Үсіктен қалай сақтану керек?

Үсіктен қалай сақтану керек?
ашық дереккөз
Үсіктен қалай сақтану керек?
Биылғы қыс қаталдығымен ерекшеленіп отыр. Желтоқсан айында-ақ қыстың қаһарлығын, қытымырлығын сезіндік. Ауа температурасы күрт төмендеп, қалың қар жауып, дүлей боран соғып, қалааралық, халықаралық жолдар жабылып, үлкен жолға шыққандарға көптеген қиындықтар туғызды. Әсіресе, Қордай, Шу, Жуалы аудандарымен өтетін күре жолдар бойында 500-800-ден астам автокөлік, көліктегі бірнеше мыңдаған жолаушы қар құрсауына түсіп, жылусыз, ыстық тамақсыз қалғанын теледидарлардан бақылап отырдық. Оларды сол қиындықтан шығару мақсатында үсікке шалынып қалмауы үшін жергілікті билік иелері, арнайы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, жергілікті ауылдардың тұрғындары мен ерікті-волонтерлер барынша көмек беріп, қажетті жағдайлар жасады (жылыту орындарын дайындап, ыстық ас-тамақ ұйымдастырып, жолда қалған автокөліктерді қар құрсауынан босатып және т.б.). Ол азаматтардың белсенді қызметіне көпшіліктің айтар алғысы мол. Әрине, бұл іс-шаралардан медицина қызметкерлері де шет қалған жоқ. Абайсызда үсікке шалынғандарға қажетті медициналық жәрдем көрсетті, қатты үсік шалғандарды стационарларға жатқызып, бар көмегін аямады. Алдымызда қыстың әлі де екі айы бар. Олардың бізге қандай тосынсый дайындап жатқанын алдын ала білу қиын. Қыстың аты қыс. Оның қатал үскірік аязы, қарлы бораны ешкімді аямайтыны белгілі. Сондықтан, көпшілікке үсіктен қалай сақтанғаны дұрыс деген сұраққа жауап бергенді жөн санадық. Жалпы, үсік шалу дегеніміз – бөлмеден тыс төменгі температура кезінде адамның сыртқы терісінің үсіп кетуі. Статистикалық мәліметке сүйенсек, үсік шалу уақыты, әсіресе, қысқы кезеңде -10, -200С және одан да төменгі температурада тіркеледі. Күзгі және көктемгі кезеңде ауада ылғалдың көп болуынан және қатты жел кезінде 00 С сәл жоғары температурада қолдың және дененің басқа да бөлігін үсік шалуы мүмкін. Дене бөлігінен аяқ пен қолдың саусақтары, құлақ пен мұрын үсікке шалдығуға бейім келеді. Өйткені, суықтың әсерінен дененің осы бөліктеріне қан келу тежеледі. Егер дер кезінде көмек көрсетілмесе, ол бөліктердің жасушалары өле бастайды. Көбінесе үсік шалған адамдар қатарында ішімдік ішкен және психотроптық заттарды қолданатын адамдар көп. Жеңіл сыртқы киім, тар аяқ киім, қолғап, ылғал киім мен аяқ киім адамның тез үсуіне бірден-бір себеп. Негізінен егде жастағы және жас балалар тез үсік алады. Өйткені, олардың терісі нәзік. Жасына байланысты балалар қатты тоңғанын түсінбейді және бұл туралы ересектерге айта алмайды. Сонымен бірге иммунитеті әлсіреген және аурудан кейінгі адамдар да үсік алуға бейім келеді. Суық күнде адамның қан тамырлары тарылады да, ағзада үлкен өзгерістер орын алады. Үсік шалу тері мен ағза мүшелерінің жасушаларын жою қаупі жоғары. Үсік шалған кезде тері шаншып, қан ұйиды, аяқ-қолды қимылдату қиындайды. Көбінесе зақымдалған жер домбығып, қызара бастайды. Көп жағдайда бет, мұрын, құлақ ашық қалғандықтан үсік шалып жатады. Үсік шалған жер бірден ашып, шаншып бастайтынына мән беріңіз. Ал қызаруы қан тамырларының қосымша жұмысы дегенді білдіреді. Бірақ, бетіңіз қатты қызарып, тіпті күлгін түсті болып кетсе немесе аппақ болып, қызғылт-күлгін дақтар пайда болса, тезірек жылынуыңыз керек. Бұл – үсудің белгілері. Саусағымыздың шаншуы, ұюы үсіктің белгісі. Кейде қалың деген етік те, қолғап та қатты аяздан қорғамауы мүмкін. Саусақтар ылғал әсерінен де тоңатыны бар. Сол секілді қалың шұлық киіп, етікті тар қылу да үсуге алып келеді. Далада ұзақ уақыт жүргендіктен, теріңіз қышып, шаншып, түрі өзгере бастаса, үсік шалды дей беріңіз. Әрине, мұндай жағдайда жылы жер іздеген жөн. Үйге кіріп, жылы сусын ішіп, үсіген жерлерді жылы сумен жылытқан абзал. Тек ыстық болмасын. Бірінші жуынғанда су температурасы 29-30°С болса, кейін 37-40°С-қа арттырыңыз. Жеңіл массаж да қан айналымын реттейді. 15-20 минутта теріңіз жылымай, түсі әлі қызыл, күлгін болып қалса, теріңіз қатты ауырып немесе керісінше сезгіштігі азайса, ісіп, жаралар пайда болса, дәрігерге тезірек көрініңіз. Өз бетіңізбен емделу – асқынуларға апаруы әбден мүмкін. Үсік шалғанда қандай қателіктер жібереміз? Теріні қармен уқалап жүрмеңіз. Бұл теріні одан әрі мұздатып, микро жарақаттарға ұшыратады. Теріні тым белсенді түрде уқалау, щетка, маталарды қолдану да дәл осындай жағдайға әкеледі. Теріні ыстық сумен жуу – қате. Суықтан ыстыққа лезде өту теріні одан әрі зақымдайды, қан тамырлары мұндайда шыдамай, жарылып кетеді. Қан айналымының қалпына келуі бірқалыпты болуы керек, керісінше жағдайда кейбір жасушалар қалпына келмей, некрозға шалдығасыз. Теріге май мен түрлі мазь жағу да дұрыс емес. Себебі, тері ондайда дем алмай, қалпына келуі ұзап кетеді. Тыныстағанда температура 20°C-тан төмен болса, тыныс жолдарын суықтатып алып, ауырып қалу қаупі жоғары. Одан қорғану принципі қарапайым, жұтылатын ауа барынша жылы болу керек. Сондықтан, барлық спорттық нұсқаулықтардағы бірінші және ең көп айтылатын кеңес – мұрынмен демалыңыз. Алайда, температура 20°C-тан төмендеп кеткенде, тіпті желсіз ауа райында да мұрын қуыстары тарылып қалады, сол себепті бұл кеңесті орындау қиындайды. Адам ауызбен демалуға мәжбүр болып, ауырып қалады. Қатты аязда дұрыс тыныстаудың бірнеше қарапайым тәсілі бар. Қалай демалсаңыз да (мұрынмен немесе ауызбен) барынша баяу және бір сарынды демалыңыз. Жұтылған ауа тыныс жолдары арқылы неғұрлым баяу жүретін болса, соғұрлым жылына түседі. Мүмкіндігінше ауызбен емес, мұрынмен демалуға тырысыңыз. Мұнда мұрынмен жұтылған әрбір тыныс сізге жұмыс істейді. Егер ауызбен демалу керек болып жатса, онда ерніңізді болар-болмас ашып, тар саңылау арқылы демалуға тырысыңыз. Ең дұрысы, ерінді алға қарай созып, тілді таңдайға көтеріп демалу. Бұлай демалу да оңай әрі қауіпсіз. Ауаны өкпеге толтырып демалудың қажеті жоқ. Егер минус 30°C аязда өкпеңізді ауамен толтырып демалатын болсаңыз, суықтап қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, терең тыныстаудың қажеті жоқ. Күнделікті тыныстап жүрген ритмді ұстаныңыз. Жүгірмеуге, секірмеуге, ауыр көтермеуге және басқа да күш салатын әрекеттерді жасамауға тырысыңыз. Барлық физикалық жаттығулар біркелкі болуы тиіс. Қандай жағдай болмасын, байбалам салмаңыз. Барынша сабырлы болсаңыз, соншалықты жақсы тыныстайсыз. Егер ашуланатын болсаңыз, жұтатын ауаны жылыту қиындай түседі. Үсік шалудың алдын алу жолдары қандай? Бұл сұраққа жауап табу үшін төмендегі кеңестерге көңіл аударыңыз. Бірінші кеңес. Әрине, суық ауа райындағы ең маңыздысы, ол – дұрыс киіну. Қанның айналуын тар және ыңғайсыз киім тежейді. Киім, әсіресе аяқ киім және ондағы ұлтарақ ешбір жағдайда ылғал болмау қажет, қыста мақта-матадан дайындалған шұлықтардың орнына жүн шұлық киген дұрыс, олар ылғалды сіңіріп алады және аяқтарды құрғақ сақтайды. Сонымен бірге, қатты аяздарда металдан, оның ішінде алтын мен күмістен дайындалған бұйымдарды тағуға болмайды, бұл қауіпті болуы мүмкін. Аязда металл денеден жылдам суып кетеді, сондықтан адамның денесіне жабысып қалуы мүмкін. Екінші кеңес. Үсіктің негізгі себебі – суық ауа. Бірақ оған тағы қатты жел қосылса, қауіп жоғарылайды. Үсікті болдырмау үшін суық ауа райында мүмкіндігінше үй-жайдан тыс болмаған дұрыс, ал егер бұл мүмкін болмаса, бетті мойынорағышпен орау немесе әдетте велосипедшілер немесе экстремалды қысқы спорт әуесқойлары киетін бет үшін арнайы тоқылған бетперделерді кию ұсынылады. Үшінші кеңес. Суық қыста пайдалануға ұсынылатын қорғаудың косметикалық құралдары бар. Өйткені, өкінішке қарай, киім терінің бүкіл бөліктерін жаппайды, бет қорғанусыз қалады, қолғаптарды да кейбір себептермен шешуге қажет болады. Теріні қорғау үшін бет және қолдар үшін арналған кремдерді, гигиеналық ерін далабын пайдалану қажет. Төртінші кеңес. Аязда алкоголь ішкенде жылынуға болады деген жаңсақ пікір бар. Мұны үзілді-кесілді жасауға болмайды. Алкоголь шын мәнінде мүлде жылытпайды, тек жылудың елесін ғана тудырады. Керісінше, дене жылуынан тез айырылатын болады. Сонымен қатар, алкогольдің әсерімен адамдар үсіктің белгілерін сезбейді және ескермейді. Айтпақшы, аязда темекі шегу де ұсынылмайды. Қалай болғанда да, мұны жиі істемеген дұрыс. Өйткені, шылым шегу қанның перифериялық айналымын азайтады, бұл аяқ-қолдарды әлсіздендіруі мүмкін. Бесінші кеңес. Егер жаңа ғана ыстық шай немесе кофе ішсеңіз, бірден жылы үй-жайдан шықпай, алдымен жарты сағаттай күте тұрған жөн болады. Аязға шығудың алдында тамақтанып алған дұрыс, өйткені ағзаға жылыну үшін қосымша қуат қажет. Терінің сезімталдығын қайтару және індеттің пайда болуына жол бермеу үшін тоңып қалған жерлерді антисептикпен өңдеген және құрғақ матамен, мысалы, зарарсыздандырылған дәкемен буып тастау қажет. Қолдарды және аяқтарды тым ыстық суға жылытуға болмайды, бұл тіндердің өліктенуіне апаруы мүмкін. Ыстық шай немесе сорпа ішкен дұрысырақ болады, өйткені ең бастысы – біртіндеп жылыну. Үсік күрделі болып көрінген жағдайда (теріде көпіршіктер пайда болады, ыстығы көтеріледі, қатты ауырып қалтырау басталады) травматология орталығына көмекке жүгіну қажет. Үсіктен сақтану үшін ауа райын болжау мәліметіне көңіл аударыңыз. Аязды күндері теле-радио және қалта телефоны арқылы SMS-пен берілетін ескерту хабарламаларына мән беріңіз. Далаға шықпас бұрын арнайы қыс мезгіліне арналған кремдер пайдаланыңыз. Олардың құрамында ланолин, какао немесе карите майлары, минералды май, өсімдік балауызы болады. Олар теріні көрінбейтін қорғаныс қабатымен орайды. Тауға, табиғат аясына қыдырып, белсенді спортпен айналысуға шыққан кездері (шаңғы, коньки, шана тебуге) арнайы термо іш киім, термо шұлық киген жөн. Заманауи синтетикалық маталар суды сіңірмей, суықтан қорғай алады. Сол сияқты егер тоңа бастасаңыз, бір орында тұрмай, жүріп-жүгіріп, жұдырықты жұмып-ашып, белсенді қимылға көшіңіз. Тіпті -10°С температураның өзінде далада екі сағаттан артық жүрудің қажеті жоқ. Қыстың қаһарлы, аязды, боранды күндері жолға шығу кімге болмасын қауіп төндіреді. Қарлы далада, қақаған аязда автокөлігіңіз елсіз жерде тоқтап қалса, тек денсаулығыңызға емес, өміріңізге де қауіп төндіріп, қайғылы оқиғаға ұрындыруы мүмкін. Қатал қыс қателікті кешірмейді. Сондықтан, «Сақтансаңыз, сау боласыз!» деген қазақтың сөзі әркез қаперіңізде жүрсін.  

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар