«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық өнерді ұлықтаған

Ұлттық өнерді ұлықтаған
ашық дереккөз
Ұлттық өнерді ұлықтаған
Соңғы жылдары Мемлекет басшының еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы тапсырмасы аясында облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Біз бұл бағыттағы бастамалардың игілігін көрген еңбек адамдарын халыққа таныстырып, тұрақты түрде басылым бетіне жариялап келеміз. Өйткені, олар ел экономикасының жетекші компоненттері, қоғам құрылымындағы ең маңызды механизаторлар. Адалынан кәсіп қылып, заман адамының болмысын қалыптастыра білген азаматтар қашанда құрметке ие. Осындай азаматтың бірі Ұсталықты ұстанымына айналдырған осындай азаматтың бірі – Әбілхан Өтепбергенов. Бүгінде облыстық оңалту орталығының нұсқаушысы болып қызмет атқаратын ағамыздың ата дәстүрді ұлықтау жолына түсуіне күтпеген оқиға себепкер болған. Жамбыл зооветеринарлық институтының зоотехник мамандығын аяқтаған оған өз саласы бойынша жұмыс атқарудың сәті түспей, кейіннен жүк көлігін тізгіндеген. Айтуынша, алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдап, саналы ғұмырының 27 жылы күрежолдың үстінде өткен. Дегенмен, өмір өзгертем десе бір-ақ сәт. Бала жастан ата- баба дәстүрін бойына сіңіріп өскен азаматтың қашанда қара жұмыстан қолы қалт етсе, айтысқа аңсары ауып тұрған. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Әбілхан ағамызды Асан есімді досы айтысты тамашалауға шақырады. «Баласағұн» концерт сарайына айтысты тамашалауға шақырады. Думан тарқап, ақындар бәйгесі аяқталған соң, арнайы көрмені тамашалап жүрген достарды қазақы қолөнер бұйымдары қатты қызықтырады. Әсіресе, Әбілхан ағамыздың көзіне қошқар мүйізді ағаш бұйым оттай басылады. «Мұндай бұйымды неге өзім жасап көрмеске?» деген ой мазалап, санасын тыныштық бермейді. Осылайша, ағаш өңдеу ісінде тек балта саптап қана көрген, жүк көлігін тізгіндеуге үйренген Әбілхан Әбдікерімұлының темірдей қолдары аса бір нәзік өнер түріне икемделіп кете барған. – Бала кезімізден үлкендер тәрбиесінде болып, көне жәдігерлеріміз бен тұрмыстық жиһаз бетіндегі ою-өрнек түрлерін көріп өскен соң ба, қазақы дәстүр- салтымызды құрметтеу керектігі сол кезеңде-ақ санамызға сіңе берген болуы керек. Әйтпесе, ұсталыққа келемін деген ой менде болған емес. Осылайша ұлттық құндылығымызды құнттап, әр асыл қазынамызға ең алдымен өзіміз үлкен мән мен мағына беретін болсақ, болашақ ұрпақ алдында оны арнайы насихаттаудың да қажеті шамалы. Мұндай жағдайда кез келген адам аса бір талант иесі болмай- ақ, салтымыздың шеңберінен ұзап кете алмайды. Менің де осы жолға келуіме осындай заңдылық негіз болды деп айта аламын. Бүгінде қасиетті өнерді ұлықтау ісін өскелең ұрпаққа аманаттап, ұмыт бола бастаған қазыналарымызды қайта қалпына келтіру ісін жалғастыру жоспарда бар, – дейді қария. Алғаш қошқар мүйізді кәдесыйдың көшірмесін жасап шыққан Әбілхан ағаның қысқа уақытта қолы өнерге жаттығып, ағаш бұйымдарын бірінен соң бірін жасай жөнеледі. Араға жыл салмай-ақ, көрмелердің бірінде шетелдік туристердің көзіне түскен төл туындысы сол заматта-ақ сатылып кетеді. Басты мақсаты – тұрмыстық бұйымдарымызды қайта жаңғырту деп білген шебердің қолынан түрлі ағаш ыдыс-аяқтар: астау, саба мен ожаулар, кесе мен тегене сынды бұйымдар жасалған. Сондай-ақ, қабырға сағаттары, түрлі бейнедегі кәдесыйлар ұста шеберханасының сәніне айналған. Ағаш ұстасынының айтуынша, қазақы ыдыс-аяқтардың көркемдік-сәндік ерекшелігінен бөлек, денсаулыққа да пайдасы көп. Өйткені, мұндай ыдыс-аяқтардың дайындалу барысында сапалы ағаш түрлері мен тек табиғи өнімдер пайдаланылады екен. Аса ыждаһаттылық пен табандылықты қажет ететін іске шебер де тыңғылылықты дайындық қажет дейді. Себебі бір өнімнің дайындалуы кейде бірнеше айларға созылып, түрлі кезеңдерді қамтиды. Соның ең алғашқысы – дұрыс ағаш таңдау. Бұл аса маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Осыған баса назар аударатын Әбілхан аға өз бұйымдарына көбіне өзіміздің жергілікті жеміс ағаштарын кәдеге жаратады. Айтуынша, мұндай ағаш түрлері күннің көзі көп түсетін құрғақ жерде өскесін қатты әрі шыдамды болады. – Ағаштың тым жұмсақ болмағаны жөн. Өйткені, жұмсақ ағаштан жасалған ыдыс-аяқ пен жиһаздың ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Ал тығыздығы мығым ағаш тез жарылғыш келеді. Мұндайда ағашты жерге көміп отырып өңдеу қажет. Яғни, бұл шикізатты жылдам кебуден сақтайды. Сонымен қатар, өсіп-өніп тұрған талды кесіп алып бірден кәдеңізге жарата алмайсыз. Оны арнайы біраз уақыт кептірген соң пайдалану қажет. Осыны жетік меңгерген ата- бабаларымыз мұның денсаулыққа пайдасы зор екендігін де білген. Мысалы, ағаш ыдыстар өз бойында тағам құрамындағы дәрумендерді ұзақ сақтайтын болса, екі басы бірдей биік төсекағаш, нар төсек сынды кереуеттер қан айналымын жақсартуға қабілетті, – дейді Әбілхан аға. Қолайлы жеміс ағашын тауып, оны жерге көміп отырып, қажетті қалыпқа түсірген соң сүрлеу-қажау жұмыстары жүзеге асырылады. Ұқыптылық пен төзімді қажет ететін бұл кезеңде бұйымның әр бұрышы мен бөлшегін тура өлшеммен түзету аса маңызды. Мұнда әрбір деталь үлкен жауапкершілік пен мән арқалап, бұйымның пішінін қалыптастырады. Ал, содан соң дайын өнім майға қайнатылады. Бұл бұйымның сүйегі берік, әрі сыры қанық болуы үшін қажет. Алғашында күнбағыс майын пайдаланатын ағамыз кейіннен іздене келе малдың ішек майын кәдеге жаратқан. Міне, осылай еңбек пен қызығушылығын ұштастырып ұлық өнердің қыр-сырын жетік меңгере түскен. Бүгінде аталмыш өнер түрін насихаттап, келер ұрпаққа аманаттауды өзіне басты парыз санаған шебердің де шәкірттері аз емес. Облыстық оңалту орталығында нұсқаушы болып қызметін бастағанына аз ғана уақыт болса да Әбілхан ағамыз ізінен шәкірттер ілестіре білген. Әлеуметтік ортаға бейімдігі төмен азаматтарды қолөнерге баулып, бар біліктілігін үйретіп жүрген ұстаға мемлекеттік мекеме де арнайы шеберхана бөліп, қажетті құрал- саймандармен қамтып отыр. Сондай- ақ, қандай да бір қолөнер көрмесі мен арнайы жәрмеңкелерге қатысуға орталық басшылығы барынша қолдау танытатындығын жеткізді. «Негізінен, 18 жастан асқан I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталығымыз 150 адамды қамтуға қауқарлы. Қала тұрғындары үшін жартылай стационарлық, өзге аймақтар үшін тәуліктік режимде қызмет көрсететін орталықта түрлі үйірмелер ашылған. Бұл қызмет алушылардың әлеуметтік ортаға бейімділігін арттыру мақсатында жүзеге асып отыр. Осындай үйірмелердің бірі – қолөнер үйірмесі. Үйірме жетекшісі Әбілхан Әбдікерімұлы аз уақыттың ішінде, қызмет алушыларымызбен тез тіл табысып, өзара түсіністікте жұмыс атқарып келеді. Бүгінде қызметкеріміз осында өз шәкірттерін тәрбиелеп, сүйікті ісі мен жұмысын қатар алып келеді, – дейді облыстық оңалту орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Тоқтасынқызы. «Еңбек – бәрін жеңбек» деп дана халқымыз айтқандай, Әбілхан Өтепбергеновті өз ортасына шебер етіп таныстырып, жаңа әлемнің есігін ашқан осы ұсталығы. Бүгінде зейнет жасына жеткен ағамыздың өскелең ұрпаққа өнегесі көп, үйренері де аз емес. Өзінің егде тартқан жасына қарамай, ізденістің арқасында осы жолға бетбұрып, майталман маман атанған ағамыз алда әлі мақсат- мұраттарының көптігін айтады. Қазақ халқының қолөнерін тереңінен зерттеп, жаңа бұйымдарды жаңғырту, әсіресе, сүйегі мығым нар төсек жасап шығару ағамыздың алдағы армандарының бірі.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар