Итке бұйырған сыбаға

Итке бұйырған сыбаға
ашық дереккөз
Итке бұйырған сыбаға
Бірде жақын танысым сыр тартып әңгіме айтқан еді. Мені қызықтырғаны соншама, көпке дейін ол ойымнан шықпай жүрді. Облыс орталығындағы беделді бір мекемеге Алматыдан басшы болып жаңа бастық келеді. Отбасы Таразға қоныс аудармай, Алматыда қала береді. Әлгі бастық жұма сайын екі қаланың ортасын жол қылып, сабылып жүреді. Өзі мекеменің есебінен қала орталығынан кең пәтер жалдап, жайбарақат тұрып жатады. Жаңа бастыққа жақсы көрініп, оның оң қабағына ілігуге, оған жақындау жүру үшін бұл екі аяқты пенде неге бармайды дейсіз. Менің танысым реті келгенде сол алматылық бастығын үйіне қонаққа шақырып, жақсылап сыйлап, кеш соңынан өзінше оған сый-сияпат жасамақ болып: – Біздің сөзімізді жерге тастамай, үйге қонақ болып келгеніңізге ризамыз. «Қуыс үйден құр шықпа» демейтін бе еді қазақ атамыз. Менің сізге арнайы дайындап жүрген бір жылқым, яғни соғымым бар еді. Соны жемдеп-байлап, жақсылап семіртіп, Жаңа жылға қарсы Алматыдағы үйіңізге өзім жеткізіп беремін, – деп асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Бастығы: – Жақсы, жарайды. Көргеніңіз бар екен. Сіз басқалардан оздыңыз, Бәке, – деп балбырап, быртиған май-май қолымен үй иесінің арқасынан қағып, жылы қабақ білдіреді. «О, жаратушы Құдай, жарылқай көр! Сый-абыройға кенелтіп, қызметімді алға жылжыта бергейсің!», – деп көңілі шалқып, масайрап бұл қалады. Содан әлгі менің танысым жаны қалмай бесті биені байлатып, оны «қолы майлы» бір шалға екі-үш ай жемдетіп, әбден семіртіп, Жаңа жылға бір апта қалғанда бастығына кіріп, Алматыдағы мекенжайын алып, кезекті сенбі күні соғымды сойғызып, санын сан, жілігін жілік, жаясын жая, жалын жал етіп, төрт елі келетін қазысын айналдырып, әрқайсысын жеке-жеке жылтыр қағазға оратып, бір түйірін қалдырмай бөлек-бөлек бірнеше ақ таза қапқа салғызып, жеңіл машинаға тиеп, Алматыға тартады. Күннің қытымыр, сарышұнақ аязына қарамай, жолдың ақ қар, көк мұз тайғағын елемей, бірнеше жүздеген шақырым қашықтықты артқа тастап, күн ұясына отыра бере үлкен қалаға жетеді. Баратын жерін әркімнен қайта-қайта сұрап, түнделетіп «әупірімдеп» бастығының үйін әрең тауып алады. Үш-төрт метрлік биік дуалмен қоршалған атшаптырым аумақты алып жатқан үй Алатаудың бөктеріндегі «Көктөбенің» желкесіндегі қара халық «Царское село» деп атап кеткен ығай мен сығайлар тұратын аймақта екен. Көшеде қыбырлаған бір тірі жан жоқ десең де болады. Айналада құлаққа ұрған танадай тыныштық. Тек әр үйдің тұсынан өте бергенде зор дауыспен әупілдеген не шәуілдеген әртүрлі иттердің дауысы естіледі. Әр үй өзімен өзі, жеке-жеке, келген жау оңай ала алмайтын берік қамал дерсің. Үлкен ауыр қақпаны тоқпақтап, қоңырауын тынымсыз басып жүріп, дуалдың арғы жағындағы кезекші қарауылды әрең дегенде тілге келтіреді танысым. – Қақпаны қатты соғуға болмайды. Түн ішінде елді дүрліктіріп жүрген кімсіңдер? Кім керек? – деген дыбыс естіледі тық етіп ашылған қақпаның кішкентай форточка-тесігінен. Бұлар жөнін айтады. – Тоқтай тұрыңыздар. «Хозяин» үйде жоқ. Қазір «хозяйкаға» айтайық. Жауабын күтіңіздер, – деп кішкене тесік-саңылау тырс етіп жабылады. Содан 10-15 минуттан кейін салдыр-гүлдір етіп үлкен есік-қақпа айқара ашылады. Сірә, «хозяйкасы» есікті ашып, бөтен көліктің ішке енуіне рұқсат еткен болуы керек. Кең ауланың төрінде нақышына келтіре соғылған еңселі үш қабатты әсем, көлемді үй көрінеді. Аулаға көз қаритын пәленбай нейрондық электрошамдар самаладай жарық беріп тұр. Үйге баратын аяқжолдың екі қанатында ақ қарға малынған жасыл шыршалар қаздай тізіліп, мүлги бой түзеген. Үйден жеңіл спорттық костюм киген толықтау әйел сыртқа шығып, екі бүйірін таянып тұра қалып, «түнгі қонақтарға» қасқая қарайды да, оң қолымен «ана жаққа қарай жүріңдер» деп белгі беріп, кең ауланың оң қанатын көрсетеді. Көлікті оңға бұрса, алдарынан бірнеше ит қорасы кезігеді. Темір тордың арғы жағында жеке-жеке торға қамалған ақсиған тістерін сақ-сақ еткізіп, тайыншадай 5-6 төбет тынымсыз арсылдап, көздері қанға толғандай алақ-жұлақ етіп, темір таяқшаларды ағаш құрлы көрмей тынымсыз қарш-қарш шайнап тұрады. Түрлерінен адам шошитындай тым үрейлі. Тордан шықса болды, кімді болмасын қан жосасын шығарып, пәршек-пәршек етіп шайнап тастауға дайын тұр. Дүңгіршіктен шыққан зор денелі ер кісі екі қолын көтеріп, «бері қарай жүріңдер» дегендей белгі береді. Иттердің қатарынан өте бере әлгі жігіт қолын айқастырады. Бұл, сірә, оның «осы жерге тоқтаңдар» дегені болу керек. Көлігін тежеп, «түнгі қонақтар» сыртқа шығады. Жаңағы иттер жанталаса, жарыса әупілдеп, жұлынады. – Ал, қане, әкелген еттеріңізді осы жерге түсіріңіздер, – дейді алдындағы талтаң-талтаң еткен «жергілікті жігіт». – Неге? Ет сақтайтын басқа орындарыңыз жоқ па еді? Мынау иттердің жанындағы сарайға түсіре береміз бе? – деп таңғалғандай болады соғым әкелгендер. – Иә. Осы жерге түсіреміз. Әкелген еттерің осылардың азығы ғой. – Жоқ, кешіріңіз. Бұл жерде бір білместік, түсініспеушілік болар. Біз Тараздан басекеңе арнайы соғым алып келіп едік... – Мұндай етті олар жейді деп кім сендерге айтып жүр. Басекеңдер шетелдік, арнайы дайындалған диеталық тамақ ішеді. Сендер алып келген жылқы еті мына иттерге тамақ. Оларға да күнделікті тамақ керек. Ұқтыңдар ма?! – Сонда қалай?.. Әуре болып, біздің сонша жерден дайындап әкелген мына семіз қазы-қартамызды, жал-жаямызды итке жегізесіздер ме? – Неменеге ауыздарың ашылып, меңіреу адамдай таңғалып тұрсыңдар? Вы не первые и не последние. Бұлар анау-мынау маубас иттер емес, күзет қызметін қалтқысыз атқаратын бағалы, асыл тұқымды төбеттер. Сондықтан, бұл иттерге арнайы күтім, құнарлы тамақ керек. Тіпті, оларды күтетін, күнделікті қарайтын жоғары білімді ветеринар дәрігерлеріміз де бар. Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Қане еттерің, түсіріңдер! Бастығына соғым алып барған менің танысым әлгі жігіттің сөзін ары қарай тыңдауға мұршасы келмей, құлағы шыңылдап, екі көзі қарауытып, қара терге малынып, буындарынан әл кетіп жерге отыра қалады. Ары қарай не болғаны есінде жоқ. Есін қалалық ауруханада жиыпты. – Несін жасырайын. Содан тұла бойым дел-сал, ішкі дүнием әлем-жәлем, кері жол жүруге дәрмен жоқ, қаланың шеткерілеу қонақ үйінен орын алып, басекеңнің жасаған қорлығына шыдамай, бір апта бойы сыртқа шықпай, есімнен танғанша арақ іштім. Өмірімде көрмеген масқаралықты, кесірлікті, еңбекті бағаламауды, сыйламауды, қорлықты мен сол жолы өз басымнан кешірдім. Көңілімнің қалғаны соншалық, қалаға келгеннен кейін арыз-өтініш жазып, үйренген қызметімді мүлдем тастап, басқа салаға ауысып кеттім. Сол бір оқиға кей-кейде есіме түссе, осы күнге дейін қара тер маңдайыман бұрқ ете қалады. Адамның еңбегін жоққа шығарып, жүрегін жаралап, көңілін түсіріп, аяусыз қорлаудан, масқаралаудан қиын нәрсе жоқ екен бұл жалған дүниеде. Сірә, бұл оқиғаны өмірімнің соңына дейін ұмыта алмаспын, – деп аяқтап еді өз әңгімесін менің танысым. Шынында, мына алмағайып, беймаза дүниеде не болмайды дейсіз. «Жүре берсең, көре бересің». «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген сөз осындайдан шықса керек, сірә.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар