- Advertisement -

ТӨРЛЕТ ҰЛЫ ДАЛАҒА, ҰЛУ ЖЫЛЫ!

54

- Advertisement -

Көне түркілер тағылымынан тамыр тартқан Жаңа жыл мерекесі бұл күнде шыршаны айналған адамзат баласымен бірге жер шарын да шарлап кеткені белгілі. «Ёлка» – «иол» ағашы, жол ағашы. Дана халқымыздың наным-сенімінде айдаладағы жалғыз ағашқа шүберек байлау үрдісі болғаны жасырын емес. Һәм оны айналу секілді дүниелер де болған. Тіпті, Жаңа жыл мерекесі сонау Атилланың заманында тойланған деген де деректер баршылық. Айналып келгенде Жаңа жыл мерекесі де адамзат тарихында өзіндік орны бөлек, рухы биік түркі бабаларымыздың тағдыр-тіршілігімен байланысы бар. Ал, ұлу дегенде ең алдымен көз алдымызға көл жағалап, өзен бойлап жүретін, кербез әрі сауытты жәндік елестейтіні анық. Су, яғни тіршілік нәрінің маңын паналағандықтан да ол құрғақшылықтан ада.

Қазір көптеген ғалымдар Жаңа жыл қарс аңындағы шыршаны безендірудің христиандықпен еш байланысы жоқ деп есептейді. Олардың дәлелі бойынша Христиан діні пайда болған Палестинада немесе Египетте шырша өспейді. Жерорта теңізінің айналасында өмір сүрген алғашқы христиандар шырша көрмеген. Олардың пайымдауынша, шыршаны безендіру, қасиетті ағаш санау түркілерден енген дәстүр.

Көне түркілерде шырша үшбұрышты, әрқашан жасампаз Көк Тәңірі кеңістігі – аспанға бағытталған киелі ағаш болып саналған. Үш мың жыл бұрын Сібір мен Алтай айналасында түркілер шырша арқылы мерекені тойлап, оны шаңырағына алып келіп, түрлі маталармен безендіріп, айналасына от жағып, би билеген, ән айтқан. Қасиетті ағаштарға ақ жіп байлау дәстүрі әлі де бар.

Ал, жаһандық тауарихтың дерегінше, Жаңа жыл тұңғыш рет Месопотамияда тойланған. Ғалымдардың айтуынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен. Жаңа жылды тойлау межесі Тигр мен Евфрат өзендеріне су толып, егін шаруашылығының басталған кезіне тура келеді. Уақыт өте келе, мереке Бабыл тұтқындары арқылы гректерге, ал гректерден Еуропаға тарай бастаған. Рим императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе енгізген кезде, Жаңа жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелген. Римдіктер Жаңа жылды сәтті өткізу үшін бірінші күнді қуанышқа толы етіп қарсы алатын болған. Сондай-ақ, Жаңа жыл көне Мысыр елінде де тойланып келген екен. Ондаған ғасырлар бұрын шаруашылықта жаңа маусымға септік болатын Ніл өзені суының толасуының өмірлік маңызы бар болыпты. Сондықтан, сол күннен бастап жаңа күнді тойлау дәстүрге айналып келеді. Яғни, адамзат баласы ықылым заманнан молшылық пен ырыстың толысуын тойлайтын болған.

Түрік жазушысы, жоғарыда атап өткен көне Месопотамияны мекендеген шумер өркениетінің әлемге әйгілі зерттеушісі Муаззез Ильмие Чиг нақ осы түркілер шырша безендіруді Еуропаға таратқан деп санайды. «Рождество немесе Жаңа жыл шыршасын безендіру дәстүрі Еуропаға Шығыстан – қазіргі түркілердің ата-бабаларынан келген. Түркі тайпалары бұл ағашты «өмір ағашы» санаған. 22 желтоқсан күні шыршаны кесіп әкеліп, ең ұзақ түннің күнге ауысуын тойлаған», – дейді ол.

Орыстар «Ёлка» деп атайтын ағаш – бастапқыда «ель» ағашына байланысты шыққан делінеді. Бірақ шырша безендіру түркілерден тарайды деп есептейтін ғалымдар (кедр, сосна) оның бұл мерекеге қатысы жоқ деп санайды. Бұл термин түркілерше «ел» (халық) және көкке апаратын «жол» дегенді білдіреді екен.

Белгілі түркітанушы Серік Ерғали «Бүгінгі Аяз ата мен Ақшақарыңыз бізге 1930 жылдары Сталиннің бұйрығымен кіргізілген. Түркілер шыршаны «үйілгеннің ағашы» дейді. Үйілген дегеніңіз – «иолған» деген сөз. Өйткені түркі сөздері кейде жуан, кейде жіңішке болып айтыла береді. Яғни «елка» деп жүргеніміз, «иол» «жол», «жолшы» дегенді білдіреді. Сол «жолшыңыз» қазіргі тілмен айтсақ, Қызыр ата деген ұғымға саяды. Сібір халықтарында, яғни түркілерде «күннің туылуы» деген мейрамдар болған. Оны «нартуған» деп атаған. Чуваштар, татарлар, башқұрттар сол нартуғанды қайтадан қалпына келтіріп, тойлап жүр. Оларда «желтоқсанның 21-22-сінде күн өледі де, 25 желтоқсанда қайтадан туылады» деген сенім болған. Осы мерекені Рим империясы Иса пайғамбардың туған күні ретінде енгізіп жіберген. Мұны Еуропаның өзі де жоққа шығармайды. Сонымен қатар, 25 желтоқсанда «ежелгі дінсіз халықтардың күнге табыну мерекесі болған» деген нұсқа бар. Сол мерекеге орай Исаның туған күні белгіленген делінеді. Мұнан ұғатынымыз, Жаңа жылдың бүкіл атрибуттары, ырым-жоралғылары түркілерге тән. Ғұндар Еуропаны жаулағанда барлық құндылықтарын сол елдерге ала барған. Рим империясы халықты ауыздықтау үшін амал жоқтықтан осы мерекеге христиандық сипат беруге тырысқан. Осындай деректерге қарай отырып, бұл мерекені «Жаңа жыл» деп әспеттемесек те, күнтізбелік жыл басы ретінде атап өтуге болады», – дейді.

Желтоқсанның 22-сі күні көне түркілер ең ұзақ түннің күнге қарай ауысуын атап өтіп, алып шыршаны айнала билеген, кей ғалымдар «айналайын» сөзінің шығу төркіні осы әдетте жатыр деп пайымдайды.

Ежелгі наным-сенімдерде бұл күн сонымен бірге Адам ата мен Хауа ананың өмірге келген уағы саналған. Сондықтан, ескілікте осы күні үйлеріне жасыл желекті ағаштарды қырқып әкеліп, оларды қызыл түсті алмалармен безендіріп қоятын болған. Айтқандай, жұрт XV ғасырдан бастап қылқан жапырақты ағаштарды шыны шарлармен және басқа да ойыншықтармен безендіру үрдісі қолданысқа енген.

Түркі халықтарының тарихын зерттеген жазушы Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» атты кітабының бір тарауы «Шыршалар мерекесі» деп аталады. Мұрат Аджи бұл мереке құдайлар мен аруақтар мекені – Жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер-Судың (Иерсу) құрметіне арналғанын, Жер-Судың жанында үнемі ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүргенін жазыпты. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті. Ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің назарына түссін деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып, «түн кетіп, күн келсін» деп ән салған.

Қалай дегенмен, адамзат тарихындағы атаулы осы күн тұңғыш рет тұлпар ерттеп мінген түркі бабаларымызға жат емес. Оған иландыратын жүз аңыз, мың мысал да жетерлік.

Ал, Ұлы Дала үшін ұлу жылы да тағдыршешті тарихи сәттерге толы. Алаштың арғы-бергі тарихында дәл осы ұлу жылы түркі әлеміне мәшһүр ғалым Жүсіп Баласағұн, әйгілі Әлкей Марғұлан секілді тұлғалар өмірге келген болатын. Бұл ұлу жылы да «Жаңа Қазақстанның» тарихын жасайтын талай оғлан ұрпақтың бесігін тербете жатар деген сеніміміз мол.

Хәкім Абайдың қасиетті қара сөзімен қорытындыласақ, «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Бұл мереке расымен адамзат баласы үшін өз-өзіне есеп беретін сәт.

Ұлу жылы Ұлы Дала төрінде табысты, абырой арқалайтын жыл болғай!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support