Ақбөкендерді ату азаймай отыр
Қазақстандағы «Байтақ» жасылдар партиясы қоршаған ортаны қорғау, биоалуантүрлілікті және орман шаруашылығын сақтау сынды өзекті мәселелерге көңіл бөліп, оларды шешуді өз міндеттерінің бірі етіп белгілеген ұйым. Өзінің қызмет жолында партия командасы аталған тақырыптар бойынша талай іс-шараны өткізуге ұйытқы болған.
Қазақстанның кең байтақ даласында бөкендердің ең таңғажайып және өте сирек кездесетін түрі – ақбөкендер мекендейді. Қазақ сахарасының ботагөзі саналатын аталған киелі жануар Қазақстанның мәдениеті мен табиғатының ажырамас бір бөлігі. Алайда, айтарлықтай ерекшеліктеріне қарамастан олар өздеріне қауіп болып төнетін маңызды мәселелерге тап болуда.
2022 жылдың шілдесінде Экология министрлігі 80 мың бас ақбөкенді популяциядан алып тастау туралы шешім қабылдады, ал биыл аталған министрлік атылатын ақбөкендердің басын 400 мыңға жеткізу туралы шешім қабылдауда.
Біз, ақбөкендерді ату арқылы реттеу мерзімінен бұрын жасалған шешім деп ойлаймыз, өйткені ақбөкендердің нақты санына қатысты әлі де күмән бар және сәйкесінше оларды реттеу саны есепке алу деректерін экстраполяциялау арқылы жасалған әр бағыттағы ені 1600 метрден 800 метрге дейінгі есептік жолақты авиациялық есеп арқылы анықталғандығына байланысты, математикалық және статистикалық есептеу де үлкен қателікпен жүзеге асырылған болуы әбден мүмкін.
Батыр Сейкеновтың айтуынша, «Бүгінгі таңдағы қалыптасқан жағдай бойынша: министрлік буаз ақбөкендерді атуға рұқсат беріп отыр». Желтоқсанда бөкендердің жұптасу кезеңі өтетіндігін, ал қаңтар айында аналықтардың төлдейтіндігін барлығымыз жақсы білеміз. Қарап отырсақ, әлемнің кез келген жерінде буаз аңды аулауға рұқсат етілмейді екен. Бізде неге осындай шешім қабылданғандығы белгісіз?! Ауылдарда жергілікті халық ақбөкендерді атуға қарсы шығуда, өйткені, олардың айтуынша, аңшылар дала жануарларын варварлық жолмен қырып-жоюға жол берген. Ауыл тұрғындары алға тартқан жағдайдан кейін далалық жерлерде атылған ақбөкендердің өлекселері қаптап кеткен. Бұл бассыздықты тоқтату керек. Аталған фактілердің барлығы құқық қорғау органдарына берілетін болады. Буаз ақбөкендерді ату арқылы біз елдің имиджіне үлкен нұқсан келтірдік. Ақбөкен – Қазақстанның символы, оған бұлай қарауға болмайды. Бұл мәселе тек заң аясында реттелуі керек.
Бөкендерді реттеу туралы соңғы үш жыл ішінде талқыланып келе жатқан бағдарламаның халықпен және баспасөзде ешбір талқылаудан өтпей-ақ, кенеттен іске асырыла бастағаны қоғам мүшелері мен белсенділерін де қатты алаңдатады..
Осыған дейін аталған мәселені шешу бойынша мүдделі тараптармен, яғни министрлік, ғалымдар және жұртшылықпен ашық кеңес өткен болатын. Аталған кеңес қорытындысы бойынша партия тарапынан тиісті сұраныстар жіберілді. Бұл ретте зерттеулер мен ғылыми тәсілге негізделген қадамдық іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет.
География ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденов «Кеңес заманы кезіндегі ақбөкендерді аулаумен айналысуда оның еті ғана емес, былғары өндірісінде материал ретінде терісі де қайта өңделетін болған. Мүйіздері экспортқа шығарылса, сабын жасау үшін майынан техникалық май дайындалған. Етінен консервілер әзірленген. Ал, қазір бұл істе тек ет өндірісі ғана жүзеге асырылмақшы. Жалпы, ақбөкендерді адам реттей алады, бірақ бұл үшін бұрын-соңды болмаған халықаралық деңгейдегі кем дегенде үш жылдық ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Егер аталған реттеуді ғылыми деректерсіз жүргізсек, бірден қиындықтарға тап боламыз», – дейді.
Биоалуантүрлілік және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін тереңірек зерттеу мақсатында қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясы партия жанынан ғалымдардың сараптамалық кеңесін құрмақ.
Алдағы мәселелердің бірі – табиғи ортаның жоғалуы. Ауыл шаруашылығы жерлері мен адам инфрақұрылымының кеңеюі ақбөкендердің қоректенуіне қажетті жайылымдардың азаюына әкеліп соқтыруда. Бұл бөкендерді жергілікті тұрғындармен қақтығыстарға әкелетін жаңа мекендеу орындарын табуға мәжбүрлейді.
Браконьерлік те ақбөкендерге үлкен қауіп төндіреді. Олардың мүйіздері қара нарықта құнды бағаланады және аңшылар олардың жойылуын заңсыз жылдамдатуда. Браконьерлікті бақылау, оған тұсау қою билік үшін қиын міндетке айналуда және бұл фактор көп зиян келтіреді. Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясы аталған мәселені талай мәрте бірнеше мінберден айтып, талқылап келеді.
Ақбөкендерді реттеудің мемлекет таңдап отырған әдістері қоршаған ортаға құрметпен қарау принципіне қарама-қайшы келеді. Ақбөкендерді қораға қамауға болмайды. Ақбөкен – қошқар емес, ол өте үркек жануар. Олардың қамауда қалыпты жағдайда тұруы екіталай, даланың үркек жануарлары бірін-бірі басып, оның соңы жаппай жарақаттануға әкеледі. Қамалған түз жануарының қорқыныштан жүрегі де жарылып кетуі әбден мүмкін. Ал, түнгі атып алуларға келсек, бұл мүлдем дұрыс емес. Яғни, ақбөкендердің үйірі демалып жатқан кезде аңшылар келіп, бірнеше жануарды көздеп тұрып атып түсіруге тырысады. Ал, ол оқтың ақбөкеннің мүйізді аталығына ма, әлде аналығына немесе жас төліне тиді ме деген сұрақ аңшы үшін маңызды болып саналады. Аталықтардың 60 пайыздан астамы қуғаннан кейін барып өледі, ал ақбөкендердің көбеюі аналықтарына байланысты. Сонымен қатар, бір бөкенге атылған оқтың дауысынан ақбөкендер үйірімен бытырай қашатындығы тағы бар.
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары ақбөкендерді ату туралы жаңалықтарды қуана қабылдай қоймады, олар тіпті ақбөкендерді атуды жою туралы петиция да құрды. Тұрғындардың пікірінше, дала бөкендерін жоюдағы шынайы мақсат олардың санын реттеу де емес, бөкендердің құны жоғары бағаланатын мүйіздерінде деп біледі. Себебі, дәл осы ақбөкен аталықтарының мүйіздері дәстүрлі емес медицинада бағалы болып саналады және Қытай мен Оңтүстік Азия елдеріне қымбат бағамен сатылады.
Заманауи есепке алу құралдарының болмауына байланысты көрші елдерге көші-қонды растай алмаймыз. Біз барлық ғылыми ұйымдарды, ғалымдарды, жұртшылық пен халықты тарта отырып, кем дегенде үш жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргізу қажет деп санаймыз. Былтырғы жылы көктемде, ақбөкендердің төлдейтін кезде үлкен үйірлерге топтасу уақытында жүргізілген биологиялық негіздеме болғандықтан, олардың шағын аудандарда шоғырлануы барынша жоғары болды.
Ақбөкендердің фермерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 12 миллиард теңге мөлшерінде зиян келтіргені және оның қандай әдіс арқылы есептелгені туралы айтылған сөздің есебі жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі неге толық ақпарат бермей отырғандығы белгісіз. Ақиқатында бұл ақпарат өз растауын таба алмай отыр.
Ақбөкендерді сақтап қалу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық орнату қажет. Жабайы жануарларды қорғау саласындағы тәжірибе және озық технологиялармен бөлісу бұл мәселелерді шешуге көмектесуі мүмкін.
Қазақстандағы ақбөкендер мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері Үкімет, қоғам қайраткерлері, қарапайым халық және халықаралық қоғамдастық тарапынан келісілген, біріккен күш-жігерді талап етеді. Біз барлығымыз бірлесіп қана осы ғажайып бөкендердің жойылмауын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақ үшін Қазақстан табиғатының байлығын сақтай аламыз.
Біз осы міндеттерді шешуде тиімді көмектесетін дрон кешендерін әзірлеп жатырмыз. Бұл аталған дала жануарларының популяциясына мониторинг жүргізуде де, орман жағдайын бақылау үшін де, орман алқаптарында, адамдарға жету қиын жерлердегі өрттерді сөндіру үшін де модификация болады.
Қоғам белсенділері соңғы үш жыл ішінде талқыланған ақбөкендерді реттеу бағдарламасы ғылыми көзқарасты қолдана отырып және утилизация ережелерін сақтай отырып, баспасөзде және халықпен талқылаудан кейін ғана барып жүзеге асырылуы қажет деп есептейді.
Серік ҚОЙБАҚОВ,
«Байтақ» жасылдар партиясының Жамбыл облысы филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді