«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Байденнің «бас ауруына» айналды

АҚШ Мексикамен арадағы шекарада бұрын- соңды болмаған миграциялық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәлімдеуінше, қазір Америкаға пана іздеп барған босқындар саны 3 миллионға жеткен. Елдің ірі шаһарларында көше кезген босқындарды көптеп кездестіруге болады. Үйсіз-күйсіз әр бұрышты паналаған мигранттар қала ресурстарына салмақ салып, Байденнің «бас ауруына» айналған. Дерекке сүйенсек, ол билікке келгелі бері елдегі кеден және шекара қызметі оңтүстік шекарадан 6 миллионнан астам заңсыз өту дерегін анықтаған. Ал, былтыр 800 мың босқын паналауға өтініш берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 63 пайызға артық. Елдегі 25 штаттың республикашыл губернаторлары Байден әкімшілігін заңсыз көші-қонмен күресуге дайын емес деп айыптады.

Газадағы ахуал талқыланды

Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс қолдан жасалып отыр. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Брюссельде сыртқы істер министрлерінің басқосуында осылай деп мәлімдеді. Оның бұлай айтуына бірқатар елдің БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігін қаржыландыруды тоқтатуы түрткі болды. Мәселе агенттіктің кей қызметкерлері ХАМАС-қа көмектесті деген айыптаулардан кейін туындаған. БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі Газадағы жұмысын жалғастыру керек. Еуроодақ елдерінің көбі осылай деп отыр. Қазір оны ауыстыра алатын ұйым жоқ. Аймақта ахуал қатты шиеленісіп кеткен. Себебі, Израиль тарапы оңтүстік аумақты бомбалауға кірісті. Ал ол жақта бұған дейін әскери қимылдардан қашып, бас сауғалаған жүздеген мың тұрғын бар. Газадағы ауруханалардағы жағдай да күрделі. Өйткені қақтығыстан көптеген дәрігер өмірлеріне алаңдап, қашуға мәжбүр. Оның үстіне Израиль әскерінің қоршауынан өңірге гуманитарлық жүктер кіргізілмей, дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жетіспей жатыр.

Заңсыз миграциямен күрес күшейді

Германия билігі елге заңсыз келіп жатқан мигранттар санын шектеу үшін кешенді шаралар қабылдай бастады. Атап айтсақ, Польша, Швейцария және Чехиямен шекараға кедендік бақылау енгізді. Бұдан бөлек, енді пана сұрап келген мигранттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек азайтылмақ. Мәселен, бүгінде Германияда 3 миллионнан астам босқын өмір сүріп жатыр. Еуропаның бірде-бір елінде мұнша мигрант жоқ. Осыған қарамастан бұл мемлекетке ағылған босқынар нөпірі толастамай отыр.

Сайлаудың екінші кезеңі басталды

Финляндияда президент сайлауының екінші кезеңі басталды. Алдын ала дауыс беру 6 ақпанға дейін жүреді. Одан кейін негізгі сайлау 11 ақпанда өтуге тиіс. Азаматтар басты екі үміткер – билік басындағы «Ұлттық коалиция» партиясынан Александр Стуббты немесе «Жасыл одақ» өкілі Пекка Хавистоның біреуін таңдауы керек. Сарапшылар Стуббтың шоқтығы биік дейді. Бірінші кезеңде ол басым дауысқа ие болған еді, бірақ екі үміткер де додада жеңіп шығу үшін қажет 50 пайыз дауысты жинай алмады.

122 мемлекетте жемқорлық белең алған

Әлемнің 180 елі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшейтін арнайы индекс бар. Бұл – Халықаралық Transparency International ұйымы. Ұйымның бағалауынша, әлемнің 122 мемлекетінде жемқорлық белең алған екен. Тек 58 мемлекет қана коррупциямен күресіп келеді. Жемқорлықты жеңген ел жоқ. Дегенмен параны азайтып, істі заң аясында шешуге дағдыланғандар бар. Жемқорлықсыз қоғам Сингапурде 1965 жылдары сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, ол адамдардың өмір сүру салтына сіңген еді. Ал, қазір бұл ел парасыз қоғам қалыптастырған ел ретінде әлемде үздіктер қатарында. Жемқорлықтан жиренген 58 мемлекеттің алғашқы ондығын Дания бастап тұр. Сондай-ақ, тізімде Финляндия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Сингапур, Швеция, Швейцария, Нидерланд, Германия, Ирландия бар. Бұл шек 58-ші орындағы Маврикиймен аяқталады. Әрі қарай Венесуэладан бастап жемқорлық көп тараған елдер басталады.

50 миллиард еуро бөледі

Еуропа лық одақ Украинаны қолдауға 50 миллиард еуро бөледі. Брюссельде өткен арнайы саммитте одаққа мүше 27 мемлекеттің көшбасшылары осыған уағдаласты. Алдағы үш жылға арналған қаржының 17 миллиард еуросы тікелей көмек ретінде, ал 33 миллиард еуро несие ретінде берілмек. Қаражаттың басым бөлігі мемлекеттік бюджетке бөлініп, бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалмақ. Сондай-ақ, Еуропалық одақ «Ukraine Facility» бағдарламасы аясында ел экономикасын көтеруге және Украинаның Еуроодаққа мүше болуына қажетті реформаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Осы уақытқа дейін Еуропалық одақ Украинаға 28 миллиард еуроның әскери техникасын берген болатын.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар