Ойын баласын ойлауға баулиды

Ойын баласын ойлауға баулиды
ашық дереккөз
Ойын баласын ойлауға баулиды
ХХІ ғасыр – жаңа технологияның, ғылым-білімнің ғасыры. Қазіргі балалар жаңа технологиялар дәуірінде өмір сүріп, дамып жатыр. Кітапханалық кеңістікті түрлендіру мақсатында балаларды дамытуға арналған «Интеллектум» жобасы зейін мен ойлау қабілеттерін шыңдайтын ойындар жүйесін құрайды. Адамның интеллектуалды қабілеттерін дамыту үшін белгілі бір жас шектеулері жоқ. Қазіргі заманның баспагерлері IQ деңгейін дамытуға қажетті көптеген кітаптар шығарады. Балалар мен жасөспірімдер көркем әдебиетті оқып, кейіпкерлердің мінез-құлқын белгілі бір жағдайларда қарастыра отырып, жас оқырман өзі үшін мінез-құлықтың жаңа формаларын дамытса, «Интеллектум» жобасы эмоциялық интеллектінің жоғары болуы, Emotional Quotient немесе EQ –эмоцияларды көрсетіп, оларды басқаруға, өзгелердің де сезімін, қалауын түсіну қабілетін оятады. Қорға түскен сан саланы қамтитын кітаптар арасында логикалық ойлауды дамытатын ойыншықтар кітап сөрелерінде тұрмай, осы жоба арқылы іске асады. Жоба міндеттеріне түрлі ойын кезінде, жаттығу барысында балалардың қызығушылығын және бейімділіктерін байқау, сол қасиеттері арқылы өздерін дамытуға мүмкіндік жасау, әр баланың жас ерекшелігіне сәйкес оқитын кітаптарын таңдауға көмектесу, ұсына алу, оқу құндылығын насихаттау, оқырманның зеректігі басым, сабырлы тұлға болуына жағдай жасау, кітапханада өтетін іс-шараларға интеллектум жобасын қолдану әдіс-тәсілдері кіреді. Аталған жоба аясында әртүрлі шараларды өткізу барысында анализ жасау, визуалды қабылдау, психомоторикалық, шығармашылық, математикалық қабылдаулары дамиды, байқағыштық, мұқияттылық, зеректік, тиянақтылық қабілеттері артады, ойлау қабілеттері, қиялын жүзеге асыру, көз координациясы моторикасын жетілдіру дағдылары жетіледі. Интеллектум – елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Біз жас оқырманды ең бірінші кітап оқуға тарту үшін ой-өрісін дамытатын, қызықтыратын ойындар арқылы ұзақ отыруға, ойлануға, таңдау жасауға, дұрыс шешім қабылдай алуға үйретеміз. «Интеллектум» өнімдерімен ойнау арқылы балалар түрлі қасиеттерін дамыта алады. Айталық, біріншіден, визуалды қабылдау, яғни заттың түсін, пішінін, мөлшерін, көлемін, бағытын үйренеді. Сондай-ақ, салыстырмалы түрдегі үлкен-кіші, алыс-жақын, аз-көп ұғымдарын, ұқсас бөлшектерді айыру, үш өлшемді (3D) фигураларды анықтау, пішіндерден кескін құрау, ортақ бөліктерді көре білу қасиетін жақсартады. Екіншіден, креативті ойлауға, яғни қиялын дамытуға, ойындағы пішіндерді сыза отырып көрсете білуге, берілген тұспалдарға сәйкес жаңа үлгілер жасай білуге машықтанады. Қиялын шарықтата отырып, өз нұсқасын жасауға, берілген стандартты пішіндерден өзгеше кескіндегі модельдер құрастыруға дағдыланады. Үшіншіден, стратегия, яғни шешімі күрделенген жағдайда тығырықтан шығу жолын қарастыру, белгілі бір нәтижеге жету жолында жаңа жоспар құрастыру, кез келген мәселеге басқа тұрғыдан қарай білу, шешім шығаруда өзіндік стиль құрай алу, болып жатқан жағдайды түсіндіре білу, таңдауға берілген көп нұсқадан жалғыз оң шешімді қабылдай білу және ең тиімді жолды таңдағанына көз жеткізуге үйренеді. Сондай-ақ, теледидар, компьютер, ұялы телефон секілді заманауи технологиялардан алыстатып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырады.  

Толқын КҮЗЕНОВА,

Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар