Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол

Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол
ашық дереккөз
Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол
«Еңбек» бағдарламасы қолға алынғалы бері көп жұмыс атқарылды. Мәселен, өткен жылы Жамбыл ауданында жұмыспен қамту іс-шаралары барысында 114 адам мемлекеттік қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Олар өз бизнес бағдарламасын қорғап, жалпы 1 миллион 380 мың теңгені ұтып алған болатын. Сөйтіп, өз армандарының орындалуына жол ашылды. Қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқандардың ішінде алты азамат мүмкіндігі шектеулі жан. Бұл игіліктен көпбалалы отбасылар да сырт қалып отырған жоқ екен. Атап айтсақ, грант иегерінің бірі – Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Жандос Рахметілдаев. Ол бүгінгі таңда автокөлік бамперін шығару цехын ашып, жұмыс істеуде. Аталған грантқа ол көпбалалы əке ретінде қатысып, өз жобасын қорғаған болатын. Оның жобасы комиссия мүшелері тарапынан қолдау тауыпты.  – Бүгінгі таңда автокөлік бөлшектеріне деген сұраныс артқан. Өз басым  бала шақтан автокөліктерге деген қызығушылығым жоғары болды. Қызығушылықтың арқасында жеңіл автокөліктердің ақауын жөндеп, өзге бөлшектерін құрастыра беретін болдым. Осы қызығушылығым бүгінде өз ісімді жүзеге асыруға сеп болды деп толық айта аламын. Бүгінгі таңда жеңіл автокөліктердің бампері сұраныстағы дүние. Техника тілін меңгере отырып, «бұл дүниені неге өзім жасап көрмеске?» деген ой туындады. Адамның жасағанын, адам ұқсата алады. Алайда, ұзақ еңбек пен тер төгу қажет. Бірнеше жыл зерттей келе, осы істің мəнжайына қанықтым. Бастапқы жасаған дүниемді жақындарыма, ауыл тұрғындарына бердім. Кейіннен тапсырыс берушілер өздері келе бастады. 2023 жылы мемлекеттік грант иегері болып, қажетті құралжабдықтарымды сайлап алдым. Сөйтіп, күніне екі-үш бампер жасаймыз, – дейді Жандос Талғатұлы. Сөз арасында кəсіпкер алдағы уақытта бизнесін бұдан əрі де дамыту жоспарында бар екенін жеткізді. –  Осы уақытқа дейін əр істің басын шалып көрдім. Адам неге бейім келсе, соған бар ынтасын салады екен. Бүгінде бір тапсырыс түссе де барымды саламын. Маған бұл істе ұлым көмекші. Алдағы уақытта шағын цехымды кеңейту ойымда бар. Əзірге алыстан емес, аулада бамперлер шығарып жатырмыз, – дейді кəсіпкер. Жамбыл аудандық «Мансап» орталығының маманы Қанат Қарабаев ауданда шағын кəсіпкерліктің дамып келетінін жеткізді. Ал, биыл бұл бағытта 110 азаматқа грант беру жоспарланған. Мамандар қатысушылар өз өтініштерін онлайн форматтағы «enbek.kz» сайтына «Бастау бизнес» курсынан өтіп, бақтарын сынап көрсе болатынын жеткізді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар