Архив – ел қазынасы

Архив – ел қазынасы
ашық дереккөз
Архив – ел қазынасы
Өткен тарихтың қойнауындағы қаншама ақтаңдақтар мен айтулы даталар тасқа басылып, біздің дәуірімізге дейін жетіп отыр. Кез келген мемлекеттің келешек кемесімен уақыт мұхитында тоқтаусыз жүзуі үшін бағытын болжайтын картасы да, компасы да – архив құжаттары десек, артық айтқандық емес. Еліміздегі ең алғашқы мұрағаттар 18-ғасырда Бөкей ордасында пайда бола бастаған көрінеді. Ал, заманға сай архив жүйесінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды Алаш арыстары тұрды. Бүгінде еліміздегі ұлттық архиві сол тұлғалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі маңызды құжаттарды тарих толқындары арқылы келешек ұрпаққа аманат ететін қасиетті мекенге айналған. Оның өңірлердегі филиалдары да ел тарихының қорының артуына өз үлестерін қосуда. Соның бірі – Жуалы ауданындағы мемлекеттік архиві. «Шаң басқан архив талай сырды шертеді» демекші, ауызекі тілде осылай дегенімізбен, қалың-қалың папкілерді қораптармен қаптау, үстіне тозаң қондырмай, көздің қарашығындай сақтап отырған архившілер жұмысы елеп-ескеруге тұрарлық. Осы кезге дейін еліміз, облысымыз бен ауданымызға қатысты өте ауқымды әлеуметтік- экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттар жинап, демократиялық қоғам қалыптастырудағы идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған бұл архив тарихшылар мен жас ғалымдардың зерттеу орталығына айналып келеді десек те болады. Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік мекеме. Ол тек шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың қазынасы іспетті. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алған. Расында, аты аталған жоба ұлт тарихын санаға сіңіруде барша қазақстандықтардың бойында ортақ сезім қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамның бай тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі. Кез келген адам ата-баба тарихына үңіліп, ол туралы дерекке қанық болады. Қазақстанда архив қорының жинақталуы 1921 жылы басталған. Демек еліміз туралы теріліп, тігілген мәлімет қанша екенін бажайлай беріңіз. Жамбыл облысы мемлекеттік архиві Жуалы аудандық филиалында аудан тарихынан сыр шертетін көптеген құжат бар. Қазіргі таңда аудандық архивте 143 қор, 21725 құжат сақтаулы тұр. Оның ішінде жиырма мыңға жуық тұрақты сақталатын құжаттар, атап айтсақ 1986 жылдан басталатын аудандық атқару комитетінің шешімдері қарарлары мен жиналыс хаттамалары, аудандық мәслихаттың, нотариалды кеңсенің, халық сотының, аудан көлеміндегі барлық ауылдық кеңестер мен ауыл округтерінің құжаттары бар. Ал, жиырма мыңнан астам құжат мекемелер мен ұжымдардың жеке құрамына тиесілі. Ұлттық архивтегі 143 қордың ішінде «Еңбек ерлері» коллекциясының орны ерекше. Онда Социалистік Еңбек Ерлері, есімдері ауданға белгілі Мүсірепбек Бектаев, Еламан Байғазиев, Антонина Манченко, Әбден Рысбекұлы мен Қазақстаның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова туралы мәліметті кездестіруге болады. Бұл тізімнен ауданымыздан шыққан 13 генерал туралы мағлұматты да, соның ішінде Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың да жеке құжат қоры бар. Оларға арналып арнайы көрме де қойылған. Аудандық мемлекеттік архивте 52 мекеменің құжаты сақтаулы. Есептік кезеңде архив мамандары өздеріне тиесілі жұмыстарды талапқа сай атқаруда. Анықтамалық деректерді жинақтап, ақпараттық-іздестіру жүйелерін құрып, құжаттарды сұраныс бойынша пайдалануға беріп, түскен өтініштерге мерзімінде жауап беруде. Ғылыми ақпарат және құжаттарды пайдалану, зерттеу жұмыстары да жүзеге асырылуда. «Е– Акимат» эдектронды құжат бағдарламасымен жұмыс істеу жалғастырылуда. Заңды тұлғалардан және жеке азаматтардан келіп түскен, алыс-жақын шет мемлекеттерден, ТМД елдерінен келген әлеуметтік құқықтық сипаттағы сұраныстар уақтылы қаралып, сапалы орындалып, жауаптар берілуде. Атап айтсақ, бүгінгі таңда архив тарапынан 350 сұраныс орындалды. Оның 13-і ТМД-нан келген хаттар. Барлығы да әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстар, яғни, тылда жұмыс істеген еңбеккерлердің еңбек өтілін растау, ардагерлердің медальдарымен марапатталғаны жөнінде, «Батыр Ана» мен «Ана даңқы» орден-медальдарымен, ауылдық кеңестердің шаруашылық кітабынан азаматтардың тууы және тұратыны туралы және тағы басқа мәліметтер сұрату. Ал архив қызметкерлері білімі мен біліктілігін арттыру бағытында ұйымдастырылған оқу курстарына қатысып тұрады. Бұдан бөлек, мекемеде дөңгелек үстелдер мен семинар- кеңестер ұйымдастырып біліктіліктерін арттырып отырады. Елбасының жоғарыда айтылған мақаласында архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру мәселесін де көтерілген. Соған орай бүгінгі таңда құнды құжаттарды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Қазіргі таңда аталған жұмыс бойынша Жуалы аудандық филиалында 30 қордағы ісқағаздың 32469 парақ цифрлық форматқа көшіріліп, жоспардың 30 пайызы орындалып отыр. Қорыта айтқанда, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт- дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Осы тұста архивтің атқарар рөлі орасан. Себебі, ұлтымыздың тарлан тарихы, жүріп өткен жолы, бастан кешірген оқиғалары өскелең ұрпақ үшін қорда сақтаулы тұр.  

Ажар АҚБАЛАЕВА,

Жамбыл облысы мемлекеттік архиві

Жуалы аудандық филиалының директоры.

 

Ұқсас жаңалықтар