Газбен байланысты оқиғаның көбеюі алаңдатады

Газбен байланысты оқиғаның көбеюі алаңдатады
ашық дереккөз
Газбен байланысты оқиғаның көбеюі алаңдатады
Бүгінде ел аумағында газ баллондарының жарылыстары мен газ-ауа қоспасы тарсылының жиілеп кетуі елеулі алаңдаушылық туғызады. Мәселен, өткен жылы баллондардың жарылуы мен газ-ауа қоспасы тарсылы болған 128 оқиға тіркелген. Онда 21 адам қаза тауып, 167 адам түрлі жарақат алды. Биылдың өзінде жыл басынан бері газ-ауа қоспасының тарсылы болған 4 оқиға тіркелді. Онда 3 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды. Газ баллондарының жарылуы мен газауа қоспасы тарсылының  негізгі себептері қауіпсіз пайдалану талаптарын және тұрмыстық газ баллоны мен газ жабдығын сақтау ережелерін бұзу, олардың дұрыс жұмыс істемеуі болып табылады. Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі жаппай газбен байланысты өрттер мен оқиғалардың алдын алу бойынша үгітнасихат іс-шараларын жүргізіп, жылыту кезеңіне ерекше назар аударуда. Еліміз бойынша жылыту маусымына дайындық кезінде азаматтарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру және пештерді дұрыс салу бойынша өрт қауіпсіздігі акциялары өткізілді. Мамандар жылыту маусымы басталғаннан бері 1,6 миллионнан астам үйді аралап, 3 миллионға жуық азаматқа нұсқау берілді. Өткізілген іс-шараларға қарамастан, былтыр қатты отынмен жанатын пештен шыққан улы газбен уланудан 11 адам қаза тауып, 42 адам жарақат алды. Улы газбен уланудың негізгі себептері – жабық тұрған жапқыш, бітелген мұржа, пештің тартпауы, пештегі жарықшалар. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, өрттің алдын алуға шақырады. Газ жабдықтарын уақтылы тексеріп, ақауы болса жөндеу қажет. Газ баллондарын тек мамандандырылған ұйымдарда толтырған жөн. Автожанармай құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынады. Сонымен қатар, мұржаларды да уақтылы тазалап, пештерді жөндеу қажет. Ақаулы жылыту аспаптары мен газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынатынын білген жөн. Газ баллонын суықтан жылы жерге кіргізіп, жылу көзінің жанына қоюға болмайды.  

Жүрсінгүл Жақып

Ұқсас жаңалықтар