Көңіл көншітпейтін көрсеткіш көп

Көңіл көншітпейтін көрсеткіш көп
ашық дереккөз
Көңіл көншітпейтін көрсеткіш көп
Қылышын сүйреткен қыс мезгілінен биыл көпшіліктің қысылып шығатын түрі бар. Себебі, әкімдікке берілген есептерде әдеттегідей әдемі өрілген көрсеткіштердің іс жүзінде көңіл көншітпегеніне алаңдаулымыз. Жасыратыны жоқ, жауаптылар жыл сайын аяздағы азаптың алдын алу үшін ала жаздай дайындалатыны белгілі. Жылу жүйелері, жем- шөп, жолдың жыры, отынның жайына қатысты қордаланған мәселелер қоңыр күзден қозғала бастайтынына ел құлағы қанық. Дейтұрғанмен, қақаған қыс төбе көрсеткенде жағдайдың шынайы бет-бейнесі көпшіліктің жанайқайын жаңғыртып, жауаптылардың бас ауруына айналады. Неге? – Алыпсатарлар биыл ауданда көмірдің бағасын кемінде тоннасына 25 мыңнан сатты. Ал, оның сапасы әрқалай. Дегенмен, сол 25 мың теңгеден есептегеннің өзінде бір айда үш тоннадай көмір жағып қоямыз. 75 мың теңге біреуге аз көрінгенмен, ауылдағы халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салып отыр. Барлық зейнетақымыз о сы көмірге кетіп жатыр. Ол – бір, екіншіден, малдың жем-шөбі де түбегейлі шешілмеген мәселе. Жоңышқаның рулонын 14 мың теңгеден аламыз. Кебектің қабы 2500 теңгеден кем емес. Бұл бағаны бақылайтын біреу бар ма өзі? Мал азығының өзіндік құны сақталмайды және қақаған қыстың көзі қырауда құны шарықтап кетеді. Өзімде уақ мал да, ірі қара да бар. Аудан аумағында 600 гектарға жуық жерім бар. Малымды қыстан аман алып шығу үшін қора соғуға талай басшыдан жер сұраған едім. Ол мәселем әлі де шешілген жоқ. Халқымыз көріскенде ең алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұрайтын ел едік. Жылда осылай қыстың кезінде малымыз қырылып, жанымыз алаңдап, жәутеңдеп қаламыз. Бұл қашанғы жалғаса бермек? – дейді сарысулық Мыңтай Қанаев. Көмірге деген көпшіліктің көзқарасы осы тақылеттес. Ал, көгілдір отынға қолы жетпей отырғандар әлі де қаншама. Мәселен, меркілік тұрғын, 1-ші топтық мүгедектігі бар Сағынай Әсілов тоғыз жыл бұрын ауылға кірген газдың игілігін әлі де көре алмай отыр. – Ауылға газ мен мүгедектік алған 2015 жылы кірді. Содан бері көшеге келіп тұрған газға қосылу арман болды. Үш балам, жарым, бәріміз қақаған қыста қарашаңырақт ағы інімнің қолында тұруға мәжбүрміз. Әлеуметтік жәрдемақының барлығы газды орнатуға арналған құрал-жабдықтарға кетті. Құбырларына дейін сатып алдым. Ауыл, аудан әкімдігінен де көмек сұрадым. Олар газды орнатқандар жекеменшік мердігер болғандықтан шеше алмайтындарын ашық айтты. Осылайша, газ орнатқан мердігердің басшыларын әлі таба алмай жүрмін. Өкілдері үйге газды қосу үшін 150 мың теңге сұраған болатын. Жәрдемақым жанұямның қажеттіліктері, одан қалса газды орнатуға қажетті құрылғылардан артылмайды. Қарайласатын бірде-бір адам табылмады. Осылайша қыстың сақырлаған сары аязында газдың игілігі тұрмақ, иісі де мұрнымызға келіп жатқан жоқ,– дейді Меркі ауданы, Мыңқазан ауылының тұрғыны Сағынай Әсілов. Шалғай елді мекендердегі елдің базынасы бірер ауыз сөзбен бітпейтіні анық. Десек те, биылғы қыс дала тұрмақ, қала тұрғындарының да маңдайынан сипамағаны белгілі. Тараздық тұрғындар күні кеше ғана облыс басшысы өз назарына алған «Ұлы дала» шағынауданындағы жылудың жайы келер жылы да кедергі болмас үшін, осы қыста шешілгенін талап етуде. – Пайдалануға берілген күннен бастап жылудың мәселесі жыр болған біздің үйде 2100 ваттық қондырғы орнатылған екен. Қыстың күні көппәтерлі үйді жылытуға оның шамасы жетпеді. Естуімізше, қазіргі таңда қала әкімдігі үйді соққан мердігерді сотқа берген. Соған байланысты жылыту қондырғысының мәс еле сі түбегейлі шешілмеді. Әкімдікке қарасты құрылыс саласының мамандары 400 ваттық қондырғымен алмастырмақ болды. Оның қуаты алдыңғы қондырғыдан төрт есе кем екені айтпасақ та түсінікті. Оған кемінде 2000 ваттық қондырғы қажет Қазір жауаптылар осы мәселемен айналысуда. Дегенмен, мердігерлер үйдің іргетасын қалаған кезде неге осы мәселенің алдын алмады екен. Қазақта «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұстаным бар. Қарапайым сол ұстаныммен әу баста жұмыс істегенде, мұндай мәселе туындамас еді. Оған қоса мердігерлер жылу жүйесін Ресейдің Петербург қаласындағыдай үлгімен жасаған. Бірақ, сол үлгіні дұрыс қолдана алмаған секілді. Себебі, кейбір үйлер бар жылудың дұрыс айналмауынан жаурап отыр. Қаншама қариялар, көпбалалы аналарымыз қыстың көзі қырауда, қаланың ең жаңа шағынауданында отырып, суықтан ауырып жатыр,– дейді тұрғын Зейнеш Үсенбаева. Қала мен даланың арасындағы күре жолдан күнделікті нәсібін т ауып жүрген көлік жүргізушілері де тазарту жұмыстарына көңілдері толмайтынын айтуда. –Күні-түні жолда жүргендіктен біз үшін жолдың жайы жақсы таныс. Бізде қалың қар жауса болды сол баяғы Күйік пен Қордай асуларында жылда мәселе туындайды. Осы күнге дейін дәл сол аумақтарға жол тазалаушы техникалардың кезекшілігін ұйымдастырып не болмаса басқа да нақты шараларды қолға алса болмайды ма? Қаншама адам шығыны орын алса да бұл мәселе әлі шешілмегеніне қайран қаламын. Одан кейін бізде жеделдік жетіспейді. Мәселенің алдын алып, соған дайындалудың орнына үнемі қар құрсауында қалғандарды қазып, іздеп жүреді. Оңтүстік, Шымкент, Алматы жақтарда дереу қимылдайды. Тіпті, қардың толассыз жауып жатқанына қарамастан тәулік бойы жұмыс істеп жатады. Бізде қар тазалау жұмыстарын тек күндіз ғана көресің. Басқа өңірлерде «оптималка», не болмаса тас себеді. Бізде ондай жоқ, тек бірнеше көлік жүрсе жолдың шетіне ұшып кететін жеңіл құмды үнемдеп себетін секілді. Одан кейін ақылы жолдардың шетінде көлікті техникалық жағынан қадағалап алатын жерлер жоқ. Әсіресе, қазіргідей қыста бұзылсаң, жолда қалғаның қалған,– дейді көлік жүргізуші Руслан Нарымбетов. Бәрін айт та, бірін айт, қағаз жүзінде қанттай, ал іс барысында ізі көрінбейтін жоспарлардың «жырын» айт. «Енді бір ай шыдасақ, қыстан да, істен де құтылармыз» деген жауаптылардың жұмысы жүйеленбесе, әлі талай сақырлаған с ары аяз с ан саланың сырын ақтарары анық. Бұл мәселе биылғы қыстың бір көрінісі ғана. Көгілдір отын тұрмақ, көмірге де қол жеткізе алмай, ағаш жарып, тезек жағып отырған елді мекендер бар. Сондықтан, жауаптылар жаураған жұрттың жанайқайын әр қыс с айын айтылатын ескі әннің қайырмасына айналдырмай, түбегейлі шешуге атсалысар деген сенімдеміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар