Сенімге сызат түскенде

Сенімге сызат түскенде
ашық дереккөз
Сенімге сызат түскенде
Тарихтың түбіне үңілер болсаңыз, кез келген ұлы туындылардың, танымал өнертабыстардың дүниеге келуінде үлкен оқиғалар мен мол моральдік принциптердің ұшқыны бар екендігін байқауға болады. Әсіресе, ұлы мақсат жолындағы адам баласына ең керегі – ет жақынының қолдауы мен сенімі дерсіз. Оған тарихы мысалдар да аз емес. Мәселен, американдық автокөліктің атасы Генри Фордтың табысты болуына жан жарының ықпалы зор болған. Дәл сол секілді Берта мен Карл Бенцтердің шынайы махаббаты негізінде «Мерседес» дүниеге келді. Тиісінше, ұлы инженердің әйелі алғашқы көлік жүргізушісі ретінде тарихта қалды. Ал, Маркес әлемге әйгілі шығармасы «Жүз жылдық жалғыздықты» басып шығару үшін үйіндегі бар мүлкімен қоса әйелінің шаш кептіргіш фенін де сатып жіберді. Алайда, осы бір мұқтаждық макондалықтармен қатар мұқым елдің, бүтін континент мойындайтын шығарманы дүниеге алып келеді деп кім ойлаған?! Демек әлемді төңкеру үшін әйел адамнан талап етілетіні – жалғыз Сенім ғана. Әйел затының осы бір нәзік қасиетін бойына сіңіре алмаған қисық қабырғаның қай-қайсысы болсын адамзат баласының ең бейбағы болатыны сөзсіз. Бейімбеттің «Күлпашы», Еламанның Ақбаласы сол бақытсыз бейнелердің бірі. «Хорезми сұлудың бұрымын жырласа өмірді елестет, тұтас тіршіліктің қаншалықты қыз бұрымындай тәртіппен жаратылғанын ойла», – дейді атеистік дәуірде өмір сүрген батыр Баукең... Ислами әдебиетте әйел затын кең мағынасында күллі ғаламның мини моделі санап, талай шайыр ешкімге білдіртпей жаратылыс атаулыны жырлап кете барған. Кейіннен бұл үрдіс дүниенің бастауын Ана ұғымымен байланыстыратын қазақ қоғамына еркін сіңіп, төл әдебиетімізге берік орнықты. Алайда, осынау мәртебеге лайық бола алмағандар да жоқ емес. Жай ғана сенім білдіріп, шынайы қолдау танытудың өзі қыз қауымына қиынға соғатынын Джек Лондон «Мартин Иденінде» шебер суреттейді. Жазушы шығармасында Мопассан стилінде адам онтологиясына үңіле түседі. Яғни, феномен дегенің тұтас адам болмысы еместігін, тек сыртқы сипат бола алатындығын баса айтады. Сол арқылы ол буржуазияны «әлі өмір сүріп көрмеген» адамдар қатарына жатқызады. «Қалталы адамдар өмір туралы ойларын өз қалауынша құрап алған» деген кейіпкер пікірі арқылы автор өзінің социалистік позициясын айқындайды. Шығармадағы бас кейіпкер Мартин қарапайым отбасында дүниеге келген теңізші жігіт. Тумысынан қара жұмысқа жегіліп, жігіт жасында қара нардай жетілген алып күш иесі – Мартин үшін бұл әлемнің қызығы сауда кемелері мен шлюпкаларда жүріп жаңа жерлерді тамашалау, жаңа аралдарды көру ғана еді. Алпамса денелі азаматты Тәңірі өзі сол жұмысына арнап жаратқандай, ол үшін өзге тірлік қолайына жақпайтындай көрінетін. Тек бұл ойдың қалталы әулеттің қызы Руфьті кездестіргенде теріске шығарын кім білген. Сол күннен бастап тынышы кетіп «қайтсем мен бай болмақпын? Қайтсем қыз әулетіне терезесі тең күйеу болмақпын?» деген ойдың құрсауында қалып мың құбылған Мартиннің жалғыз жұбанышы қала ішіндегі кітапхана еді. Оның қалайда тұлғаға айналып,тек тұщымды дүниелер жазатын жазушы боламын, сол арқылы табысқа кенеліп, өзім сүйген сұлуға қосыламын деген арманы оны өз ортасынан ақырындап алыстатып, сана биігіне біртіндеп көтеріп бара жатты. Алайда, шектен тыс қоғаммен байланыссыздық әрекеті адамды дамыта отырып, оқшаулайды. Бұл өткен ғасырда аскет адамды қалыптастыруға тырысқан Ф.Нитще идеясының жемісі. Мұндай қолайсыздықтан арылу үшін адам жалпылама қағидаттармен өмір сүріп, қоғамдық принциптерге тәуелді болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан осы бір заңдылықты елемей, тек күресінге түскен тағдыр жолында арпалысып келе жатқан, жиырмадан енді асқан асау қанды жігіт осыны ойлады дейсіз бе?! Оның мұны ойлауға да шамасы келмеді. Күні бойы сағаттап отырып, тәулігіне 5000 сөз жазуды мақсат тұтқан бозбала кейде қалтасының түбі көрінсе ауыр жұмысқа жегіліп те жүрді. Азық- түлігі таусылса қыз үйіне барып келетін велосипедін, тіпті кейде кездесуге ғана киетін жалғыз фрагын ақшаға айырбастап, уақытша өткізіп жіберетін. Тіптен болмаса, екі- үш аптаға кеме жұмысына шығып, кір жуатын цехта да тозақы тірліктің көзін көрді. Осының бәрін сырттай бақылап жүретін Мартиннің көршісі, жеті баланың жалғыз асыраушысы Мария ғана табанды жігіттің болашағына сенетін. Прогресс жолында адам баласы ғаламат әрекеттерге баруы мүмкін ғой, ал регресс үшін ше? Сіз жақсы қызметіңіз бен бар игілігіңізден айырылып, қоғамның төменгі сатысына түсуге талпынар ма едіңіз? Осы бір санаға сыйымсыз көрінетін ой аристократия өкілі Руфьті о баста Мартиннің деңгейіне түсуге жол бермеді. Оған қоса, өз ортасының ықпалы мен қоғам пікірі қыз сезімінің тас-талқанын шығарып, көптің ішіне сүңгітіп жіберді. Ер жігітінің ертеңіне сене алмай, болашағынан тек бұлыңғыр боз дүниені көрген бойжеткеннің бұдан кейінгі өмірі тым аянышты. Бұл жиырмасыншы ғасырда кең етек жайған, теңдік ұғымының аясындағы шығарма десек те, бүгінгі материалистік құндылықтар алға шыққан қоғамға қозғау салары анық. Шығармада сол заманның басты қаһармандары шаруалар бейнесі де айқын суреттеледі. Күйбең тірлігімен күнелтіп, бар уайымы 7 баласының жеті пар аяқ киімі түгел болса екен деп бел жазбайтын шаруа әйел Марияның ерлігі, кір жуу цехындағы Мартиннің серігі Джоның ішкілікке салынып кетуі сынды тағдырлы сюжеттер желісі туындыны қоюландыра түседі. Оған өмір үшін күрес жолындағы пенде психологиясын шебер меңгерген Джек Лондонның жазушылық талантын қоссаңыз көркем туынды мүлде басқа кейіпкері анық. Алайда, автордың әу баста қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеруді мақсат тұтқаны жасырын емес. Д.Лондонның бұл шығармасы капиталистік Америка қоғамы үшін сол дәуірде романтизмді аңсаумен бірдей еді. Ал басты құндылығы ақша болып табылатын ортада мұндай мұраттың межесі көріне қоймайтын. Сол үшінде ауқатты адамның қатарына қосылам деген Мартиннің арманы ол ортадан да асқақ болып шықты. Тынымсыз еңбек пен табандылық теңізшіні ақыры танымал жазушыға айналдырды. Ендігіде Мартин Иден мырза деген мәртебеге ие жігіттің әр шығармасы үшін алатын қаламақысы бұрынғыдай тиын-тебен тұрмайды. Алайда миллионер жігіттің толыққанды бақытты сезінуіне тек бір деталь ғана жетпей тұрғандай... Автор да мұны айқын аңғарып, тым биікке кеткен кейіпкерін аласартқысы келмейді. Осылайша балаң жігіт Сократ пен Абайдың, Әл-Фараби мен Махамбеттің ғұмырын қайталады. Ал оның сүйген қызы Руфь автор идеясының құрбанына айналды. Кедей жігіттің қолынан ұстауға арланған ару қилы кезеңдегі таптық қақтығыстар мен әлеуметтік алшақтықтың тірі символикасы еді. Оған қарағанда шығармадағы Мария мен Джоның сенімге құрылған қатынасы мен адами болмысы биігірек көрінеді. Осылайша жазушы арман мен мақсаты ұшталып келешекке нық қадам басушы жанға ең қажеті сенім екендігін баса айтқысы келеді. Шытырман тағдырлар тоғысқан роман соңы сізді біраз жабырқатуы мүмкін. Бірақ автор өз кейіпкерінің асқақ бейнесін күйбең тіршілікпен лайлағысы келмегенін түсініңіз...  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар