Өтпелі кезең – өкпелі кезең емес

Өтпелі кезең – өкпелі кезең емес
ашық дереккөз
Өтпелі кезең – өкпелі кезең емес
Адам өміріндегі ерекше кезең – өтпелі жас. Бұл мұсылманның балиғат жасымен тұспа-тұс. Қазақ «13- те отау иесі» деп, сол жастан бастап балаға сенім арта бастаған. Дәл осы уақыт балалық шақты артқа тастап, жасөспірім шаққа ауысар кез. Жалпы, өтпелі кезеңде баланың мінезі құбылмалы болады. Осы уақытқа дейін үлгілі тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы әп-сәтте бұзықтық жасап, келеңсіз қылық танытуы мүмкін. Бұрын-соңды тіс жарып сөйлеп көрмеген момақан бала аяқ астынан әр іске белсенді атсалысып, пысық боп шыға келеді. Бұл өтпелі жастың мінез- құлыққа әсер етуінің салдарынан туатын өзгеріс. Жасөспірімнің бірі өтпелі жастан ойдағыдай өтсе, енді бірі күйзеліске түсіп, қиналады. Ашуға бой алдырып, өзінен-өзі ызақор болып кетеді. Түрлі эмоцияға бой алдырғандықтан, үнемі күйзеліске түсе береді.

Тұлға болуға талпынатын шақ

Мамандардың айтуынша, өтпелі жас 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі – 10-11 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала өзін тұлға ретінде қабылдап, өз айтқанын жасатқысы келеді. Барлық мәселені өзі ғана шешуге талпынады. Екінші кезең 12-13 жас аралығында өтеді. Бұл баланың өз орнын иеленгісі келетін уақыт болғандықтан, құқығын білуге талпынып, өз қалауын дәлелдеуге ұмтылады. Ал, соңғы кезең 15 жасында байқалады. Бұл кезеңде жасөспірім өмірін басқа арнаға бұрғысы келіп құлшынады. Ойы өзгереді және сол ойдың түбіне түсіп, әлі де түсіне қоймаған мәселелерді білгісі келеді. Сөйтіп, үлкен өмірге енді ғана қадам басайын деп тұрғандықтан бәрін білгісі келіп, еркін жүріп-тұруға тырысады. Алға қарай ұмтылады. Дәл осы сәтте балаға өз отбасынан қолдау қатты қажет- ақ. Олардың әр қылығын бақылау артық етпес. Алайда, сын айтып, «Қолыңнан келмейді» деу оларға ауыр тиеді. Онсыз да аумалы-төкпелі кезеңде тұрған баланың мұндайда сағы сынып кетеді. Яғни, сөз көтермейді. Жасөспірім бір қателікке бой алдырса, сылап-сипап, тігісін жатқызып жеткізуге тырысу керек. Осындай кезеңде жүрген жасөспірімдерге ішкі сезімін басқару оңайға соқпайды. Бірде көшедегі ағаш орындықта мұңайып отырған қызды көзім шалды. Небәрі 13 жаста екен. Аз-кем әңгімеден соң бауырыма басқаным сол, солқылдап жылап, ішіндегі шерін тарқата бастады. «Атамның қызы болдым. Атам өмірден озған соң, әке-шешем мені түсінбеді. Сабағым да нашарлап кетті. Атам кеткелі үйде береке жоқ. Ал ол кісі бар кезде үйде дауыс көтеріп, ешкім қатты да сөйлемейтін. Кикілжіңнен шаршап кеттім де, түнгі сағат 3-те, бәрі ұйықтаған соң үйден қашып шықтым. Олар бәрібір мені бауырына баспайды, түсінбейді»,– деді қыз. Біраз уақыт алдаусыратып, көңілін тапқан соң, әрең дегенде әкесінің нөмірін алып, қоңырау шалдым. Сонда әкесі: «Ол қыз айтқан сөзді ұқпайды. Өз дегенін істейді. Бізге бағынбайды. Үйде де тірлікке араласпай, жылап жата береді. Енді міне, қашып жүр. Оны ешкім ұрып-соққан жоқ, әкесі болған соң дауыс көтергенім рас. Біз де бала болдық. Алайда, өтпелі жас дегенді сезінбедік. Үйдің үлкендерінен, әсіресе әкемізден имендік, тыңдадық. Артық қылық танытпай, бағынып өстік. Бұл қыз қит етсе үйден қашып кетуді шығарды. Енді осы қылығы әдетке айналып кетпесе болды», – деді. Уақыт өте келе қызының қылығына шыдамаған әке қол көтеретінді шығарып, қыз үйден кетіп қалуды жиілеткен. Бұл істің соңы тәртіп сақшыларының араласуымен 13 жасар қыздың балаларды түзеу мекемесіне тоғытылуымен аяқталды...

Ең үлкен үлгі – әке-шеше

Иә, өтпелі жаста бала үшін бәрі қиын көрінеді. Сын қабылдау, райдан қайту, кемшілікті реттеу. Ол өзінде кемшілік жоқтай сезінеді. Ал үлкендердің айтқаны жала сияқты. Титтей сөздің өзін үлкен соққы алғандай қабылдайды. Мойынсұнғысы келмейді. Енді ғана ақ пен қараны ажыратуға талпынған бала бәрін эмоциямен қабылдайды. Бала жүрегіндегі барлық проблема осыдан басталады. Алайда, үнемі өбектеп, айтқанына төңкеріле беру қаншалықты дұрыс? Жалпақшешейлік таныта бергеннен бала дандайсып кетпей ме? Үлкен мен кішінің ортақ мәмілеге келіп, түсінігі арту үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, психологтармен тілдескен едік. –Бала үлкендерден көргенін жасайтынын ұмытпау керек. Оларға көңіл бөліп, жақсы көріп, түсіну арқылы бар жақсыны үйретуге болады. Үйінен қолдау таппаған бала қолдауды көшеден іздейтінін ұмытпаңыз. Қазіргі балаларға ұялы телефон қатты әсер етеді. Оның үстіне, баланың темпераменті, отбасылық жағдайы мен ортасы қандай, міне, мәселе қайда жатыр?! Үйіндегі үлкендердің мейіріміне бөленіп, әке-шешесі үнемі қолдап жүрген балаларда өтпелі кезең аса қиындық тудырмайды. Ал егер ешкімге көнбей, агрессияны шамадан тыс шығара беретін болса, көнбесе, не мінезі сондай ауыр, не болмаса ортасы дұрыс емес деген сөз. «Нақты мына нәрсе» деп айту қиын. Негізі көбіне бала өз-өзін басқара алмайды. Ең қиыны – қазіргі балалар бұрынғыдай далада асыр салмайды. Доп қуып, велосипед теуіп, жасырынбақ ойнап жүргендері жоқтың қасы. Көздері үнемі ұялы телефонда. Мұның да бала психологиясының бұзылуына септігі зор, – деді психолог Мира Өскенбаева. Негізі әке-шешенің қолынан телефон түспей жүріп, балаға телефон ұстатпау оңай болмайды. Сол секілді ішімдік ішіп, темекі шегіп жүріп, балаға бұл зиян деп, бас тартуға үгіттеу тіпті күлкілі. Негізі ата-ана балаға үлгі болуы керек. Бала әке- шешенің көшірмесі екенін ұмытпаңыз. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

Баламен жиі сөйлесу маңызды

Негізі ең алдымен баланың отбасылық жағдайымен танысып, іш тартып сөйлесу бәрінен маңызды екені рас. Сондайда бала ағынан жарылып, бар сырын ашады. Бірде құрбым мәпелеп өсірген қызына телефонға үңілмей, бір ауық кітап оқуын талап етіпті. Сонда 14 жасар қызы шешесінің көкірегінен итеріп жіберіп, ауыр сөздер айтады. Осы жасқа дейін анасын құшақтап ұйықтауды әдетке айналдырған жасөспірім бөлек жатып, өзін мазаламауды бұйыра бастаған. Айтқанын елемеген. Түнделетіп тысқа шығып кететін болған. Ана мен қыздың арасындағы түсініспеушілік бір жылға жуық жалғасқан. Кейін қызбен сөйлесу барысында ол ашуға берілгенде артық қылық танытып қойғанын және онысын уақыт өткенде ғана түсінгенін айтты. Бұл балалық шақтан ажырап, үлкен өмірге қадам басуға дайындық болғандықтан, бала әлі толық жетілмегендіктен туған түсініспеушілік. Олар тәуелсіз болуға ұмтылады. Ең басты қателік осыдан туындайды. Ақ пен қараны өз бетінше ажыратқысы келеді. Бірақ, олардың даму процесі әлі жетіле қоймағандықтан, дәл осы ажырату кезеңінде абай болу керек. Дұрыс таңдау жасауға көмектесу қажет. Мамандардың кеңесіне құлақ түрсек, ересек адамға жасөспірімнің жасаған әрекеттері қисынсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ол ақымақтықтан не жаман болғаннан емес. Өтпелі жастың әсері ғана. Ыждаһатты әңгімелесу, баланы мұқият тыңдау, барлық қауіптің алдын алып, баланың бетіне қарап отырып, үлкен кісіше сөйлесу бар олқылықтың орнын толтырады. Құшақтап, арқасынан қағып, қолдау білдіріп отырып қана жеңесіз. Екеуара ереже орнатып, ата-ананың өзі де сол ережені орындап, үлгі болуы шарт. Жағымсыз әрекет қайталанбауы үшін орынды жаза болғаны айып еместігін мамандар мақұлдап отыр. Жиі ақыл айтудан гөрі, мәмілеге келу маңыздырақ. Өтпелі кезеңдегі жасөспірім ата-анасынан тек қана қамқорлық пен қолдауды қажет ететінін ұмытпайық.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар