Ұтыс ойындары: АЛДАУ МА, ҚОЛДАУ МА?

Ұтыс ойындары: АЛДАУ МА, ҚОЛДАУ МА?
ашық дереккөз
Ұтыс ойындары: АЛДАУ МА, ҚОЛДАУ МА?
Әлеуметтік желіні ұтыс ойындарын өткізетіндер жаулап алды. Көлік, үй, шетелге жолдама, қымбат бұйымдарды тіккен бір халық. «Бір қазақ баспаналы болсын», «Араларыңызда біреу көлікті болса жаман ба?» деп қолдағансып тұрып алдайтын пиғыл қашан пайда болды? Тәуелсіздік алған жылдары елімізде түрлі лотереялар ойнатыла бастаған еді. Тіпті, телеарналарда да арнайы бағдарламалар болды. Қолына тілімдей қағазын ұстаған талай қазақ көк жәшіктен көзін алмай отырып еді-ау. Ұлт жанашырлары мұндай ойындардың зиянын айтып тоқтатқандай болған сонда. Қазір де соның кебін киіп тұрмыз. «Келмеске кетті» деген ұтыс ойындары ел алдында жүрген танымал тұлғалармен, өнер адамдарымен, блогерлермен ортамызға қайтадан оралды.

КІМ ҰТАДЫ, КІМ ҰТЫЛАДЫ?

Ойынның жалпы сипаттамасы мынадай. Ойынға қатысушы белгілі бір затты немесе ұтыс нөмірін алу үшін ұйымдастырушы көрсеткен шотқа ақша аударады. Көбіне ұтысқа үй, қымбат заттар, көлік, шетелге жолдама сияқты дүниелер тігіледі. Айтқан уақыттарында ойын онлайн түре ойнатылып, ұтысқа қойылған зат жеңімпазға табысталады. Ал, оған қатысқан, ұтыс ұтпаған мыңдаған адам шығындалады. Шындығында бұл ойынның нағыз жеңімпазы сол күні жолы болған адам емес. Оның ең басты жеңімпазы – сол ұтысты ұйымдастырған адамның өзі. Өйткені, ол өзінің затын нарықтағы бағасынан бірнеше есеге сатып пайда көреді. Ойынның нəтижесінде бірнеше заттың ақшасын қоса шығарып алады. Ал, оған қатысқан адам: «Бір адам болса да баспаналы болды. Ең болмағанда осыған пайдам тиді. Үлесімді қостым. Көп болса садақам болар» деген сияқты ойлармен өзін алдайды. Міне, қазіргі ұтыс ойындарындағы қалыптасқан жүйе осы. Оған билік тарапынан тоқтау жоқ па? Мұндай ойындарға шариғат қалай қарайды? Əрине, қатаң тыйым салады. Біріншіден, бұл мыңдаған адам қатысқан ойында санаулы ғана адамның жеңімпаз болуы басқа қатысушыларға зиянын тигізіп, қалтасын қағады. Екіншіден, оңай жолмен ақша табудың төте жолы осы. Бірі күнкөрістің, енді бірі байыған үстіне баюдың қамына кіріскен қымқуыт тірлікте қалтаға түсетін табыстың нендей жолмен келгеніне мəн бермеуде. Бəрінен бұрын ең соңғы ақшасын ұтысқа санап беріп, «пəлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқтың» кебін киетін қара халыққа обал. «Аңқау елге арамза молда» болғандардың əрекетін оларды қолдау емес – алдау, сүйеу емес – түйреу деп айтсақ та болады. – Ұтыс ойнау – өмірі байымайтын адамның ісі. Тер төкпей-ақ байысам деген адамның шаруасы. Өзіңіз ойлаңызшы, Стив Джобс не Илон Маск лотерея ойнап жүрсе… Асқар Жұмаділдаев, Марғұлан Сейсембай лотереяға қатысса… Адам ақша тапса, қоғамға еңбегі сіңіп табуы керек. Маңдайынан тер тамуы керек. Уақытын, энергиясын, білімін жұмсауы керек. Сондай адам байиды, бақытты болады, жетістікке жетеді. Лотерея ұйымдастыратын адам көрсеңіз, ол не терең ойланбай, оңай ақша табуға əуестеніп, қателесіп жүр не ол ештеңеден тайынбайтын алаяқ деген сөз. Шындық – осы. Қаржылық сауаты жоқ адамның ісін істемеңіздер. Бала сияқты алданбаңыздар, тегін нəрсеге жүгірмеңіздер. «Тегін ірімшік тышқан аулайтын қақпанда ғана болады» деген сөз бар ғой, – дейді белгілі баспагер, əдебиетші Арман Əлменбет.

КІМ, ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?

Еліміз бойынша мұндай ойындарды ұйымдастырушыларды нақты жазалайтын, тексеретін заң талаптары жоқ. Өйткені, лотереялық ұтыс ойындарын тек мемлекеттік лото ұйымдары ұйымдастырады. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, бірақ оның талаптарын орындамай ұтыс өткізетін болса ғана өзінің əрекетіне жауапты болады. Ал, «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп ұйымдастырылған шараларға олар  жауапқа тартылмайды. Себебі, олар лотерея болып есептелмейді. Ал, қазір осыны өзінің пайдасына шешіп отырған пысықтар өте көп. Əсіресе, əлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын ұйымдастырушылардың басым бөлігі оператормен келісімшартқа отырмай, заңды түрде салық төлемей, елді алдап, қалтасын қағып отыр. Биылдан бастап дəл осы ұтыс ойындарын ойнатып, қайырымдылыққа қаражат жинайтын блогерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынады. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов əртүрлі адамнан 100-ден астам төлем түссе, жиналған ақшаның қандай мақсатта жұмсалғаны жан-жақты тексерілетінін айтты. – Егер азаматтың ақша аударымы тиісті талаптан асып кетсе, біз оған бірден тексеріс жүргізіп, айыппұл салмаймыз. Əуелі мəліметтерді Салық органдарына жібереміз. Олар қосымша есепті берсе, ол азамат салық төлеуші ретінде есепке тұруы тиіс. Яғни, біз декларация тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз, –  дейді ол. Егер 100-ден аса аударымның қайдан түскенін, жиналған соманың мұқтаж жанның шотына аударылғанын дəлелдесе, ешқандай сұрақ  туындамайды. Себебі, қайырымдылық шаралары үшін салық көзделмеген. Ал, кəсіпкерлік немесе жарнама жасаумен айналысатын блогерлер салық төлеуге міндетті. Бұл сонда салық төлеумен ғана шектеліп, халықты алдауды тоқтатпайтын ойын түрі болып қала бере ме? Əңгіме сонда...

ПƏТУАСЫ ҚАНДАЙ?

Жалпы, ұтыс ойындарына берілген пəтуаларды төмендегіше тізіп қарастырсақ болады. Бірінші. «Бар болғаны 3 мың теңге саласыз да, баспаналы боласыз» деп, ұтысқа қатыстыру – біреудің маңдай терімен тапқан ақшасын оңай жолмен иеленудің бір əдісі. Ұтыс ойындары осы құмар ойындардың қатарына кіреді. Мұнда жеңімпаз кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы анықталып, қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болады да, қалған мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Құмар ойынға жататындықтан, ұтыс ойынының кез келген түрінің үкімі үзілді-кесілді харам саналатыны мүфтият пəтуасында атап көрсетілген. Қандай ниетпен болсын, тіпті билетін тегін берсе де, оған қатысуға болмайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала бір қауымға бір нəрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да харам етті» деген. Ол адал кəсіп емес, керісінше, адамдарды алдайтын, олардың мал-мүлкін оңай жолмен иеленуге ұмтылатын арам іс. Бұл – əділетсіздік. Екінші. Ұтыс ойынына қатыстыру шартымен сатылатын заттар тұтынуға аса бір керек, күнделікті пайдасы бар бұйым емес. Мысалы, əншілердің альбомы немесе өз өмірінен жазған кітабы бұқараға қаншалықты қажет? Немесе адам ағзасына пайдалы деп сатқан витамині арнайы тексерілуден өткен бе? Оларды керек ететін адам оны ұтыс ұйымдастырмай-ақ алмай ма? Сондықтан, бұған тауарымды сатудың бір тəсілі деп қарау дұрыс емес, бұл жерде ұтыс ойыны тауарыңызды өткізетін сауда-саттыққа айналады. Саудаға ең алдымен адалдық керек. Сауда адал болу үшін үш нəрседен сақ болу керектігі ескертілген: құмар, өсім жəне алдау. Ал, кішкентай бұйымын өткізу үшін пəтер немесе көлік ұтысына қатысуға шақыру – адамды алдау. Үшінші. Ұтысқа жетудің мүмкіндігі неғұрлым көбірек болса деген оймен кейбір қатысушылар ұсынылған заттың бір емес, бірнешеуін сатып алады. Ал, ол зат жоғарыда айтқанымыздай, қолданысқа аса қажет емес. Яғни, қаншама адам ақшасын орынсыз шашып, ысырап етіп жатыр? Ал, ысырапшылдық – Алла Тағала сүймейтін іс. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүниемүлік тəріздес нығметтердің барлығы Алланың пендесіне сыйлаған ерекше сыйы. Ал, адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Төртінші. Құмар ойын адамдарды жалқаулыққа, еңбексіз табыс іздеуге, «аяқ асты байып кетемін» деген алдамшы үмітке жетелейді. Балалыққа салынып, бос қиялға еру ересек жанға жараса ма? Табыс керек болса, еңбек ет. Абай атамыз «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Əуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» демей ме?! Бірден байып кетуді армандаудың соңы масылдық ауруына апарады. Оны да ұмытпаған жөн. Бесінші. Бұл ұтысты ойнатушылар одан түскен қаражаттың кейбір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтынын да айтады. Алайда, садақа тек адал табыстан ғана берілуі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде «Алла тазалықсыз (дəрет, киім жəне орын тазалығы) намазды жəне харамнан берілген садақаны қабыл етпейді», деп ескерткен. Садақаңыз қабыл болсын десеңіз, онда табысыңыздың тек адал жолмен келуіне мəн беріңіз. Ұтыс ойындары қандай жағдайда адал өткен болады? Тек ешкім ұтылмаған жағдайда ғана ойын адал болады. Ұйымдастырушы оның шығынын өз мойнына алып, пайда табуды мақсат етпеуі керек. Ал, соңында аңқау елді алдап, пайда көру мақсаты тұрған ұтыс ойындарын ұйымдастыру былай тұрсын, елге жарнамалаудың өзі – күнə. Шариғат шарттары тұрғысынан келгенде, бұл ойында арам табыс көздеген ұйымдастырушы да, атағын сатып, жарнама жасаған адам да, оңай олжаға құнығып, ұтысқа қатысушы да, яғни барлық тарап та зиянға ұшырайды.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар