Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады
Еліміздің ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қоғам өмірінің сапасын арттыру, әрине, бірінші кезекте – балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңға сәйкес, тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекенжайына қарамастан, барлық баланың құқығы тең. Алайда, соңғы кездері мектепте оқушылар арасында қорқыту, қорлау, ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткені әлеуметтік желіде айтылып жүр. Балалар – біздің барымыз, болашағымыз. Оларға физикалық, моральдық, эмоционалдық жағынан күш көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ. Жазушы, ұстаз Антон Макаренко сөзімен айтқанда, «Тәлім-тәрбие кең түрде алғанда, әлеуметтік процесс. Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен, адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтер бірінші орынға шығады», деген екен. Олай болса, құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін отбасы жағдайын жан-жақты танып-білу қажет. Бүгінгі таңда бұл жұмыс табысты жүргізіледі деу қиын. Соның нәтижесінде балалардың мінезіндегі кейбір ауытқулары мұғалімдер тарапынан дер кезінде байқалмауы түбінде орны толмас үлкен өкініштерге әкеліп тірейтін даусыз мәселе. Құқықтық тәрбие берудің негізгі мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Құқық пен тәрбиенің өзара байланысты әрекеті негізінен жанама түрде тәрбиеге араласқан ата-аналар мен ұстаздар арқылы іске асырылады. Кез келген мемлекетте қандай да бір балалар ерекше қамқорлықта және қорғауда болу керек. Қолымыздағы барымыздың ең қымбаттысы – балалар. Әр баланың азаматтыққа, отбасына, білімге, медицинаға, демалуға, қорғалуға құқығы бар. Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады. Елімізде адамның шыр етіп өмірге келген минутынан бастап, оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын қорғап отырған заң бар. Қазақстанда балалардың құқығын қорғау туралы атаулы күндер де бекітілген. Олар 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні, 20 қараша – Балалардың дүниежүзілік күні, 10 желтоқсан – Адам құқығы күні.
Бүгінгі таңда республикамызда 6 миллионға жуық бала бар десек, оның 27 274-і жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Балаларды отбасыларға орналастыру бойынша қазір жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бұл оң өзгеріске бастап, көптеген өңірлерде жетім балалар азая бастады. Бұған нақты мысалдар келтірер болсам, осы санаттағы балалардың, яғни 20841 (76 пайыз) ұл мен қызды мейірімі мол, алақаны аялы азаматтар өз отбасыларына алып, өнегелі тәрбие беріп келеді. Тек 6223 (22 пайыз) жетім және ата-анасының қамқорлығына зәру бала 132 білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінің қамқорлығында. Оның ішінде, бір мыңнан астам ғана бала тұл жетім, қалған 83 пайызы әлеуметтік жетімдер санатына жатады. Олар ата-аналарының кері кетуінен жетім қалған балалар.
2017 жылдан бастап, тағдырлы балаларды ниет білдірген отбасыларына беру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелді. Баланы қамқорлығына алған отбасыларды мемлекет қаржылай қолдап отыруға кепілдік берді. Жетімін жылатпаған халқымыздың шапағатты азаматтары, бүгінгі тілмен айтсақ, меценаттары да қол ұшын беруде. Бұл бойынша еліміздің барлық аймағында кәсіпкерлер, ірі мекемелер, бизнес құрылымдар қызметкерлері жанашыр-лығымен жетім балаларға қолдау көрсету ісінде кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осының шеңберінде білім алған жастар жұмысқа орналасып, баспанаға қол жеткізіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда.
Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, олардың әрқайсысы өзінің даралығын сақтауға құқылы. Даралықтың белгісіне оның есімі, тегі, әкесінің аты жатады. Балаға есім ата-анасының келісімі бойынша беріледі. Әдетте, ата-аналар өз балаларына кез келген қалаған есімді береді. Дегенмен, мұндай таңдаудың шегі бар. Баланың мүддесін ескере отырып, ата-аналар өз құқықтарын пайдаланып, баланың мүддесіне қарама-қайшы келетін, айналасына күлкі не жағымсыз жағдай туындататын есімді таңдамау керек.
Құжатта баланың әкесінің аты ұлттық дәстүр ескеріле отырып, туған әкесінің есімімен жазылады. Мәселен, ата-аналарының қалауына қарай әкесінің атына «ұлы», «қызы» сөздері қосылып жазылуы мүмкін. Егер баланың әкесінің есімі қос есімнен тұрса, (мәселен, Әділмұрат) ата-аналарының қалауына қарай екі есімнің бірі баланың әкесінің есімі болып жазылады. Егер әкесінің есімі белгісіз болса, шешесінің нұсқауымен баланың әкесі ретіндегі адамның есімі жазылады, ал тегі шешесінің тегімен көрсетіледі.
Бала құқықтары туралы халықаралық конвенциядан: Мемлекет әрбір баланың аман-сау өсіп, жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді; Бала өмірге келе салысымен тіркеуге алынады және өзіне есім мен азаматтық алуға құқылы; Әрбір бала өз отбасында, ата-анасымен бірге өмір сүруге құқылы; Отбасында әкесі мен анасы өз алдына дербес өмір сүрумен, баланы ата-анасынан ажыратуға ешкім құқықты емес; Бала мектепте кінәлі болғанда да оны ешкімнің ұрып жазалауға, кемсітіп, қорлауға құқығы жоқ. Сондай-ақ, жасөспірімнің тынығуға және мәдени демалуға, ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігін сақтауға, өзі қалаған спорт түрімен шұғылданып, емделуге, өз ойын еркін айтуға толықтай мүмкіндігі бар.
Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін баланың құқығы заңмен бекітіледі. Құқық қорғауды ата-аналар, бағып-қағу және қамқорлыққа алу органдары, сот, прокурор жүзеге асырады. Заң баланы озбырлықтың түрлерінен оның абыройын төмендетуден, ата-аналар тарапынан болатын қиянаттан қорғайды. Елімізде балалардың мүддесі қорғала отырып, мұндай санаттағы ата-аналарды ата-аналық құқынан және баланы бағып-қағуға беруден айыруға байланысты шараларды қолдану заңдық тұрғыда қарастырылған.
Бала мүліктік құқыққа да ие. Ол көбінесе өз ата-аналарының және отбасының өзге де мүшелерінің күтіп-бағуы құқықтарына байланысты болмақ. Алименттер, зейнетақы мен жәрдемақылар ата-ананың атына келіп түседі, алайда, ол қаржы баланы күтіп-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалады. Заң балаға сыйға немесе мұраға алған мүлікті меншігіне алу құқығын береді, сондай-ақ, еңбекпен айналыса отырып, өзінің жеке еңбегінің кірістерін алуға, жекеленген пәтердің иесі болуға мүмкіндік береді. Балаларға қамқорлық жасай отырып, мемлекет бала туған кезде жәрдемақы төлейді. Көпбалалы отбасылар да түрлі жағынан қорғауға алынған.
Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі.
«Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Иә, балаға келер қауіптің алдын алу ең алдымен отбасынан басталады. Оны дұрыс жолға бағыттау – ата-ананың міндеті. Үйдегі тәрбие баланың іс-әрекетінің қандай екенін айғақтап тұрады. Олардың арасындағы буллинг те, қатыгездік те, бала құқығын таптау да осыған келіп тіреледі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді