- Advertisement -

Абайдың рухани әлемі

54

- Advertisement -

Жанқұтты шешеннің батасы

Жанқұтты шешен Абайды сынау үшін бірнеше сұрақ береді. «Шамның жарығы қайда түспейді? Дауасыз не? Пышақ нені кеспейді?», – дейді. Абай мүдірместен «Шамның жарығы түбіне түспейді, дауасыз кəрілік, пышақ сабын кеспейді», – деп жауабын береді. Абайдың тапқырлығына, зеректігіне риза болған шешен Абайға қарап, «Қөзің оттай жанып тұр, ақын боларсың, маңдайың кең жазық екен, данышпан боларсың», – деп батасын берген екен. Қандай көрегендікпен айтылған дуалы сөздер. Кейін Абай ғұлама ақын, данышпан болғанына өткен тарих куə.

Абайдың даналық сөзі 

Тобықты елімен көршілес төлеңгіттен шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай жиналған елге қарап, «Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді», – дейді.

Сонда азалы елдің бір үлкен адамы «Абай-ау, сен дана емес пе едің. Ол не дегенің, Меңаяқ өз атының басын емес, рулы елді билеген би емес пе?», – дейді. Оған Абай: «Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Бақ көтерсе, таққа отыру бола береді. Бірақ, оның буымен өзін өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ содан аулақ жан еді. Оның зор адами қасиетінің өзі сонда еді», деп жауап берген екен. Абайдың даналықпен айтқан орынды нақыл сөздеріне жиналған жұрт риза болады.

Абайдың үш жұрт туралы айтқандары

Қазақ халқында əр азаматтың үш жұрты болады. Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Өз жұртың күншіл, бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды. Жақсы болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді. Қайын жұртың міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Əрқашан тілеуқор, қамқоршы.

Абайдың тапқырлығы

Құнанбай Абайға үш ескерту жасайды: «Сен жұрттың бəріне күліп қарайсың, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге  кадірің болмайды. Көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел үлгі алатын қылық ол емес. Орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», депті. «Бірінші сұрақтың жауабы  – шыңыраудағы су қолында құралы бар бірен-саранға ғана тисе, жайдақ су қара халыққа пайдалы. Екінші сұрақтың жауабы – көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл. Татымсызға қылған болыстық адамды бұзады. Кішіпейіл болу адамның асыл қасиеттерінің бірі емес пе? Үшінші сұрақтың жауабы – мен өнер, білім үшін орысшылмын», дейді.

Абайдың толық адам идеясы

Абай «Бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық. Енді жер орта жасқа келгенде қажыдық, жалықтық адам өмірінің жалған, баянсыз екеніне көзіміз жетті. Шариғатта адамның басы Алланың добы, Құдайсыз қурай да сынбайды деген. Бір күндік жарық дүние ең басты құндылық. Өмір сүру үшін күресу керек. Өлім адам өмірінің соңы емес, жалғасы деп өмір сүруі тиіс. Ал, шариғатта жақсы адам о дүниеге Алланың разылығын алып аттанады дейді. Міне, осындай адам – Абайдың толық адамы, Алланың сүйікті құлдары десе де болады. Бұл шығарма əлемдік деңгейде жазылған философиялық ойлар мен идеяның жемісі. Хакім Абай адамзат өмірдегі қайшылықтарды тек ақыл- парасатпен, даналықпен, жақсы идея арқылы ғана шеше алады деген тұжырым жасаған.

Абайдың кедейшілік туралы айтқаны

Бірде Абай əйелі Əйгерім екеуі шай ішіп отырғанда үсті-басы жыртық киімі бар алқам салқам еңгезердей бір жігіт сəлем беріп кіріп келеді.

Абай бірден Əйгерімге: – Мынау кім? – дейді.

– Бұл қойшы, есімі  Көкше, – дейді.

«Əй, Əйгерім сен қойды жақсы көресің, қой баққан кісіні жалаңаш қоясың. Тоңған, ашыққан адамда ақыл, қайрат бола ма, бұл да өзіңдей адам емес пе?» – деп ұялтқан екен. Қойшы шайға қанып болғасын, Абай «Ей, Көкше, енді ертегі айтшы», дейді.

– Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын?

– Сені кім кедей қылды?

– Мені кедей қылған Құдай-дағы.

– Не Құдаймен бұрыннан араздық, өштігің бар ма еді?

– Жоқ.

– Ендеше неге Құдайдан көресің?

– Мал бермеген соң айтқаным ғой.

– Құдайдың елге үлестіріп жатқан малы бар ма еді! Қойшы үндемепті. «Одан да талаптан, еңбек ет, мал тап. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген екен. Бұл сөз қанша уақыт өтсе де мағынасын жойған жоқ. Ел аузында жиі айтылады.

 

Қабылан КӨРПЕБАЕВ,

еңбек ардагері, 

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support