Ұлағат жолын жалғаған

Ұлағат жолын жалғаған
ашық дереккөз
Ұлағат жолын жалғаған
Гендерлік саясатқа ерекше үлес қосқан азаматтың бірі – Лидия Ахметова. Бұл күнде 87 жасқа келген апайдың саналы ғұмыры өңіріміздің бірқатар аудандары мен Тараз қаласында, облыстық деңгейде жауапты қызметтерді абыройлы атқарумен өткен. Ол кісіні қазіргі жас буын кең көлемде тани бермеуі мүмкін. Себебі, Лидияның еңбекке араласқан жылдары тым әріден тамыр тартады. Ол кезде қоғам сауатты мамандарға шын мәнісінде зәру болатын. Жоғары білім алғандарды айтпағанда, орта арнаулы білімі барлардың өзі қалаған жерінен жұмыс табатын. Ал, жоғары білімді Лидияның өзі туып-өскен өңірге қызмет етуі – туған жерге деген құрметі деуге болады. Меркі топырағында дүниеге келген Лидия Абылғазықызы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін жақсы үлгеріммен бітіріп, еңбек жолын мұғалім болып бастады. Меркі ауданында еңбек етіп жүрген жас маман бірден көзге түсті. Бұл 1960 жылдар болатын. Мектептегі жұмысынан жоғарылап, бірден аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол уақытта көзге түскен жастарға Коммунистік партияның осындай ерекше қолдауы болатын. Аудандық комсомол комитетінің жұмысын Лидия бірден игерді. Әр кеңшар, ұжымшарды аралап, комсомол жастармен кездесіп, оларды ортақ жұмыстарға жұмылдыра білді. Әр кездесуде ол сөзінің салмақтылығымен, нақтылығымен, тапсырманы орындата алатын табандылығымен ерекшеленді. Сондықтан болар, арада үш жыл өткенде Лидия Ахметова облыстық комсомол комитетінің кезекті пленумында облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне бірауыздан сайланды. Бұл – облыс деңгейіндегі жоғары жауапты қызмет. Лидияның жасы сол кезде 28-де болатын. Жас маман жұмыстың жауапкершілігі мол екенін сезінді. Оған Меркі ауданында комсомол жұмысында жүріп тәжірибе жинағаны да себеп болған шығар. Бір сөзбен айтқанда, жастығына қарамастан облыстық деңгейдегі жұмысында да жақсы қырынан көрініп, үдеден шықты. Ол кезеңнің де жақсы тұстары аз болмаған. Комсомол жұмысында тәжірибе жинаған мамандар партия- кеңес ұйымдарына жауапты қызметке шақырылатын. Лидия отыз жастан жаңа асқан шағында Жамбыл қалалық (қазіргі Тараз) атқару комитетінің хатшысы қызметіне жіберілді. Бұл – өте ауқымды жұмыс, үлкен сенім еді. Лидия Абылғазықызы бұл жұмысты да шашау шығармай, жауапты атқарды. Атқару комитетінің сан с алалы жұмысында абыройға бөленген алдыңғы толқыннан үйренгені де көп. Үлкен қаланың аумағындағы өзекті мәселе, күрделі істердің барлығы атқару комитеті арқылы шешілетін. Сондықтан, хатшы ретінде қайнап жатқан жұмыстың ортасында болды. 1977 жылы Лидия Ахметова Тараз қаласындағы Орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл – өте жауапты, аса лауазымды жұмыс. Лидия Абылғазықызы осы лауазымды қызметте табаны күректей 15 жыл тер төкті. Бел шешіп жұмысқа кірісті. Тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түрді. Ол кезде Жамбыл қаласында да мәселелер аз болмаған. Пәтер алу, коммуналдық қызметтер, жұмысқа тұру мәселелері бойынша тұрғындар бірінші хатшыға көп қайырылатын. Сондай сәттің барлығында Лидия Ахметова мәселелерді әділ шешті, ақиқатын айтып, адалдық жолымен жүрді. Орталық ауданын көтерді. Партияның өзіне тапсырған жұмысына адалдық танытып, ел сенімін ақтады. Сондықтан, қала тұрғындары Лидия Абылғазықызын ерекше құрметтеді. Үнемі аттың үстінде жүрген еңбегін жоғары бағалады. Лидия Ахметованың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Партия, комсомол тарапынан бірнеше марапаттарға да ие болды. 1991 жылдың аяғында Коммунистік партия тарап кеткенше Орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Комсомол мен партия жұмыстарынан басталған қызметіне қай кезде де адалдық танытты. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірақ, Лидия Абылғазықызының мақтау естиін, құрметке бөленейін деп еңбек етпегені анық. Гендерлік саясаттың ауқымы үлкен. Қазіргі таңда облыста лауазымды қызметтерде жүрген нәзікжандылар да аз емес. Ол өзімен бір кезеңде қызмет атқарған замандас сіңлілері Салиха Қамалқызы, Нілзия Рахышева, Күләш Назарбековалардың жұмысын, ізгілік қасиеттерін оң бағалайды. Лидия Ахметова – үлгілі отбасының отанасы. Жұбайы Сапар Убакиев екеуі екі ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан немере, шөбере сүйді. Сапар Убакиев ұзақ жыл М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде еңбек етті. Бұл күнде бақилық болған Сапар Убакиевтің де талай жастың сапалы білім алуына зор еңбек сіңіргенін білеміз. Лидия Ахметова жайлы айтылар сөз мұнымен бітпейді. Ол кісі соңғы жылдарға дейін өңірдің гендерлік саясат мәселесіне, қоғамдық өміріне белсене араласты. Талай маңызды жиындарда тағылымды сөз сөйлеп, қызметке енді араласқан жас толқынға адалдық, жауапкершілік, біліктілік тұрғысынан терең бағыттар беріп жүрді. Мұның барлығын гендерлік саясаттың алға жылжуына қосылған үлес деп тануға болады. Ол кісінің әр жиында сөйлеген сөзінен сабақ алып, оң нәтиже шығарған жас мемлекеттік қызметшілер де аз емес. Олардың арасында нәзікжандылар да жетерлік. Лидия Ахметова бұқаралық ақпарат құралдарына, телеарналарға берген сұхбаттарында үнемі ізгілікті, жастардың Отанға деген патриоттығын, Тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағын кеңінен әңгімелеп жүрді. Қай аудан, ауылға барса да, Лидия Абылғазықызын құрметтеп қарсы алатын отбасылар көп. Осы уақытқа дейін талай кездесулерге шақырылды. Жастарға тағылымды сөзін айтты. Елге жігер беріп, қазақ жастарына талай рет ой салды. Біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастыруға, гендерлік саясаттың сәтті жүзеге асуына Лидия Ахметова секілді өмірлік тәжірибесі мол кісілердің әсері көп. – Тәуелсіз қазақ елінің болашағы баянды. Сол болашаққа жастардың қосар үлесі зор. Әсіресе, білімді жастардың үлесі үлкен. Сондықтан, мен жастарға үлкен сенім артамын. Қазақ жастарының бойында жалынды рух, қайсарлық бар. Сол қайсарлық биік шыңдарға алып шығады. Жастардың бойында жақсы қасиеттердің көптігіне қуанамын, – дейді Лидия Абылғазықызы. Жастарға сенген Лидия Абылғазықызы қазіргі таңда өңірдің сыйлы азаматы. Облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерімен байланысып, хабарласып отырады. Әлі де тың ақпараттардан хабардар болып, белсенділігін көрсетуде. Лидия Ахметова Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы. Ол кісіге сәлем беріп, батасын алатындар көп. Себебі, өмір жолы ұлағатты жан.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар