Биыл кімдер декларация тапсырады?

Биыл кімдер декларация тапсырады?
ашық дереккөз
Биыл кімдер декларация тапсырады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнес қала мен ауыл дамуының берік негізі бола алатынын, ол еліміздің әлеуметтікэкономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын тұрақты түрде айтып келеді. Бүгінде Президент тарапынан  шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шараларға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көріп те жүрміз. Соның бір мысалы ретінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге шағын кəсіпкерлік нысандарын тексеруге, профилактикалық бақылауға жəне қадағалауға жарияланған мораторийдің күшіне енгенін айтсақ болады. Осыған сəйкес, аталмыш санаттағы кəсіпкерлік нысандары табыс салығынан босатылған еді. Ал, биыл шекті мерзімнің аяқталуына байланысты барлық деңгейдегі кəсіпкерлік субъектілері салық түрлері бойынша декларациялаудан өтуі тиіс. Бұл туралы толығырақ облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Əлібековтың берген мəліметіне сүйеніп, айтып өтсек дейміз.

МЕЖЕЛІ ІСТІҢ МАҚСАТЫ НЕ?

Бүгінде қолға алынған жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты – əлеуметтік саясатты жетілдіру, көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп, бюджетке қосымша табыс түсіретіні анық. Осыған орай, ел азаматтары жеке активтері мен  міндеттемелері туралы мəліметті биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мемлекеттік кіріс органдарына  ұсынуы қажет. Бұдан кейін келесі жылдан бастап жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеттеледі. Ал, 2026 жылға қарай декларация тапсыруға азаматтардың қалған санаттары да қатысады, яғни іс жүзінде елдің барлық ересек халқы қамтылатын болады. Жалпы, аталған науқан елімізде тек биыл пайда болған жоқ. Салық кодексіне сəйкес ел аумағында  жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың қаңтарынан бастап енгізіліп, 4 кезең бойынша жүзеге асырылып келеді. Алғашқы кезеңде салық құжатын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар ғана тапсырса, өткен жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері жəне олардың жұбайлары декларация тапсырды. Онда 2022 жылдың көрсеткіштері назарға алынып, сол жылғы деректер көрсетілді. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларына, жеке кəсіпкерлер мен олардың жұбайларына декларация тапсыру міндеттеледі.

ҚҰЖАТТА ҚАНДАЙ ИГІЛІКТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ?

Ресми түрде 250.00 үлгідегі нысан негізіндегі «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларация аталатын құжатта ең алдымен азаматтардың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүліктері назарға алынады. Бұл бойынша тұрғындардың шет ел аумағындағы  жылжымайтын мүлкі, жер учаскелері мен жер үлестері, əуе жəне су кемелері, көлік құралдары, арнайы техникасы мен олардың тіркемелері туралы мəлімет көрсетіледі. Сондай-ақ, республика аумағынан тыс жерлердегі жалпы сомасы айлық есептік көрсеткішінің мың еселенген түрінен асқан (3 миллион 450 мың теңге) банк шоттары, заңды тұлғаның қандай да бір жарғылық капиталға үлесі қамтылады. Екінші кезекте Қазақстан Республикасындағы жəне одан тыс жерлердегі мүліктер есепке алынады. Онда тұрғын үй құрылысына келісімі бойынша үлесі, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық пен жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі жариялануы керек. Мұнда бір ескеретіні – ел аумағында жылжымалы  жəне жылжымайтын мүлік санаттары бойынша мəліметтер, екінші деңгейлі банктерге берешек қаржы мөлшері тиісті өкілетті органдарда бар болуына байланысты қосымша есепті қажет етпейді. Сонымен қатар, сенімгерлікке берілген нысандар да құжатта көрсетілуі тиіс.

ТАБЫС САЛЫҒЫН ТАПСЫРУ МІНДЕТІ ТУЫНДАЙДЫ

Бұдан бөлек, көптің көкейінде «зейнетақы шоттары мен банктердегі депозит мөлшері бойынша ақпарат ұсынылады ма?» деген ой туындауы мүмкін. Бұл жағдайда жеке тұлға зейнетақы шотындағы қаржыны өз бетінше  пайдаланса, оны табысы ретінде декларацияда атап өтеді. Ал, депозиттік  шоттар бойынша  жыл сайынғы сыйақы мөлшері құжатта айқындалуы керек. Биылдан бастап активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынған жеке тұлғалар, күнтізбелік жыл үшін кірістері мен мүлкі туралы декларацияны, яғни 270.00-нысанды жыл сайын ұсынуға міндетті. Келесі 2025 жылдан бастап тапсырылатын құжатта жыл сайынғы табыстар мен шегерімдер бойынша ақпарат беріледі. Декларацияны мерзімінен кешіктірген азаматтарға ескерту беріліп, екінші мəрте жалтаруға тырысқандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, жалған мəлімет енгізіп, толық түрде ақпарат бермегендерге үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Аталған құжатты мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) жəне «e-SalyqАzamat» мобильді қосымшасымен электронды түрде немесе мемлекеттік кірістер органдарына бару арқылы тапсыруға болады. Жалпы, бүгінде декларация тапсыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр. Алайда қоғамда кейбір топтардың түсінбеушілікке тап болып, салық төлеуден бас тарту мақсатында жеке мəліметтерді ұсынудан жалтарып отырғаны жасырын емес. Мұнда ескере кететін жайт, қазіргі таңда еліміз бойынша кəсіпкерлік нысандарының табыс салығы деңгейлеріне қарай 1-4 пайыз шамасында  ғана болып отыр. Бүгінде бұл ең төменгі  көрсеткіштердің бірі саналады. Қалай десек те, жалпыға бірдей декларация олигополия мен монополистік іс-əрекеттердің алдын алып, əділ бəсекелестікті дамытатын игі бастама екені анық. Сонымен қатар, бұл қазба байлықтар мен шикізаттан, экспорттан түсетін табыстың жалпыға бірдей əділ бөлінуіне, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімге ұласқан берік қатынастың негізі болатынына сенімдіміз.  

Дайындаған Нұрболат АМАНБЕК.

 

Ұқсас жаңалықтар