Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзетулер енгізілуде

Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзетулер енгізілуде
ашық дереккөз
Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзетулер енгізілуде
Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту жəне оған құрылыс салу белгiленген тəртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын жəне аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сəйкес əзiрленетiн негiзгi қала құрылысының құжаты болып табылады. Бас жоспар дегеніміз – жобаның құрылыс объектісін жоспарлау жəне абаттандыру, ғимараттарды, көлік қатынас жолдарын, инженерлік жүйелерді орналастыру, шаруашылық жəне тұрмыс қызмет жүйелерін ұйымдастыру мəселелерінің кешенді шешімі бар бөлігі. Бас жоспардың мақсаты – аумақтың жоспарлы, үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, адамдар үшін қолайлы жəне қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Бас жоспарда: – əлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк жəне инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан жəне болжанып отырған демографиялық жəне əлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары; – осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу жəне пайдалануды шектеу; – елдi мекеннiң құрылыс салынған жəне салынбаған аумақтарының арақатынасы; – жердi басымдықпен иелiктен айыру жəне сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар; – аумақты табиғи жəне техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) əсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шаралар; – кешенді көлік схемасын, көше-жол желісінің бас схемасын жəне жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын қамтитын бас жоспардың көліктік бөлімін əзірлеу жөніндегі негізгі бағыттар; – елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгіленедi. Республикамыздағы қала құрылыстарының даму бағдарламасын жəне оның жүзеге асуы жөніндегі стратегиясы мен тактикасын айқындайтын бас жоспар мен сəулет саласы арасында тығыз байланыс бар. Тіпті, мұның екеуін бір-бірінен бөліп қарастыру еш мүмкін емес. Бас жоспарды тек қалалардың еншісіндегі іс деуге болмайды. Өйткені, үлкенді-кішілі кез келген елді мекен мұнсыз дами алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бас жоспар – адамдарға қолайлы əрі ыңғайлы орта қалыптастыру деген сөз. Ал, мұндай орта оларға сапалы өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуі үшін аса қажет. Негізі қаланың бас жоспарлары ұзақ мерзімге, нақтырақ айтқанда, алдағы 20-30 жылға болжамдар жасау арқылы жасалады. Айталық, Тараз қаласының бас жоспар жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілген. Осыған орай, бірегей мұраны сақтау үшін жəне қаланың сəулеттік-көркемдік келбетінің деңгейін жақсарту, дамыту үшін Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзету енгізу жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнде жобалаушы мекеме «Қолдау» ЖШС тарапынан бас жоспар жобасының сатысы үшін барлық жобалық құрамы жобаланып, қалалық жəне облыстық мəслихаттарға ұсынылып, келісім алынды. Ендігі кезекте келесі кезеңдерді іске асыру үшін, яғни  Қазақстан  Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің  «Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитетіне» кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу, кешенді сараптамадан кейін Қазақстан Республикасының тиісті министрліктерінің келісімдерін алу, соңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіп, Тараз қаласының бас жоспар жобасы негізінде қаланы одан əрі дамыту жұмыстары жүргізілетін болады.  

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,

облыс əкімдігі сəулет жəне қала құрылысы басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар