- Advertisement -

Технологиялық серпіліс

30

- Advertisement -

Бүгінде көптеген қызметтердің цифрландырылуы оң нәтиже көрсетіп, бұл салада айтарлықтай жұмыс жүргізіліп отыр. Бүған Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы ұйытқы болғаны анық. Ұлттық жобаларды іске асыру және барлық көрсеткіштерге қол жеткізу шеңберінде облысымыздың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына 12 көрсеткіш енген. Осы жоба бойынша еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көрсеткіштерінің өңірлер бөлінісіне сәйкес, 2022 жылы облыста 38 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал, 2023 жылы цифрландыру саласында 50 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, жыл аяғында Ұлттық жоба аясында электрондық еңбек биржасы арқылы елуден аса адам жұмысқа орналастырылған.

Осы жемісті іс жалғасын тауып, облысымызда бүгінде «ZhambylHub» IT орталығы жұмыс істеуде. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен және «Astana Hub» Халықаралық технопаркімен бірлесіп, IT-хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойған еді. Соның нәтижесінде өткен жылдың ақпан айында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты аумағында «ZhambylHub» құрылған.

Облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың айтуынша, облыстың даму жоспарының «Цифрлық стандартқа сәйкес келетін әкімдіктердің үлесі индикаторының «IT хаб құру» іс-шарасы бекітілген.

– «ZhambylHub» өңірлік IT-хабының басты міндеті – өңірдегі перспективалы стартап жобаларды қолдау. «Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында «инкубация» және «акселерация» бағдарламалары арқылы жобаларды бизнес-инкубациялау, сондай-ақ оларды «Astana Hub» аумағында одан әрі сүйемелдеу мүмкіндігі пайда болды. «Инкубация» – бұл кәсіпкерлікті қолдау нысаны, оның классикалық мағынасында алғашқы кезеңдердің жобалары да дамуға қажетті ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, «акселерация» – қысқа мерзімде, 3-6 айда жобаның қарқынды дамуын көздейтін стартаптарды қолдау моделі. Кейде қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бастапқы кезеңдердегі инвесторларды тартады. «Astana Hub» тәлімгерлерінің қатысуымен тұрақты білім алушылар тренингтері, сондай-ақ Тараз қаласында IT іс-шаралары, яғни «Meet up», «Speaker talks», «Pitch Day», «Speed day» үздіксіз өткізіліп жатыр.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты және облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы «ZhambylHub» өңірлік IT-хабының базасында Жамбыл облысының IT қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыруда. IT қауымдастықтың басты мақсаты – өңірді цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатқа белсенді қатысу арқылы цифрлық технологияларды дамытумен қатар жүретін өңірде тұрақты IT қауымдастығын құру. Сонымен қатар, 2022 жылдың қазан айында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты және «QazInnovations» акционерлік қоғамы арасында меморандум жасалып, институт базасында облыс тұрғындары үшін цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуге болатын ІТ академиясы құрылған. Былтыр 24-25 ақпан аралығында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы және «AVR Group» компаниясымен бірлесіп мектеп оқушылары, колледждер және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» іс-шарасын өткізді. Бұл – стейкхолдерлердің өңірдің дарынды ІТ мамандарымен бірлесіп, экономиканың нақты секторлары үшін IT шешімдерін іздеу мақсатына арналған платформа. ITII HACKATHON-ға IT саласындағы мәселелерді шешуге дайын 80 команда, 350 оқушы мен студент тіркелді. Сонымен қатар, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы «ZhambylHub» өңірлік IT-мен бірлесе Speed Dating форматында жас стартаперлердің кездесуін өткізді. «Онда жастардың идеялары мен жобаларын ұсынуға мүмкіндік беретін әмбебап алаң құру, жас стартаперлердің кәсіби және тұлғалық дамуына көмектесу, технологиялық міндеттерді шешудегі стартаптардың шығармашылық әлеуетін ынталандыру көзделді», – деген Руслан Мәскеуұлы осы кездесуде мектеп оқушылары өте пайдалы жобаларын таныстырғанын айтты.

Мәселен, Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Аян Тұрсынбай көрсеткен «ASK ACADEMY» жүйесі оқушылардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған ақпараттық платформа, онлайн курстар сериясын біріктіреді. Жоба Ғани Мұратбаев атындағы гимназияда пилоттық режимде енгізілген. Сол секілді дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабек пен 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбай инфаркт пен инсульт белгілерін уақытында анықтауға көмектесетін «Second Heart» сағатын ойлап тауып, ерекшеліктерін атап көрсетті.

Өткен жылы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы, «ZhambylHub» және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының өкілдерімен бірлесіп, Тараз қаласында «Google developer» фестивалін өткізген болатын. Оған Үндістаннан келген Google сарапшылары мен жаттықтырушылары Vrijraj Singh және Kartik Derasari келіп, Тараз қаласының тумасы Азизхан Алмахан онлайн форматта қатысқан. Оған өз қызметін IT бағытына бағдарлаған 500-ге жуық маман келген еді.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновацилық институты облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен және облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен үшжақты ынтымақтастық меморандум жасап, цифрландыру жұмыстары бойынша жоспарын белгілеген. Меморандум шеңберінде қатынастарды одан ары дамыту мақсатында институт базасында өңірлік ІТ-хаб құру мүмкіндігі қарастырылып, жүзеге асырылды. «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы білікті кадрлардың саны» көрсеткішінің «Жамбыл облысында 2023 жылы 1 бағдарламалау мектебін ашу» іс-шарасы бекітілген. Міне, осы мақсатта аталған оқу орнында білім беру жүйесінде ІТ кластер құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Айта кетейік, 2022 жылдың 2 қарашасында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында IT академиясы ашылды. Академияның мақсаты – ХХІ ғасырдың дағдылары мен құзыреттіліктерін қалыптастыру, яғни білім алушылардың ақпаратпен жұмыс істей білу дағдыларын, технологиялық дағдыларды арттыру. IT академиясында білім алушылардың жасы 10-нан басталады, тіпті 50-ден асқандарға да есік ашық. Өткен жылы 50 адам білім алған, оларға Cisco (7 сертификат) және Huawei (8 сертификат) компанияларының сертификаттары тапсырылды. Ондағы оқытылатын курстар тізімінде информатика пәнінен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, робототехника, графикалық дизайн, «Күміс IT» цифрлық сауаттылықты арттыру курсы, компьютерлік модельдеу (3D printing, UV printing, лазерлік құрылғыда жұмыс істеу) бар. «Әлеуметтік медиадағы виртуалды коммуникациялар», «Бейнероликтерді монтаждау», «SMM skills» және тағы да басқа шеберлік сағаттары өткізіледі.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты HUAWEI ақпараттық және желілік технологиялар академиясының және CISCO желілік академия серіктесі атанды. Әлемнің үздік компаниялары саналатын HUAWEI және CISCO академиялары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытындағы жоғары сапалы мамандарды дайындаудың заманауи платформасы. Бұл білім беру материалдық-техникалық ресурсы бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға, әлемдік деңгейдегі білім сапасын жоғарылатуға мүмкіндік берді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support