Басты жаңалық
Орталық жұмысы қызмет алушылар талабынан шығып келеді
- author «Ақ жол»
- 21 желтоқсан, 2023
- 332
Орталық жұмысы қызмет алушылар талабынан шығып келеді
Газетіміздің 5 желтоқсандағы №139 санында «Әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының жағдайы қалай?» деген тақырыппен мақала жарық көрген еді. Онда сөз болған мекемелердің бірі №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкерлері жағдайдың жақсы екенін айтып хабарласты. Біз ондағы қызмет алушылардың пікірін естіп, жұмысын көзбен көру үшін арнайы бардық. Жалпы алаңы 7034,6 шаршы метрді алып жатқан бұл орталық 1990 жылы пайдалануға берілген. Мекеме аумағында санитарлық- гигиеналық талабына сай монша, кір жуу комплексі, дербес жылу қазандығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, барлық бөліктер өрттен сақтану дабылымен, өрт сөндіру гидранттармен жабдықталған.
Ал, мұндағы қызметке тұрғындарының пікірі қандай, көңіл тола ма?
– Осы орталықта тұрып жатқаныма 16 жыл болды. Жасым 60-қа келді. Қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға осындай жағдай жасап, сапалы өмір сүрудің барлық мүмкіндігін қамтамасыз етіп, үй берген үкіметімізге рақмет! Гүлжауһар Үшкемпірқызы басқарған ұжымға және директордың орынбасары Гүлзия Айтбайқызына және осындағы барлық қызметкерлерге ризалық алғысымды айтамын. Мұнда уақтылы тамағы беріледі, тазалығы, бәрі талапқа сай атқарылады. Тек елдің амандығын, ешқашан соғыс болмауын Жаратқаннан тілеудеміз. Аллаға шүкір, біз бұл дүниенің пейішінде отырмыз. Барлық кезде басшылардың есігі ашық, тілегімізді орындайды. Барлық қызметкерлері, дәрігері де келіп, жағдайымызды күнде сұрап тұрады, одан артық не керек бізге? – дейді Берікқали Барменов.
Көптеген би байқауларынан жүлделі орындарды олжалап жүрген Талғат Аманбеков те осы үйде тұрады.
– Жақында ғана биден әлемдік чемпионатқа қатысып, 4-орынды алып келдім. Әлемнің 22 мемлекетінен өнерпаздар қатысты. Би жарыстарында өнердегі серіктесім Наргизамен бірге қатысудамын. Бұл өнерге жастайымнан құмар болып едім, қазір Тараз-Аренадағы хореографтың сабақтарына күнара барып тұрамын. Оған осы орталықтың автокөлігі апарып, алып келеді. Мүгедектік зейнетақыма қоса, әлемдік жарыстарға қатысып жүлделі орын алып жүргенім үшін мемлекеттен шәкіртақы алып отырамын. Шәкіртақым айына екі жүз мың теңге, ол қаржыны биге қатысуға керекті түрлі киім-кешек тіктіруге, басқа да керек-жарақтарыма жұмсаймын, – дейді Талғат Аманбеков.
Кітапханаға кіргенде, газет- журнал оқып, кітап ақтарған кісілерді кездестірдік.
– Аллаға шүкір, бұл орталықтағы тұрмысыма ризамын. Әсіресе, кітапханашы Айгүл Қуандықова әрбір мерекелерде іс-шара, дөңгелек үстелдер ұйымдастырады. Әрқайсымыздың қандай тақырыптағы шығармаларға қызығатынымызды да біліп алған. Соған қарай әрбірімізге қызықты кітаптарды және жаңадан жарыққа шыққан газет-журналдарды ұсынып отырады. Осы кісілердің ұсынуымен кітапханамыздан қызықты басылымдарды, кітаптарды қалағанымызша оқып тұрамыз. Дөңгелек үстелдерде өз ойларымызды ашық айтып, ортаға салынған тақырыптарда қызықты пікірталас тудырамыз. Жалпы, әрбір күніміз, әр сәтіміз қызықты өтуде. Тараз қаласына келіп, концерт өткізетін еліміздің белгілі әнші, әртістерінің кештеріне де тегін апарады, жақында ғана «Өнер қырандарының» коцертіне барып келдік, – дейді Жексеналы Байұзақов. Оның сөзін Тазагүл Қондыбаева есімді ардагер іліп әкетті.
– Бұл орталыққа Қаратау қаласынан жақында ғана келдім, жарты жылдай болып қалды. Бұл жердегі жасалып жатқан жағдай, көрсетілетін қызметтер көңілімнен шығады. Күніне екі мезгіл бөлмемізді тазалап тұрады. Үйіміз жылы. Әр мезгілімен берілетін тамақтары да дәмді. Одан бөлек, көңіліміз қаласа, өзіміз жиналып, құдайы тамақ таратып, кең дастарқанда да бас қосып тұрамыз. Киім-кешектерімізді де, күнделікті жуынуға қажетті заттарды да осы жерден береді, – деді ол.
Орталықта қызмет алушыларына жасалған жағдайлармен таныстырған осы мекеменің директоры Гүлжаухар Кушанованың айтуынша, мұнда тұратын кісілер өздері қаласа осында дастарқан жайып, қонақ шақыруларына да мүмкіндіктері бар екен. Тұрғындардың діни сеніміне қарай ғибадат бөлмелері де жасақталыпты.
– Кейде осында тұратын қариялар өздері құдайы тамақ таратады, енді бірде сырттан садақа беру үшін ет, ас-ауқатын алып келіп, осында тамақ беретіндер де бар. Демеушілік көрсететіндер де бар, бірақ ол кісілер аттарын атамауымызды сұраған. Осындағы кісілердің көңіл күйін көтеру үшін өзіміздегі акт залында да түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар өткізіп тұрамыз. Оған қоса облыстық орталық «Баласағұн» концерт залында өтетін танымал әртістердің кештеріне біздегі ата- әжелеріміз демеушілер алып берген билетпен барып келеді. Оларды арнайы көлігімізбен апарып, әкелеміз. Егер жақын-туыстары келсе, кез келген күні кездесулеріне болады, арнайы кездесу бөлмесі де бар. Асханамызда әр қызмет алушының денсаулығына қарай ас мәзірін тағайындайтын диетолог маманымыз жұмыс істейді. Әр бөлмеде жеке санитарлық тораптармен қамтылған. Тазалыққа қатаң көңіл бөлеміз, уақтылы жуылып тұрады. Ғимаратымыз ескі болғанымен тазалықты сақтап, осы үйдің тұрғындары сапалы өмір сүру үшін қолдан келген бар мүмкіндікті жасап отырмыз.
Қазіргі уақытта 160 адам 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алуда. Қызметтер алушылардың қажеттілігін бақылау негізінде мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын ескере отырып, әрбір қызмет алушыға жеке жұмыс жоспары әзірленеді және тоқсан сайын қызметтер алушылардың жай-күйіндегі өзгерістер жайлы мониторинг жасалынады. Орталық ғимараты 9 бөліктен тұрады. 7 бөлік тұруға арналған. Ғимаратта бір орындық бөлме 11,88 шаршы метр, екі орындық бөлме 17,4 шаршы метрді құрайды. Мекеме зейнеткерлік жасқа жеткен егде адамдарға және І, ІІ топтағы мүгедектерге, бөгде адамның күтіміне мұқтаж жалғызбасты жандарға арналған. Тұрғындарға арналған бөліктегі бөлмелер бір және екі орындық жатын бөлмелерден тұрады, қоларбамен қозғалатын мүгедектерге дәретханаға арналған тұтқалар және арнайы есіктер орнатылған. Әр жатын бөлме заманауи талаптарға сәйкес киім- кешектерге арналған жаңа жиһазбен жабдықталған. Ғимаратта жұмсақ жиһаздармен және теледидармен жабдықталған 8 демалыс бөлмесі бар, сонымен қатар электр плиталар, тоңазытқыш және ас үйге қажетті заттар түгел жеткілікті.
Қызмет алушылардың денсаулық жағдайын ескеріп, өзін-өзі күтудің қарапайым рәсімдерін орындауға көмек көрсетілді. Тұрмысқа бейімдеуді, емдеу, демалу, мәдени іс-шараларын ұйымдастыруға арналған мамандандырылған, қажетті құралдармен жабдықталған орын- жаймен қамтамасыз етілген. Жыл мезгіліне қарай қызмет алушыларға киім-кешектер, аяқ киім, төсек-орын жабдықтары сондай-ақ, санитарлық гигиеналық заттар нормалармен талаптарға сәйкес беріледі. Төсек- жабдықтары бекітілген кестеге сәйкес, аптасына бір рет ауыстырылып тұрады. Санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес, монша, шаштараз, кір жуатын бөлімдер кесте бойынша жұмыс істейді. Киім-кешек жуу күнделікті, төсек-орын жабдықтарын жуу аптасына 1 рет, шаштараз қажеттілігіне қарай, шомылдыру аптасына 2 рет орындалады. Мекеменің қызмет алушылары мен мүгедектері әлеуметтік-медициналық нысандарға тасымалдауға арналған арнайы автокөлікпен қамтылған, – дейді орталық басшысы Гулжаухар Үшкемпірқызы.
Бұл жерде негізінен қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратындықтан қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында орталық ғимараты пандустармен, тактильді жол ақшалармен, нұсқаушы белгілермен, Брайль әліпбиімен жазылған және жеңіл әрі түсінікті түрдегі таңбалы тақтайшалармен жабдықталған. Өзіне-өзі толық қызмет жасай алмайтын, қосымша көмекті қажет ететіндерді осындағы арнайы қызметкерлер өздері тамақтандырады, киіндіреді, киімдерін ауыстырады, шомылдырады, серуенге шығарады, памперсін ауыстырады, дәретке отырғызып жуындырады, шаштарын тарап, тырнақтарын алады, тіс және жақтарына күтім жасайды. Қызмет алушылар тиісті демалыстарында туыстарына барып келулеріне де болады. Балалары, туыстары шетелде тұратындары шалғайдағы жақын-жуықтары мен ұялы телефонмен байланысып отырады. Орталықта қызмет алушылар үшін емдеу-еңбек шеберханалар қарастырылған. Атап айтқанда, қол-өнер, тігу, тоқу үйірмесінде 21 адам пластилинография, декупаж, сурет салудың дәстүрлі емес әдістері бойынша, бояу, модельдеу, ою-өрнек салып қию, кесу, тігу, желімдеу, жіппен тоқу секілді үйірмелер жүргізіледі. Ой-еңбегі бағыты бойынша 15 адам есте сақтау қабілеттерін және логикалық ой-өрісін арттыру үшін қатысады. Инновациялық технология бағыты бойынша 11 қызмет алушы қазіргі заман технологияларын үйрету үйірмесіне қатысып, қалауы бойынша компьютер, ноутбук, планшетті, ұялы телефонды қолдану және интернетті пайдалануды үйренуде. Гүл өсіру, бау-бақша, сенбілік, қоғамдық- пайдалы еңбек және өзіне өзі қызмет көрсету бағытымен 30 қызмет алушы шұғылданады. Орталық тұрғындарының қажеттілігіне қарай кәсіптік бағдарлау бойынша тігін, коляска, аяқ киім жөндеу шеберханалары да жұмыс істейді. Оған қоса, домбыра, баян, ән, шашка, шахмат және қоларбада билеу үйірмелері де бар. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы тарихи және көрікті жерлерге орталықтың көлігімен саяхат ұйымдастырылып тұрады. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасымен бірігіп, орталықтың қызмет алушылары аудиокітаптармен де қамтамасыз етіліпті. Заң аясында өз құқықтарын біліп отырулары үшін Әділет басқармасының мамандары жоспарға сай келіп, сұхбат өткізіп тұрады.
Қорыта айтқанда, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы жасалатын жағдайларға мұндағы тұрғындар разы.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді