Кәсіподақ қызметінің тиімділігі артады

Кәсіподақ қызметінің тиімділігі артады
ашық дереккөз
Кәсіподақ қызметінің тиімділігі артады
Жақында облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы облыстық ұйымының ІІІ Пленумы өтті. Күн тәртібіне «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты Тұжырымдаманы іске асыру мақсаты қойылған алқалы жиынға Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері, сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Әулиеата өңіріне сапарлап келген кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының өкілдері қатысты. Жиында негізгі баяндаманы ұйым төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков жасады. Кәсіподақтың қолжетімді сапалы білім мен оқыту жағдайын жақсартуды қамтамасыз етудегі маңызды қадамдарын атап өткен Ерұлан Сәбенұлы ұйым жұмысының басты алғышарты болып табылатын білім саласының ресурстық қамтылуын ұтымды ұйымдастырып, педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін, сала өкілдері мен білім алушыларының әлеуметтік кепілдік деңгейін көтеру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Төрағаның айтуынша, бүгінде жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 813 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, жұмыс жүргізуде. Облыста білім және ғылым саласында 1 аймақтық келісім, 772 білім мекемесін қамтыған 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 13 еңбек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданыста. 2022 жылы облыс бойынша әлеуметтік әріптестік актілері, яғни келісім мен ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған қаражат 999,1 миллион теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,9 миллиард теңгені құрап отыр. 2023 жылы облыстық мәндегі әлеуметтік әріптестік комиссиясының 6 отырысы өтіп, онда 10 сұрақ талқыланған болса, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісу комиссиясының 2 отырысы өтіп, онда 36 арыз-өтініш қаралды. Құқықтық қызмет бойынша 2023 жыл ішінде тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 4640 сала өкілі болып, 11 510 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен 521 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 1454 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 980 арыз-өтініш түсіп, 1006 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 10365-ті құраған. 2023 жылдың ресми дерегі бойынша жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдары тарапынан білім және ғылым саласы қызметкерлерінен 1137 жазбаша, 10819 ауызша өтініштер түсіп, құқықтық сипаттағы 10 826 қызмет-кеңес көрсетілді. Кәсіподақтағы құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы саладағы әр санаттағы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2023 жылы 110,3 миллион теңгеден аса соманы қайтаруға қол жеткізілген, ал келтірілген экономикалық тиімділік 404,8 миллион теңгені құрады. Сала өкілдерінің рухани демалысын ұйымдастыруға, сала үздіктері мен нәтижелі еңбек ұжымдарын ынталандыруға, қайырымдылық және демеушілік шараларына, сала өкілі мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыруға кәсіподақ қаржысының жоспарлы бөлігі бағытталуда. 2023 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 6740 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған 271,0 миллион теңге кәсіподақ қаржысы бағытталған. Әйтсе де, бүгінде білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің жеткілікті екендігі де әмбеге аян. – Білім саласындағы жаңа әрі тың бастамалармен қатар ежелден қалыптасып қалған үрдістерге өзгеріс енгізу аясында әртүрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар тудырып отырған өзекті түйткілдер бар. Білім беру саласының күнделікті қызметі мен тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін педагог емес, бірақ саланың жүйелі, нәтижелі жұмыстарын жүзеге асыратын өзге санаттағы қызметкерлер, тиісті мамандардың табысын арттыру әлі де жеткіліксіз болуда, – деді Ерұлан Мағзымбеков. Кәсіподақтар көтерген мектеп кітапханашыларына «педагог» статусын беріп, біліктілік арттырып, санат үшін төлем енгізіледі деген ұсыныс-бастамалар әлі жүзеге аспай отыр. Бірқатар санаттағы мемлекеттік білім мекемелерін шаруашылық жүргізу құқы берілетін кәсіпорынға қайта құрумен байланысты туындауы ықтимал мәселелер өз алдына бір төбе. Ұжымдық шартпен көзделген нормалардың орындалуында да бірқатар мәселелер бар. Олардың негізгісі – еңбек қорғау мен қауіпсіздігі аясында арнайы құралдармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде қаржының бағытталмауы. Күн тәртібіндегі тақырып бойынша Меркі ауданы білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева, Т.Рысқұлов ауданы Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айнұр Татибекова мен «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығының директоры Балдай Ертуғановалар жарыссөзге шықты. Сөйлеушілердің сөздерінде көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салып, талқылай келе Пленум жергілікті кәсіподақ ұйымының бастамасымен 2024 жылы орындалуы тиіс міндеттерді белгіледі. Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты тұжырымдаманы іске асыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі қарай жалғастыратын болды. Кәсіподақ қозғалысын нығайту, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларын арттыру, жұмыс бағыттарын жаңарту мен қызмет түрлерін реформалау кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі деп есептелінетінін тұжырымдаған Пленум өзіне Жарғымен берілген құзыреттер аясында облыстық кәсіподақ ұйымының 2024 жылға арналған кіріс-шығыс сметасын бекітті. Жиын барысында «Үздік педагог – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанған әулиеаталық 6 мұғалімге кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілді. Бірнеше ардагер-ұстаз кәсіподақтың «Кәсіподақ ардагері» және ведомстволық «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.  

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар