Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жоба

Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жоба
ашық дереккөз
Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жоба
Өңірдің өркендеуіне жұмыссыздықты жою үлкен әсерін тигізетіні анық. Тұрғындарда күнкөріс көзі болар тұрақты жұмыс орны болса, әлеуметтің әлеуеті де әлсіремейді. Осы мақсаттағы жұмысты күшейту үшін елімізде жұмыспен қамту шараларын жетілдіру мақсатында бұрынғы Жұмыспен қамту орталықтары Мансап орталықтары болып қайта құрылды. Содан бергі уақытта облыста жұмыссыздықты жою негізінде бірқатар іс-шаралар қолға алынып, жұмыс жүргізілген. Мүмкіндігі шектеулі және пробация тізіміндегі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. Бүгінгі күні облыста жұмыссыз ретінде тіркелген 15111 азамат бар. Ал, өткен жылдың соңында 14381 жұмыссыз болған екен. Мансап орталығы мамандарының айтуынша, жұмыссыз жүргендер саны жылдан жылға азайып келеді. – Жыл басында қанша адамды жұмыспен қамту керегі жоспарланып, меже белгіленеді. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 31746 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланса, оның ішінде ең көбі 8077 орын Тараз қаласына тиесілі, ал ең азы 904 тұрғынды жұмысқа орналастыру Мойынқұм ауданында көзделген. Осы жоспар толық орындалды. Енді биыл да дәл осы көрсеткішке қол жеткізуді межелеп отырмыз. Тараз қаласы мен аудандардың бөлінісінде аздаған өзгерістер бар, дегенмен биыл облыста жалпы 31746 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Осы жылы облыстағы Мансап орталықтары еліміздің заңдары аясында бекітілген облыс әкімінің қаулысы негізінде мүгедектігі бар азаматтарды және пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмыспен қамтиды. Сол секілді он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды да жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Өткен жылы арнайы квотамен облыс бойынша 86 мүгедектігі бар азаматтарды, оқуды тәмамдаған ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3 түлекті, 80 жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыру жоспарланып, түгелдей жүзеге асқан, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібеков. – Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап жұмыс орнын тауып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды ұйымдастырған Еңбек мобильдік орталығына ризашылығымды білдіремін. Мен өзім тұратын Тараз қаласындағы Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгенмін. Өзімнің меңгерген мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Еңбек адамды есейтетінін бала кезден естіп өстік. Қазіргі уақытта өзім көрген, сезінген жайттарға қарап, еңбек табыс көзі ғана емес, өмірге құлшындыратын, белсенділікке баулитын құрал екеніне де көзім жетті, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Жұлдыз Елемесова. Серік Айдарұлының айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» өткен жылғы №266 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласында 2023 жылы 11 арнайы жұмыс орны құрылған. Атап айтқанда, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз» корпоративтік қоры 1 көру қабілетінен толық айырылған мүгедектігі бар адамға 1 380 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтарын, «Жамбыл оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 адамға 6 925 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтарды алған. «Бағыт Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар адамға 6 898 300 теңгеге арнайы құрал-жабдықтар әперген. Осыған орай, Тараз қалалық Мансаптық орталық филиалы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялаған. Құрылған арнайы жұмыс орындарына Мансап орталық филиалында жұмыссыз ретінде тіркелген мүгедектігі бар азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтыпты. Енді биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жұмыс орнын субсидиялау барлық аудандарда да жүзеге асатын болады. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығының Мансаптық орталық филиалдары арқылы кәсіптік оқыту жүзеге асырылады. Ондағы мақсат – жұмыс берушілер үшін жұмыссыз азаматтар қатарынан қысқа мерзімді білікті кадрларды даярлау. Кәсіптік оқытудың мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды. Жұмыс орнында кәсіптік оқыту үшін тиісті оқу орнына қойылатын талаптар бар. Яғни, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жұмыс істеп тұрған заңды тұлға немесе дара кәсіпкерлік статусы болуы керек. Бір жылдан астам жұмыс істеп тұруы, салық, жарналар және аударымдар бойынша өтіп кеткен берешегі жоқ, материалдық-техникалық базасы бар, өндірісте кемінде бір жыл кәсіптік практикалық жұмыс өтілі бар білікті жұмыскерлерінің болуы шарт. Жұмыс беруші жұмыссыздың жеке оқу бағдарламасын жасайды және білікті тәлімгерді бекітіп, жұмыс орнында оқытуды жүзеге асырады. Жұмысшы біліктіліктер бойынша кадрлар даярлаудың жеке оқыту бағдарламаларының болуы міндетті. Жұмыссыздарды жұмыс орнында кәсіптік оқыту Жарғысында кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі нормалары бар жұмыс берушілер қатыса алады. Оқуды аяқтағаннан соң жұмыс беруші жұмыссыздардың кәсіптік даярлығын бағалау бойынша біліктілік емтиханнан өткізеді. Оқуды аяқтаған жұмыссыздарға жұмыс беруші кәсіби дағдыларды меңгергені туралы сертификат береді және жұмыс орнын ұсынады. Оқу кезеңінде жұмыссызға жалақыны облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығы төлейді. Жалақының бір айдағы мөлшері экологиялық үстемақылар бойыншша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескермегенде, 20 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда нақты орындалған жұмыс үшін жалақыға қосымша үстемақы белгілейді. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жұмыс беруші Әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмыссызды мәлімделген жұмыс орнына кемінде 12 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Әлеуметтік келісімшарт Мансап орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында жасалады. Кез келген тіркелген жұмыссыздар кәсіптік оқытудан өте алады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өту үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына, ал ауылдық жерлерде кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдеріне жүгіну қажет. Кәсіптік оқытудан өтетін адамдар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен не жалақымен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Тұрақты тұрғылықты жері бойынша елді мекендерден тыс білім беру ұйымдарында оқитын адамдарға тұруға материалдық көмек көрсетіледі, яғни тұрғын үйді жалдау шығындары өтеледі. Кәсіптік оқытуға жіберілетін азаматтардан өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, бар болса еңбек кітапшасы, аттестат, куәлік, диплом сынды білімі туралы құжат, бар болса оқытудан өткенін растайтын куәлік, сертификат секілді құжаттар, 075/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмесі талап етіледі. Өткен жылы жұмыссыз азаматтардың жаңа мамандықтарды игеруі үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қайта оқыту курстарына 1405 адам «аспаз», «электргазбен дәнекерлеуші», «шаштараз», «көлік жүргізушісі», «токарь», «трактор жүргізуші», тағы да басқа мамандықтар бойынша «Бағыт-Тараз», «Дана-Дель», «EKO BLOK» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, «Даму kz» орталығына және аудандардағы колледждерге жіберілді. Биыл қайта даярлауға және қысқа мерзімді оқуларға 1185 адамды жіберу жоспарланған.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар