Ай дидарлы алыбым-ай!..

Ай дидарлы алыбым-ай!..
ашық дереккөз
Ай дидарлы алыбым-ай!..

Немесе жадымда қалған жарқын жүздесулер

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген ғой бұрынғылар. Бірде барлық аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары обкомға шақырылды. Бұл шақыртуға демалыста жүруіне байланысты Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Торғаев қатыспай, оның орнына орынбасары мен бардым. Бізді облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш. Бектұрғановтың өзі қабылдады. Мен бірінші хатшылар жайғасқан орынға бармай, әдеп сақтап, екінші қатарда отырған болатынмын. Ол кісі жақын арада облысымызға, оның ішінде Шу өңіріне Д.А.Қонаевтың келетіні жайлы айта келіп, Димекеңді қарсы алуға, күтуге арналған дайындық туралы қыруар тапсырмаларын беріп болды да: – Қалай, уақыт болса тығыз. Дайындалып үлгере аласыңдар ма? – деп сұрады. – Үлгеруге тиістіміз? – дедім (басқа ештеңе дей алмаймын да ғой). – Қанша дегенмен, Торғаев болса, жұмыста жоқ. Шуға Жақаңның өзінің барғаны дұрыс шығар (облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Жапар Түйебековті айтады). Қалғанын сол кісімен сонда барған соң кеңесерсің. Сенің бас кеңесшің өзіңнің ағаң болады, – деп аяқтап еді сөзін Бектұрғанов. Хасан Бектұрғановтың «Сол Шуға Жақаңның өзінің барғаны дұрыс шығар» деуінің, былайша айтқанда, жөні бар. Өйткені, Жапар ағамыз – Шудың тумасы. Ол кісі 1960 жылдан 1971 жылға дейін қатарынан 11 жыл бойы туған өңірін басқарып, оның өсіп-өркендеуі жолында шын мәнінде ыстығына күйіп, суығына тоңған, бар білімі мен күш-қуатын жұмсап, қисапсыз еңбек сіңірген сол заманның тұлғасы. Димекең Шу ауданын Жақаң басқарып тұрған кезде онда да егін орағы кезінде бірнеше рет іссапармен келіп, аралап кететін болған. Ол қашанда іссапарлармен ел аралағанда өзін қарсы алған басшылармен қол беріп амандасқан соң: «Ел-жұрттарың аман-есен бе?» – деп сұрайды екен. Шуға келген осы сапарында да сол әдетінен айныған жоқ. Айтпақшы, осы Шу өңірінде бұл кісінің аталас біршама ағайындары бар көрінеді. Дастархан басына жайласқан соң, солардың әрқайсысының аттарын атап, өздерінің және отбасыларының амандықтарын сұрастырып отырды. Енді бірде: – Әбішев Ақылбектің жағдайы дұрыс па? Бала-шағасы аман ба екен өзінің? Шаруасы қалай екен? – деп сұрады (Ақылбек Әбішев Ленин атындағы совхоздың аға шопаны. Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері). Тұтқабай мен Түймебай айтушы еді, осы жерде бір әзірбайжан жігітке тұрмысқа шыққан қарындасымыз бар деп. – Аман, аман! Бәрінің де отбасылары амандықта. Шаруалары да жақсы, – дестік. – Ақылбекті сұрап жатқаным, – деді Димекең отырғандарға күлімсірей қарап, – ертең Алматыға барған соң үйдегі әкей: «О жақтағы ағайындар аман ба екен? Білдің бе?» – деп сұрайды ғой. Егер мен білген жоқпын десем, жасы жетіп отырған кісі емес пе, соған бола әжептәуір ренжіп қалады, – деген-ді. Міне, көрдіңіздер ме, Димекеңнің осынау айтқан бір-екі ауыз сөзінен-ақ нағыз қазаққа тән қарапайымдылық пен адамдарға деген бауырмалдықтың исі аңқып тұрғандай еді. Сөйтіп, ол кісі біздің киелі Шу өңірінен сол жолы ризашылықпен, көтеріңкі көңілмен аттанып кеткен болатын.

Жәнібек Майханов, Шу ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар