Мәдениет саласының майталманы

Мәдениет саласының майталманы
ашық дереккөз
Мәдениет саласының майталманы
Аудандарда да басшылық қызмет атқарып, гендерлік саясатқа өз үлесін қосып жүргендер жетерлік. Олардың атқарып жүрген жұмыстары да ауқымды. Жанаргүл Мырзамбетованы таластықтар ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында тер төгіп келе жатқан маман ретінде жақсы біледі. Ол әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Жылу газбен жабдықтау және ауа бассейнін қорғау» бөлімінде инженер мамандығын, кейіннен «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығын бітіріп шықты. Жанаргүл Битамақызы еңбек жолын 2006 жылы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында сүйемелдеуші қызметінен бастады. Мұнан соң белсенділігіне қарай мәдени-демалыс әдіскері, концертмейстер қызметтеріне жоғарылады. 2011 жылдан бері орталықтың әдістемелік бөлім басшысы лауазымына тағайындалып, үздік жұмысымен көрінді. 2020 жылдан аталған мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Жанаргүл бұл лауазымда да өзінің қолынан іс келетінін көрсетті. Сол кездегі тәжірибелі директор Кенже Пірманмен бірге еңбек етті. Ж.Мырзамбетова осы жылдар ішінде қай лауазымда да өзінің аса жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, терең білімімен, ұтқыр ойларымен ерекше көзге түсті. Қай іске болмасын шығармашылық тұрғыдан қарап, тыңғылықты орындау, өз ісіне деген сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, тынымсыздық пен қажырлылық, үлкен жауапкершілік еңбек жолындағы басты мақсат- мүддесі, ұстанымы болды. Басшылық лауазымнан да бас тартпай, аудан аумағында гендерлік саясаттың жолға қойылуына өз үлесін қосып жүргені өз алдына. Осы жылдар бойы өзін тек қана жақсы маман ретінде ғана емес, сонымен қатар білікті басшы ретінде көрсетіп, көптеген шығармашылық табыстарға қол жеткізді. Қазақ хандығының 550 жылдығына, Астана қаласындағы Жамбыл облысының күндеріне, «Ең үздік ауылдық клуб» байқауына, дәстүрлі өтетін конкурстар мен мемлекеттік мереке күндерін өткізуде жаңа бағдарламалар мен өзгерістер енгізді. Аудандағы «Халықтық» ансамбльдерге қолдау көрсетіп, қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениетін кеңінен танымал етуге өзіндік үлесін қосты. Былтыр қараша айынан бастап Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалды. Аталған орталықта 18 жылдан бері еңбек етіп жүрген Жанаргүл Мырзамбетова енді директор ретінде де үлкен ұжымды биік белестерге бастай беретіні анық. Жанаргүл Битамақызы әр жылдары Талас ауданы мәслихатының Құрмет грамотасымен, Талас ауданы Әкімінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық мәдениет қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталып, Мәдениет саласының үздігі атағын алған. Amanat партиясы Талас аудандық филиалы «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшесі. Отбасында екі ұл, үш қыз, бір немере тәрбиелеп отыр. Мәдениет орталығының директоры ретінде де жұмысын белсенді бастап, алдына сан түрлі мақсаттар қойып келеді. Мәдениет саласында ерекше тер төгіп жүрген Жанаргүл Мырзамбетованың гендерлік саясатқа да қосып жүрген үлесі қомақты.  

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар