«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвестиция тартуға толық мүмкіндік бар

Инвестиция тартуға толық мүмкіндік бар
ашық дереккөз
Инвестиция тартуға толық мүмкіндік бар
Өңірге инвестиция тарту ісі қашанда өзектілігін жоғалтқан емес. Ел экономикасының дамуында айшықты рөл атқаратын шетелдік инвесторлар тарапынан қаржыландырылатын жобалар бүгінде тек бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолға алу мақсатында ғана емес, өңірдегі экологиялық мәселелерді де шешуге бағытталып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен қатты қалдықтарды пайдалану мәселесі бойынша кеңесте айтылды. ҚР экологиялық кодексінде экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде көрсетілген. Осы мақсатта қатты қалдықтарды пайдалану жөнінде баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев өңірде қалыптасқан жағдай туралы мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше, өткен жылдың қорытындысымен облыс аумағында 56,5 мың тонна қалдық жинақталып, оның 10,7 мың тоннасы сұрыпталып, кәдеге жаратылған. Сонымен қатар, жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында атқарушы орган тарапынан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізілген. Алайда, екінші тараптың тарифті көтеру, инфрақұрылымды дамыту, полигондарды жеке меншікке беру сынды талаптары тұрмыстық қалдықтардың салыстырмалы түрде аз болуынан қанағаттандырылмаған. – Тарифтің төмендігі және тұрмыстық қалдықтардың аз көлемі біздің өңірге инвесторлар тартпайды. Мәселен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен 2025 жылдың соңына дейін 6 қалада, соның ішінде Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу арқылы энергетикалық кәдеге жарату мақсатында зауыт салу жоспарланған болатын. Осыған байланысты «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Тараз қаласында жиналған қоқыстарға геологиялық зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, қалдықтардың аз болуына, инфрақұрылымның дамымауына байланысты зауыт құрылысы өзге қалаларда жүзеге асатын болып жоспарланған, – деді басқарма басшысы Олжас Баққараев. Сондай-ақ, жиында өңірдің бизнестік климатын қалыптастырып, жеңілдетілген несие беру, кәсіпкерлік нысандарын адами ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында инвестиция тарту мәселесі қозғалды. Бұл жөнінде облыс әкімінің кеңесшісі Дәулетқожа Мамыров баяндама жасап, кәсіпкерлік басқармасына «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру туралы ұсыныс беруін сұрады. Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы аудан басшыларынан инвесторлар тарту ісі бойынша жұмыстардың жүзеге асырылуын қадағалап, осы бағыттағы жұмыстарды жеделдету керектігін тапсырды. – Жамбыл өңірінің инвестиция тартуға толыққанды мүмкіндігі бар. Біз тек осы мақсатта жүйелі жұмыстарды қолға алып, игіліктерді ұтымды пайдалана білуіміз қажет. Мен Қытайға сапарымда шетелдік инвесторлардың өңірімізге қаржы салуға мүдделі екендігін байқадым. Осы мақсатта, қажет болған жағдайда, аудан басшылары да шетелге шығып инвестиция тарту ісін қолға алсын. Ал, басқарма басшылары бюджеттік өтінімдерді қарау барысында нақты ұсыныстарды дайындауы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылатын жобалар бойынша нақты көрсеткіштерге жұмыс атқарып, облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуын қалыптастыру жөнінде жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар