Әскери борышын өтеп, тегін оқуға мүмкіндік алды

Әскери борышын өтеп, тегін оқуға мүмкіндік алды
ашық дереккөз
Әскери борышын өтеп, тегін оқуға мүмкіндік алды
Отан, атамекен ұғымдары қай кезеңде болсын, барлығымыз үшін қастерлі де қасиетті. Ал, Отанға адал қызмет ету, оны қорғау – ер азаматтың асыл борышы. «Отанды сүю – иманнан басталады» десек, туған ел мен туған жерді сүю де әрбір отбасынан басталса керек. Отанды сүйіп, оған адал қызмет етумен бірге, оны қорғаудың ерен үлгісін даңқты қолбасшы, халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы лайықты дәлелдей білді. Адамзат тарихындағы үлкен соғыстардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыста ел қорғап, ерлік көрсеткен даңқты қолбасшының өміршең ерлік даңқына толы өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгіөнеге. Баукеңнің өсиет сөздері де жас ұрпаққа өнеге. Соның бірінде Батыр Баукең: «Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе, менің үнімді, жете ме саған менің даусым? Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көпұлтты социалистік Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол – Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер!»,– деп терең толғанады. Отанды сүюдің үлгісін Баукеңнен артық айтып жеткізген ешкім жоқ шығар, сірә. Жастар – елдің болашағы, Отанның тірегі де дәл осы жас буынның өкілдері. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның іргесін бекітіп, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға өздерінің мол үлестерін қосып жүрген патриот жас азаматтар арамызда жетерлік. Жастарды Қарулы Күштердің қатарына тартуға мемлекет тарапынан көптеп көңіл бөлінуде. Соның бірі – биылдан бастап Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар енді өздері қалаған мамандықта тегін білім ала алады. Олар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орнының бірін таңдауға құқылы. Биыл талапкерлерге бөлінген гранттың саны 3000-ға жуықтайды. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі тапсырмасының негізінде қолға алынып отырғанын да баса айтқан жөн. Қасиетті Жуалы ауданын батырлар мен генералдардың елі десек, Отанның күзетінде азаматтық борышын өтеп жатқан азаматтардың бірқатары әскери тәртіп жағынан болсын, дене даярлығы, басқа да талаптардың үдесінен шығып, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үстінде. Әскер қатарында болып, онда үлгілі қызмет еткен жуалылық ер-азаматтардың қатарында Жетітөбе ауылдық округінің азаматтары, ағалыінілі – Еркебұлан мен Еркеғали Әбіқай да бар. Ағайынды жігіттер ауылдық округке қарасты Тасбастау ауылында қарапайым отбасында тәрбиеленген екен. Отбасында бес ағайынды болса, 2000-2001 жылдары туған Еркебұлан мен Еркеғали – үйдің кенжелері. Осындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте білім алған ағалыінілі азаматтардың үлкені Еркебұлан  Алматы қаласындағы теміржол мамандарын даярлайтын колледжге оқуға түседі. Ал, інісі Еркеғали әртүрлі жұмыстармен айналысады. Содан 2022 жылдың қазан айында олар әскер қатарына шақырылып, бір қызығы, ағайынды азаматтардың екеуі де бір әскери бөлімге түсіп, сонда Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтейді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен әскерге аттанған Еркебұлан мен Еркеғалидың әскердегі қызмет жолы Отардағы 30212 әскери бөлімінен басталып, онда бес ай әскери өмірдің машықтарына үйренгеннен кейін ғана оларды Өскемен қаласындағы «Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөліміне» ауыстырады. Олар сонда әскери борышын үлгілі атқарып, бірқатар жетістіктермен жақында ауылға оралды. – Былтыр қазан айында інім Еркеғали екеуіміз әскерге шақырылғанбыз. Әскери өмірге шыңдалуыма ең біріншіден даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, қасиетті өңірдің жұлдызын биіктеткен генералдар туған киелі өлке – Жуалы ауданының көп әсері болғанын баса айтқым келеді. Кейіннен есейе келе ауылдың еңбегіне араласқанымыз да ерік-жігерімізді шыңдағаны анық. Негізінен ер азаматтың міндеті – Отанды қорғау, оған адал қызмет ету. Біле-білгенге, бұл үлкен міндет. Біз де інім екеуіміз әскери борышты өтеуді негізгі міндетіміз деп түсініп, Отанның күзетінде болғанымызды мақтан тұтамыз. Әскерден жан-жақты шыңдалып, онда нағыз ер-азаматқа қажетті көп дүниелерді үйреніп келдік. Бұл бір жағынан, ер-азамат үшін мақтаныш, биік жауапкершілік болса, екінші жағынан ата-ана мен отбасының алдында да үлкен абыройлы іс, – дейді талапты жас Еркебұлан Әбіқай. Ағайынды азаматтар – Еркебұлан мен Еркеғали әскери борыштарын өтей жүріп, онда көптеген жарыстарға қатысып, қатарластарынан үнемі алдыңғы орындарда жүргендерін айтады. Ағалы-інілі сарбаздардың үлкені Еркебұлан жарыстарда көзге түсіп, дене жаттығуларында үнемі алда болғаны үшін «Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің» командирі, полковник А.Абикеновтың қолынан Алғыс хат алады. Онымен қоса, ол әскери қызметті мүлтіксіз атқарғаны үшін ҚР «Әуе қорғанысы күштері әскери институтының» жоғары оқу орнына түсуге арналған сертификатын да қоса иеленеді. Ал, інісі Еркеғали да әскер қатарында ротаның көшбасшысы болып, мерзімді әскери қызмет барысында үлгілі әскери тәртіп және өз қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін бөлім командирінің Алғыс хатымен, медальмен марапатталады. Қос ұлы Еркебұлан мен Еркеғалидың әскерде жоғары жетістіктерге жеткені ең біріншіден анаға үлкен қуаныш. Осыны ескерген әскери бөлімнің басшылығы үлгілі жауынгерлердің анасы Раушан Қаржауованы да Алғыс хатпен марапаттауды жөн деп тапқан. Әскери өмірдің ыстық-суығын көріп әбден ысылған қос азаматтың алға қойған жоспарлары өте көп. Үлкені Еркебұлан келер жылы Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби маман атануға ниет етіп отыр. Еркеғали да тұрақты жұмысқа орналасып, елдің дамуына өзінің пайдасын тигізуді мақсат етуде. Бір сөзбен айтқанда, бір отбасының перзенттері тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылы отбасына, оның ішінде, аналары – Раушан Қаржауоваға әскердегі үлгілі тәртібі және жарқын жетістіктерімен қуаныш сыйлағандарына дән риза. Өсер елдің ұландары осындай болса, қанеки...  

 Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар