Жазайыл

Жазайыл
ашық дереккөз
Жазайыл
Бүгінгі ұрпаққа бейтаныс сөздің бірі – жазайыл. Ол – ауыз әдебиетінің деректеріне сүйеніп айтар болсақ, көне мылтық түрі. Жазайыл мылтығы кейде «жезайыл», бір деректерде «жезайыр» болып та айтыла берген. Жазайылдың оқпаны үлкен, салмағы ауыр болған. Білтемен тұтандырылыпты. Әйгілі «Манас» жырында «әбзел» деп аталған жазайылдың сипатталуы оның артиллериялық қаруға ұқсас екенін көрсетеді. Жырда сипатталған жазайыл мыстан құйылып жасалған. Оның жуан оқпаны бірнеше жіппен ағаш түбіне байланған. Қару қорған қамалының аузында тұратын болған. Шойын ядромен оқталған бұл мылтық түрін ату үшін бірнеше адам қызмет жасаған. Мылтықтың бұл түрі XVІІ  ғасырда моғол қамал қорғанысында кездессе, ХІХ ғасырдағы орысша жазба деректерде «Джазааль» (жазайыл) Орта Азия және Қазақстан территориясының қамал қорғанысында қолданылған» деп көрсеткен.  Бұл қаруды ауыр пілте мылтық түрінде қазақ жауынгерлері көп қолданғаны қазақ халық ауыз әдебиетінде жиі айтылады. XV ғасырлардағы жыраулардың жырларында да жазайыл мылтығы туралы өлең жолдары ұшырасады екен. Бұл деректерден жауынгер қазақ халқы тек шоқпар мен айбалтаға ғана сүйенбегенін, бабаларымыз мылтықтың ауыр түрін де ертеректен қолдана бастағанын білуге болады. Сондықтан, жазайыл мылтығы жайлы елімізге қорған болар  жас ұрпақтың біліп жүргені артық болмас.  

Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі энциклопедиясы бойынша дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар