- Advertisement -

Жалған ақпарат тарату жиілеген

36

- Advertisement -

Қазіргідей ақпараттық дәуірде алыпқашпа әңгіме таратып, елдің есін шығаратындар аз емес. Қоғамды дүрліктіретін арам пиғылды адамдар бірде білім ошағына «террористер шабуыл жасағанын» айтса, енді бірде түзеу мекемесіндегі тұтқындардың «жаппай қашып кеткенін» айтып дабыл қағады. Өкінішке қарай, отандастарымыздың кейбірі дәл осындай фейк ақпаратқа сенетін болды. Осылайша, құқық қорғау органдары ел ішіндегі мұндай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. Шын мәнінде, кез келген ресми ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел-жұртқа таралатынын естен шығармауымыз қажет. Сонымен, жалған ақпарат таратушылар жайлы сөз қозғамас бұрын елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік.

ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕГІ ЖАЛҒАН ТЕРРОРИСТ

Абай облысында терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген сотталушының жаза мерзімі 2 жылға ұзарды. Сотталушы бас бостандығынан айыру орындарында отырған. Жалған терроризм дерегі Семей қаласында тіркелген. Онда белгісіз адам сенім нөміріне қоңырау шалып, сотталғандарға арналған колониядағы терроризм актісі туралы хабарлаған. Қала полициясының дабыл бойынша көтерілген жеке құрамы өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі, сондай-ақ төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп мекемені қарап шықты.

– Тексеру барысында колония аумағында қандай да бір жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Анонимді телефон арқылы қоңырау шалған күдікті адамды анықтау үшін полиция қызметкерлеріне жедел іздестіру іс-шараларының кіреберісінде таныстырылды. Жедел уәкілдер ізін суытпай жалған террористті анықтады. Ол осы колонияда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, оның ішінде 2000 жылы адамды өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан сотталған болып шықты. 2003 жылы ер адам қауіпсіздігі орташа мекемеге 25 жылға сотталған. Сотта күдікті кінәсін мойындап, сол күні ұстау режимінің шарттарымен келіспегенін түсіндірді», – делінген хабарламада.

Осылайша, сот үкіміне сәйкес, күдікті Қылмыстық Кодекстің 273-бабы бойынша кінәлі деп танылып, қалған мерзіммен бірге екі жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы мерзімі жеті жыл болды.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАЛҒАН ХАБАР БЕРГЕН

Қарағандылық полицейлер жалған хабарлама таратқан қызды құрықтады. Танысымен жанжалдасып қалған мектеп оқушысы оның атынан жалған хабарлама жіберген. «City Mall» сауда орталығында бомба жасырылған деген жазба облыстық әкімдіктің электронды поштасына түскен. Хатта қыз таныс құрбысының нөмірін жазып, бомбаны жармау үшін төлем талап еткен. Оқиға орнына дереу жеткен шұғыл қызмет өкілдері сауда үйінен 200-ден аса адамды эвакуациялап, ғимаратта тексеру жұмыстарын жүргізді. Алайда, ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қарағандылық жедел уәкілдер хабарламада көрсетілген абоненттік нөмірдің иесін – 14 жастағы қызды анықтады. Алайда, одан әрі тексеру барысында хабарламаны онымен жанжалдасып қалған құрбысының жібергені анықталды. Осыған ұқсас жайт Петропавлда болды. 102 пультіне «Dostyq Mall» сауда ойын-сауық орталығында бомба жасырылғаны туралы хабар келіп түсті. Тез арада барлық қажетті шара қабылданды. Сауда орталығына келушілер мен жұмысшылар эвакуацияланды, оқиға орнына полиция, төтенше жағдайлар және басқа да мүдделі қызметтердің қызметкерлері келді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер кәмелетке толмаған қала тұрғынын анықтады. Медициналық куәландыруға сәйкес, 16 жастағы жасөспірім мас күйде болған. Тергеу барысында екі жасөспірімнің де заңды өкілдерінің заң аясындағы жауапкершілігі қаралмақ.

ШАХТАДАҒЫ ЖАЛҒАН ӨРТ

Жуырда мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы Костенко шахтасында түсірілген өрттің видеосы тарады. Алайда, Stop Fake.kz порталы мұның жалған екенін жазады. «Әлеуметтік желілерде Костенко атындағы шахтада орын алған оқиғаның видеосы таралды. Бұл видео шындыққа сәйкес келмейді деп ресми түрде мәлімдейміз. Ресми дереккөздерге ғана сеніп, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз», – деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Айта кетейік, бұл видео Қазақстанда түсірілмеген. Ол бірнеше жазбадан тұрады. Олардың бірі желіде өткен жылдың маусымында тараған. Видеода Испанияның Севилья қаласында Дос-Эрманастағы алюминий зауытында шыққан өрт көрсетілген. Ал, ақ-қара кадрлар – бұл 2014 жылдың мамырында Түркияның Сома қаласындағы тілсіз жау түсірілген. Ендеше, таралған видеолардың Қазақстанға мүлде қатысы жоқ.

ТҮРМЕДЕГІ ТҰТҚЫНДАР ҚАШТЫ МА?

Әлеуметтік желіде белгісіз ер адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан қашқаны туралы ақпарат тарады. «Осы тұлғаларға қараңыз, олар қылмыскерлер, олар бас бостандығынан айыру орындарынан қашып кетті, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, мүмкіндігінше көп танысыңызға жіберіңіз, бей-жай қарамаңыз, олар қауіпті және қаруланған. Ешқандай әрекет жасамаңыз. Бірден «102» нөміріне қоңырау шалыңыз», – делінген хабарламада. Осыған орай, еліміздің Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі таратылған хабарламаның жалған екенін айтып, толығырақ ақпаратты кейінірек беруге уәде етті.

ЖАС ЖІГІТ АУРУХАНАНЫ «БОМБАЛАҒАН»

Алматыда белгісіз біреу полицияға телефон соғып, балалар ауруханасына бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Қоңырау қалалық полиция департаментінің желісіне түскен. Белгісіз ер адам өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырып, балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған.

– Лаңкестік қауіп-қатерге алғашқы ден қою шаралары аясында қаланың төтенше жағдайлар қызметі ғимарат пен оның маңайына тексеру жүргізді. Жарылғыш техника және кинологиялық бөлімшелер қауіпті құрылғыларды таппады. Құқық қорғау органдары 2000 жылы туған А.-ны ұстады. Ол өз әрекетін мойындады, бірақ бұл әрекетінің мақсаты туралы сұраққа жауап бере алмады, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Атап өтерлігі, күдікті сол күні ұсталған. Ол 23 жастағы жігіт болып шықты. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу басталды.

ТЕЛЕФОН ТЕРРОРИСТЕРІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?

Шын мәнінде, жалған терроризм – жай бұзақылық емес, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Әрбір жалған қоңырау немесе хабарлама бейбіт тұрғындар арасында үрей тудырып, маңызды кәсіпорындардың жұмысының тоқтауына себеп болады. Еліміздің Ішкі істер министрлігі осындай «орынсыз қалжың» үшін қандай жаза қарастырылатынын еске салды.

– Биыл ішкі істер органдары жалған терроризм фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркеді. 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталды. 11 адамға қатысты үкім шығарылды, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылды. Мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артқанын атап өткен жөн. Мәселен, былтыр терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін 12 кәмелетке толмаған ұсталды, олардың үшеуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Биыл 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінде төрт балаға қатысты іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) жауапқа тартылды, оларға айыппұл салынды. Бірақ, қалған балаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Әртүрлі деструктивті топтарда балалар белгісіз адамдардың ықпалына түсіп, өздерінің жеке деректерін, телефон нөмірлерін, электронды жәшіктердің мекенжайларын беріп қояды. Ал, олар өз кезегінде балалардың атынан көрінеу жалған хабарламаларды жібере бастайды. Мұндай жағдайлар болды. Сондықтан, ата-аналарға айтарым, баланың интернет желісінде болуын қадағалап, қандай сайттарға кіретінін және қандай ресурстарға қызығушылық танытатынын бақылауда ұстау қажет. Көрінеу жалған хабарламалар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады. Бізде қажетті техникалық құралдар, бағдарламалар бар. Сондай-ақ, шетелдік әріптестермен тығыз байланыстамыз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды», – деді Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дархан Разуев.

Айта кетейік, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Спикер айтқандай, бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар, сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

АШЫҚТЫҚ ПЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ АСА МАҢЫЗДЫ

Жалған ақпараттың жолын кесудің бірден- бір жолы – жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының тез арада халықпен кері байланысқа шығуы. Егер ауданда, ауылда елді елең еткізген ақпараттар тарала қалса жергілікті полиция бөлімі болсын, әкімдік болсын халыққа дер кезінде хабарлап, ресми ақпарат беріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана жалған ақпараттың жолы кесіледі. Таралған күннің өзінде халық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенеді де, ақпарат таратушының сөзі зая кетеді. Яғни, халыққа ашық әрі анық ақпарат беріп отырған абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы негізде қалыптасса керек.

Осы орайда, халықаралық тәжірибелерге сүйенейік. Белгілі блогер Өркен Кенжебек өзінің Америкаға жасаған сапарында жергілікті полициядан «Сіздер қылмыс болғанын халыққа қандай уақытта хабарлайсыздар?» деп сұрағанда, олар «45 секундта полиция бөлімінің твиттер желісіне жазамыз. Себебі, біз оқиға жайлы сәл кешігіп жазсақ, басқа біреу қылмыс болған жерді суретке түсіріп, таратып жібереді. Сосын халық дүрбелеңге түседі де, біз ақпаратты игере алмай қаламыз» дегенін айтады. Біздің елде полициялар қылмыс болса 45 секундта емес, екі-үш айдан кейін брифингте немесе есеп беру жиынында бір-ақ айтып жатады. Бұл орайда, немістердің де тәжірибесі өте қызық. Мысалы, біреу сол елге барып «Күн шығыстан шығып, батыстан батады» деп қарапайым ақпаратты айтса, ешкім сенбейді. Ақпарат рас болса да әлгі неміс бұл жайлы Германиядағы астрономия орталығының ресми өкілінен сұрап, дәлелді құжатты көріп барып иланады. Мемлекет халқын соған тәрбиелеген. Тиісінше жауапты органдары да халықтан ештеңе жасырмайды. Сондықтан, ерте ме, кеш пе бізге де бұл тәжірибелерді қабылдау керек. Сонда ғана өтірікшілердің сөзі де, ісі де өрге баспайды.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support