Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Шіркеуге шабуыл жасалды

Стамбұлда қаруланған адамдар шіркеуге шабуыл жасады. Салдарынан екі адам қаза тапты. Қайғылы жағдай Сарыер ауданындағы Санта-Мария шіркеуінде болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарақат алғандар бар. Бірақ нақты саны әзірге белгісіз. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, беттерін тұмшалаған екі адам шіркеудегі тұрғындарға бейберекет оқ атқан. Оларды бұл әрекетке не итермелегені әзірге белгісіз. Қаскөйлер іздестіріліп жатыр.

Президенттікке кандидат жазда белгілі болады

АҚШ-та биыл 5 қарашада президент сайлауы өтеді. Жеңімпаз 2025 жылдың қаңтарынан бастап Ақ үйде төрт жыл қызмет етеді. Әзірге сайлау бюллетенінде кімдердің есімі болатыны белгісіз. Сайлауға түсетіндердің нақты тізімі штаттардың үштен екісінде праймериздер өткеннен кейін наурыз айында белгілі болады. Республикалық партия 15-18 шілдеде Милуокиде өтетін құрылтайда АҚШ президенттігіне кандидаттың атын ре сми түрде жариялайды. Ал, демократиялық партия атынан шығатын кандидаттың есімі 18-22 тамызда Чикагода өтетін құрылтайда көпке ұсынылмақ. Партия атынан кандидат болу үшін жазғы съезде партия делегаттарының жартысынан көбінің қолдауына ие болу қажет. Республикашылар үшін бұл 1215 дауыс болса, демократтар үшін 1969 дауыс.

Түркия Швецияның НАТО-ға кіруіне келісті

Президент Реджеп Тайип Ердоған осы мәселеге қатысты жақында парламент қабылдаған құжатқа қол қойды. Сөйтіп, ресми Анкара Швецияның Солтүстік Альянсқа мүше болуына жол ашты. Швеция НАТО-ға қо сылуға өтінішті 2022 жылы Финляндиямен бірге берген еді. Бірақ Түркия тарапы Стокгольмге бірнеше шарт қойып, оның өтінішін қолдамай келген. Ең бастысы, Швециядан саяси баспана алған күрд жұмысшылар партиясының мүшелерін қайтаруды сұраған еді. Ұзақ келіссөздерден кейін Стокгольм оларды орындауға келісті. Енді әскери одаққа кіруін Венгрия мақұлдаса, Швеция НАТО-ның мүшесі болады.

БҰҰ соты Израильді айыптады

Израиль билігі Газа секторында халықты жаппай қыруды тоқтатуы қажет. Олардың әрекеттері геноцидпен бірдей. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жоғары соты осылай деп мәлімдеді. Израиль күштерінің тоқтаусыз шабуылдарынан өңірдегі елді мекендер түгел қираған. Салдарынан 2 миллионға жуық палестиналық үйлерін тастап босып кеткен. Оның үстіне ауа райы күрт суытып, аймақтағы ахуал одан бетер шиеленісе түскен. «Сондықтан Израиль Газадағы әскери операцияны дереу тоқтатуы қажет» дейді аталған ұйым. Таяу Шығыста қарулы қақтығыс басталғаннан бері 26 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.

ҚХДР зымырандарын қайта ұшырды

Солтүстік Корея шығыс жағалауынан бірнеше қанатты зымырандарды қайта ұшырды. Yonhap агенттігі бұл туралы Оңтүстік Корея әскери күштері хабарлағанын айтты. Біріккен штаб бастықтары кеменің іске қосылуы Синпо портының суларында таңғы сағат сегізге жуық болғанын хабарлады. «Біздің мониторинг пен қырағылықты нығайта отырып, әскерилеріміз Солтүстік Кореяның арандатушылықтарының қосымша белгілерін бақылау үшін Америка Құрама Штаттарымен тығыз байланыста», делінген Оңтүстік Корея әскерінің хабарламасында. Бұл – КХДР қанатты зымыранының биылғы екінші ұшырылымы.

Робот көлігі сынақтан өтті

Қытайда алғаш рет жүргізушісіз патрульдік полиция көлігі сынақтан өткізілді. Заманауи автокөлік қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалауға арналған. Автономды басқару технологиясы бар «теміртұлпардың» сенсорлы құралы 360 градусқа айналып, 120 метрге дейінгі аралықты бақылап отырады. Бұл жолдағы жағдайды есептеп, көліктің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ жазатайым оқиғалар мен құқық бұзушылыққа қатысты сәттерді түсіріп, орталыққа онлайн режимде жолдай алады. Өрт сөндіргіш, алғашқы көмек көрсету жинағы, жарылыстан қорғайтын киімдермен жабдықталған.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

Ұқсас жаңалықтар