Өндіріс саласының ортақ мәселелері талқыланды

Өндіріс саласының ортақ мәселелері талқыланды
ашық дереккөз
Өндіріс саласының ортақ мәселелері талқыланды
Парламент Мәжілісіне «Ақ жол» ҚДП-нан сайланған депутат Ержан Бейсенбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы партияның өңірлік филиалының ұжымы, мәслихат депутаттары және жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жиынды «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұханбетәлі Шалқарбеков ашып, аймақтағы ахуалды айтып өтті. Кездесуде кәсіпкерлер өңірдегі шаруалардың жай-күйін жеткізіп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Былтырғы құрғақшылықтың, ағын су тапшылығының жамбылдық шаруалар үшін қиын соққаны баршаға мәлім. Алты бірдей ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің еккен өнімі су жетпей, қурап қалып, шығынға батқан болатын. Олардың қатарында қант қызылшасын өсірушілер де бар. «Ел Агро» ЖШС-нің басшысы Мақсат Есбергенов шаруалар қант қызылшасының тұқымын шетелден қымбат бағаға сатып алатынын айтып, елде тұқым өндірісі жолға қойылса деген мәселе көтерді. «Ақ жол» партиясынан Тараз қалалық мәслихатына сайланған депутат, «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС директоры Бауыржан Найзақұлов жүн-тері өңдеу өндірісін дамыту мәселесін көтерді. Халық қалаулысы барлық мәселелерді шешуге атсалысатынын, қажетті жағдайда Парламент мінберінен Үкіметке сауал жолдайтынын айтты. Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Алмабекұлы Тараз қаласындағы шыны өнімдерін шығаратын зауытқа барды. «Достық және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехтарында шыны банкаларды шығаруға арналған екі технологиялық желі іске қосылған. Бір желісі сыйымдылығы 1 литрге дейінгі, екіншісі 2, 3 литр сыйымдылығы бар банка өндірісіне арналған. Зауыт консервілердің кең ассортиментін шығара алады, сондай-ақ жиынтық формаларының жеткілікті таңдауына ие. Бір айта кететіні, өнімдердің барлығы қалдықсыз өндіріледі. Экологиялық залалсыз шыны шығаратын зауыт тұрғындардан пайдаланылған шыны қабылдау арқылы шаһардың тазалығына да септігін тигізіп келеді. Шыны өнімдер қоқысқа тасталса не топыраққа сіңіп кетпейді, отқа да жанбайды. Ал қайта өңдеуге жіберілсе, пайдасы көп. Жұмыс сапарының келесі күнінде Мәжіліс депутаты Меркі ауданына барып, «Меркі» шипажайының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде шипажай қызметкерлері нарықтағы баға бағамы, кәсіпкерлік салаларына қатысты сұрақтарын қойып, жекелеген өтініш-тілектерін жеткізді. Бір айта кететіні, «Меркі шипажайында» «Ақ жол» партиясының бастауыш партия ұйымы құрылған. Бастауыш ұйымның мүшелері сайлау науқанында, басқа да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып келеді. Жиын соңында «Меркі шипажайы» бастауыш партия ұйымының мүшелеріне Партия Төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің Алғыс хаттары тапсырылды. Бұдан соң Ержан Бейсенбаев «Жастар ресурстық орталығында» меркілік жастармен кездесті. Кездесуде жастар мобильді аударымдар туралы мәселе көтерді. Лудоманияға қарсы күрес жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, Ержан Бейсенбаев «Меркі қант» зауытына барып, кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен, зауыттың жай күйімен танысты. Жұмысшылардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қант қызылшасынан өнім өндіретін «Меркі қант» зауытының өндірістік кезеңі келіп түсетін шикізаттың көлеміне байланысты. Шикізат жоқ кезде зауыт жұмысы бірнеше айға тоқтап қалады. Кездесуде жұмысшылар осы мәселені көтерді. Кәсіпорынның жұмысы алға басу үшін субсидия бөлу жолын қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жыл өткен сайын зауытқа жас мамандардың келуі азайып бара жатқанын, кадр тапшылығы туындап отырғанын жеткізді. Жұмыс сапарының үшінші күнінде Мәжіліс депутаты «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Пош-Тараз фабрикасына» барып, өндіріс цехтарын аралады. Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан халық қалаулысы өндірістің проблемаларына назар аударды. «ПОШ-Тараз фабрикасы» ЖШС директоры Бауыржан Найзақұловтың айтуынша, бүгінде өндіріс саласындағы ортақ проблема – шикізат және кадр тапшылығы екен. Әсіресе, тері және жүн өндірісінде бұл өзекті мәселеге айналып тұр. Аталған компания жүнді бастапқы өңдеумен, жүн талшығын дайындаумен, иірілген жіп өндірумен айналысады. Жаңа цехтарды іске қосқаннан кейін кәсіпорын жүннен қыстық жылы тон, теріден былғары кресло дайындаған. Өндірістің бұл бағытын дамытуға шикізат тапшылығы қол байлау болатын кездер де кездеседі екен. Бұдан соң Парламент Мәжілісі депутаты Ержан Алмабекұлы Тараз қаласындағы «AVERO» матрас фабрикасына барды. Іске қосылғанына бірер жыл болған кәсіпорын бүгінде серіппесіз матрас шығаруды жолға қойған. Оның ішінде ортопедиялық матрастар тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Кәсіпорын басшысы Шахназар Айдарбеков өнім шығаруда тұтынушылардың талаптарын ескеретіндерін айтты. Мәселен, кейбір матрастар біраз жылдан кейін шеті басылып, сыны кете бастайды. Ал тараздық жиһаз өндірушілер бұл кемшіліктің алдын алудың жолын тауыпты. Арнайы материал қосып, төсенішті ұзақ жыл қолдануға болатындай тәсілмен өнім шығаруда. Халық қалаулысы кәсіпкерлерді толғандырған түйткілдерді тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді. Түстен кейін Мәжіліс депутаты «Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалында қоғамдық ұйымдардың басшылары және блогерлермен кездесті. Жиында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңір бойынша филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова мемлекеттік сатып алуларда кездесетін заңсыздықтар туралы сөз қозғады. Келеңсіздіктер әсіресе, білім саласында көп кездесетінін айтты. «Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Естаева инклюзивті білім берудің методикасына қатысты мәселе көтерді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға қалада ойын алаңдары жоқ екенін айтып өтті. ІІ-ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға қоғамдық көліктерде жүру жеңілдігі қарастырылса деген ұсынысын жеткізді.Қоғам белсендісі Александр Цой студенттер жатақханасы туралы проблеманы қозғады. Ержан Алмабекұлы көтерілген мәселелерді шешудің жолын айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.  

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар