоқ. Қандай қиын болса да ол кезде қатал сын, әділ таразы бар еді. Құлақ естімеген асыра мақтау, артық бағалау, біржақтылық, қоғам мүлкіне қол сұғу ұят болатын. Қиын-қыстау кезеңде ол Жамбыл қалалық атқару комитетінде бөлім басшысы, төрағаның бірінші орынбасары,1954-1957 жылдары жүн өңдеу комбинаты, аяқ киім тігу фабрикасының және қалада тұрғын үй құрылыстарын жүгізуге тікелей жауапты басшы болды. Бұл ғимараттар мен қаланың қазіргі қақ ортасындағы көшелер бойында қаз-қатар салынған сапалы үш қабатты тұрғын үйлерде де Ә.Комратовтың қолтаңбасы бар. Тарланбоз азаматтың 1957 жылдан бастап жеті жыл Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметінде абыройлы, ерекше беделді, жұрт сеніме айрықша ие болғанын жоғарыда атап өткен болатынбыз. Арада содан бері қаншама уақыт артта қалды, әлі күнге дейін Комратовтың кезінде жүзеге асқан бастамалар мен тірліктерді бүгінгі ұрпақ ел аузынан естіп, архивтік құжаттардан да оқиды. Соның бірі – жыр жампозы Жамбыл ескерткіші қалай салынды? 1960 жылы 4 ақпан күні Жамбыл қалалық партия комитеті мен қалалық атқару комитетінің басшылары сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа ресми хат жазып, көптеген еңбекшілер тарапынан Қазақ КСР-нің 40 жылдығы мен халық ақыны Жамбыл Жабаевтың қайтыс болуына 15 жыл толуына байланысты оған көшелері жайқалып, мәдениеті өркендеп, аумағы кеңейіп келе жатқан Жамбыл (Әулиеата) қаласында ескерткіш орнату туралы ұсыныс-тілектер келіп түскенін мәлімдеп, қарастыруды сұрайды. Ұлттық руханиятқа жаны жақын А.Асқаров бұл мәселені жүзеге асыруды тікелей Ә.Комратовқа бағыттап, бұрыштамаға қол қояды. Көне қалада Жамбыл алаңы мен Жамбыл ескерткішінің ( Ленинградтағы мәдени монументтер зауытында қоладан құйылған) қалай пайда болуының осындай аздаған тарихы бар. Біз тырнақша алып жазып отырған «Әулиеата» жазуы сол ресми хатта да таңбаланғанын айта кеткеніміз жөн. Бұдан соң 1964 жылы ірілендірілген Оңтүстік Қазақстан өңірінің аппаратында бөлім басшысы, одан кейін он жыл Жамбыл облыстық сауда басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарды. Ал, 1975-1984 жылдары тәжірибесі мол, әбден ысылған, қабілет-қарымы айрықша танылған азамат облыстық «Казтекстильторг» көтерме базасының директоры болды. Бейбіт заманда ел басқару ісінде қалтқысыз қызмет еткен азаматтың ерен еңбегі «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, үш мәрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының Құрмет грамотасымен аталып өткен. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланып, қай ортада, қай салада болсын ұжымдық құрметке ие, әрдайым жерлестерінің ерекше сенімін ақтаған тұлға, республикалық дәрежедегі зейнеткер жақсы ғұмыр кешті. – Әкеміздің жұмыс күні таңғы алтыда басталып, түн жарымына дейін созылатын, – дейді даңқты перзенті, қазақтан шыққан тұңғыш контр-адмирал, ірі әскери қолбасшы Ратмир Комратов өз естелігінде. Ол кісі өзіне-өзі соншалықты қатал қарады, ұлдары Руслан, Ратмир және Рагдайдан да соны талап етті. Қашанда болсын, елім деген ерлердің жанқиярлық еңбегі мен толайым қызметін лайықты бағалау тірілер мен жалпы қоғам үшін жауапты іс болып қала береді. Қасиетті ел-жұрт үшін де бұл керекті қағида. Біз осы дәстүрді жоғалтып алмай, мазмұны мен мән-мағынасын жоғары қоюмыз керек-ақ. Тірлігінде қоғам үшін қыруар іс тындырған қайраткердің қадірін адалынан біліп, аялағаннан артық не бар?! Көне Тараздағы Ә.Комратов көшесімен жүргеніңде құрметті жолаушы, қала тұрғыны, жақсылардың жолы мен өнегесіне көңіл аударуыңа осындай себептер бар. Өзінің халқын керемет жақсы көрген, таза өмір сүріп, артына тек аталы сөз бен берекелі іс қалдырған бір адам бар деп ойларсың, ол – «Әулиеатаның төрағасы» атағымен есте қалған Әлімхан Комратов еді!  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар