«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйелі жұмыстар жалғасады

Жүйелі жұмыстар жалғасады
ашық дереккөз
Жүйелі жұмыстар жалғасады
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, атқарушы органдардың халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары жыл сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беруде. Кеше облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі мен 2024 жылы атқарылатын жұмыстары алқа мәжілісінде қаралып, жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг, идеологиялық жұмыстар, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық қоғам өкілдерімен жұмыс жүргізеді. Басқарма 5 комиссия мен кеңестің жұмысын үйлестіреді. Осы және басқа да жұмыстардың барысы жайында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова өз баяндамасында жан-жақты тоқталып өтті. – Өткен жылы облыс әкімі этнос өкілдері, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, басқарма басшыларының әр ай сайын аталған сала өкілдерімен кездесулерін тапсырған болатын. Бұл жөнінде арнайы кесте жасалып, бекітілді. Облыста 82 бұқаралық ақпарат құралы болса, оның 45-і баспа құралы, 4 телеарна және 33 ақпараттық агенттік бар. 2023 жылы ақпараттық саясатқа жалпы облыс бойынша 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өткен жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты 48 БАҚ орындады. Өзекті мәселелерді жариялау бойынша 31 тақырыптық медиа-жоспар бекітілген. Оның аясында 11 мыңнан астам материал жарияланды. Облыста әртүрлі бағыттағы 878 үкіметтік емес ұйым, 75 этномәдени бірлестік, 7 саяси партия, 11 конфессиядан тұратын 383 діни бірлестік тіркеліп, жұмыс істейді. Белсенді үкіметтік емес ұйымдар саны 200-ге жуық. Басқарманың үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу саласындағы жұмыстың негізгі бөлігі – мемлекеттік тапсырыс аясындағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру. 2023 жылы басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 13,3 миллион теңгеге 2 жоба жүзеге асырылды. Жалпы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 145 жобаға 1 165,0 миллион теңге қаржы бөлінген. Қаржы көлемінің 78,4 пайызы мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелеріне бағытталған. 253,4 миллион теңге мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттандыруға, білім, спорт және мәдениет салаларына, жастарды қолдауға және тағы басқа бағыттарға арналған әлеуметтік жобалар. Ал, 2024 жылға 135 әлеуметтік жобаға 1 миллиард 168,5 миллион теңге қаржы жоспарлануда. Ал, этносаралық келісімді нығайтуда облыстық ассамблея жанындағы 7 құрылымдық бөлімшенің әлеуеті пайдаланылуда. Жалпы, облыста 87 этнос өкілі бар. Этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту мақсатында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2023 жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1075 іс-шара өткізілді. Идеологиялық жұмыстың бір бағыты – сыртқы көрнекі ақпарат құралдарын орналастыру. Жалпы, облыста 1500-ге жуық көрнекілік бар. Олардың мазмұнына, мағынасының дұрыстығына, тақырыбының өзектілігі тұрақты зерделеніп отырады. Президент әкімшілігі өткен жылы өңірлерде сыртқы көрнекіліктерге зерделеу жүргізген болатын. Нәтижесінде облыста ұтыс ойындарына бәс тігуге арналған көрнекіліктердің көп кездескенін атап өтті. Бұл «Жарнама туралы» заң талаптарына қайшы келмесе де идеологиялық жағынан дұрыс емес деп есептейміз. Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік органдардың мемлекеттік рәміздерді орналастыру, оларды пайдалануына мониторинг жүргізу. Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмысын үйлестіреді. Мұндай комиссиялар Тараз қаласы мен аудандарда да бар. Республикалық топ Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда болып, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарды зерделеген болатын. Нәтижесінде, көптеген кемшіліктер анықталып, оны жою тапсырылды, – деді ол. Ұлана Сламбекқызы сондай-ақ, өңірдегі тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін мәселелерге талдау жұмыстары қалай жүргізіледі, мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы биыл өңірде қанша грант жүзеге асырылады және Азаматтық форумда меморандумға отырған екі кәсіпорынмен жұмыс істеу жоспары қандай, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Жол картасына енгізілген мәселелер бойынша нақты қорытынды ақпараттар туралы сауалдарға жауап берді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева алдағы уақытта өңірлік ассамблея жұмысының негізгі бағыттары қандай болмақ, «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Алмат Садуақас әлеуметтік желіде халықпен кері байланыс орнату және оны нығайту жұмыстарына қандай жаңашылдықтар енгізілмек, қоғамдық-саяси ахуалды және халықтың көңіл-күйін зерделеу мақсатында жүргізілетін сауалнама жұмысын одан әрі жетілдіру тәсілдері, бұған дейін қандай жұмыстар жүргізілді және қандай кемшіліктер анықталуда деген мәселелер төңірегінде айтты. «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы өз сөзінде «Aq jol», «Знамя труда» және «Ar-Аi» сияқты үш облыстық газетті біріктіріп отырған мекеменің басылымдардың таралымын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, газеттердің жаңа жылдан бастап жаңа форматта шыға бастағанына, аймақтағы күрделі мәселелерді саралаған сын мақалаларға ерекше мән беріліп отырғанына тоқталды. – Халықтың талап-тілегінен туындаған мәселелерді дер кезінде жергілікті билік назарына жеткізуде «Aq jol» газеті белсенділік танытып келеді. Басылымның бұл бастамасына облыс әкімі де қолдау білдіргенін атап өткім келеді. Ербол Шырақпайұлы газетте көтерілген сын мақалаларға назар аударып, мәселені шешу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Баспасөзге қатысты біраз мәселелерді аппараттық кеңесте айтты. Бұл да журналистерге айтарлықтай қолдау. Біз инстаграмм, фейсбук, тик-ток, ютуб арналарындамыз. Бұл жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында биылдан бастап контент орталығын құрдық. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Данияр Асқарұлы. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та сөйлеп, мемлекеттік жұмыста ардагерлер ұйымының әлеуетін барынша пайдалану маңыздылығын айтып, сонымен бірге аудандардағы ардагерлер ұйымдары мемлекеттік тапсырыстар ала алмайтындығын, осыны жергілікті басшылар ескерсе деген тілегін жеткізді. Ал, «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан сыни тұрғыда жазылған материалдарға тиісті мемлекеттік органдардың жауап беруі мәселесінде мемлекеттік немесе тәуелсіз БАҚ деп бөліп-жармай, бірдей талап қойылуы керектігін сөз етті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев мемлекеттің сындарлы саясатын басшылыққа ала отырып, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халықтың игілігіне бағытталуы тиіс екенін, мемлекеттік саясатты насихаттау, бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын халыққа жеткізу жұмыстары күшейтілуі қажеттігіне назар аударды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жаңа форматта ұйымдастыру үшін ұсыныс беріп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінген қаржы сомасын мүмкіндігінше ұлғайту және жобаларға мониторингті тұрақты жүргізу мәселелерін қолға алу қажеттігін ескертті.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар