«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басылымдардың бәсі жоғары болуы керек

Басылымдардың бәсі жоғары болуы керек
ашық дереккөз
Басылымдардың бәсі жоғары болуы керек
Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы сөз болғанда, халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөздері ойға оралады. Ал, қазақтың біртуар ақыны Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор», деген екен. Бүгінде ақпарат айдыны дәстүрлі медиа және жаңа медиа деп екіге бөлінетінін ескерсек, еркін ойдың алаңы саналатын әлеуметтік желі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелесіне айналды десек қателеспейміз. Ғаламтор дамыған сайын дәстүрлі баспасөздің келешегіне күмәнмен қарайтындар көбейді. Дегенмен, мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан екенін мойындау керек. Шынайы ақпарат. Журналистік зерттеу. Салмақты сараптама. Қазіргі сәт сайын жаңаратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдықтар – осы. Бала кезімізден газет, журнал оқып, танымымызды кеңейтіп, аудандағы жаңалықтарды да осы газет арқылы біліп өстік емес пе?!. Егер мұғалім мектепте қазақ тілінен тапсырма берер болса, қазақ сөздерінің дұрыс жазылуын, пунктуациясын газет беттерінен қарап, «дұрысы осы екен» дейтінбіз. Ал, қазір ше? Қазіргі балалар газетке емес, бірінші әлеуметтік желіге қарай жүгіретіні шындық. Бірақ, бұл әлеуметтік желідегі грамматикалық қателерге назар аударып жатқан ешкім жоқ. Осыған орай, «Қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-ахуалы мен өркендеу жолы туралы ойыңыз қандай? Осы күні ғаламторға шырмалған ұрпақтың газет-журналдағы салмақты дүниелерді оқуға өресі жетпейді. Газет оқу дағдысын қалыптастыру үшін не істеу керек?», деген сауалдарға Atr.kz сайтында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп былай деп жауап берген екен: – Қазіргі күрделі жаһанданған әлемде баспасөз құралдары бұқаралық мәдениеттің пайда болуы мен дамуында шешуші рөл атқарады. Тағы бір маңызды фактор – БАҚ өнердің және кейбір сәттерде ғылымның даму доминанттарын анықтайтын негізгі күш болып саналады. Иә, қазақ баспасөзі технологиялық жағынан көп жаңарды. Жаңа медиа пайда болды. Уақыт жылдам өтіп жатыр. Соған сәйкес, ғаламдық ақпарат желісі ұлттық басылымдарды «жұтып» қоюға айналды. Еліміздің ақпараттық кеңістігі тосын сынақтар тұсында тұр. Журналистер қауымының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы соншалықты керемет деп қазір ешкім айта алмайды. Сондықтан, Міржақып Дулатұлы айтқан сөз әлі де өткір күйінде тұр. Өкінішке қарай, көп адам әлеуметтік желіге байланып қалған. Газет, журнал, кітап оқу ескіліктің белгісі сияқты қабылданатын болды. Оқыған халықтың санасы сергек болады. Қазір қалай? «Кітапты компьютерден де оқуға болады» дейді кейбіреулер. Оқуға болады. Бірақ, жанарың талады. Ай сайын интернетке белгілі мөлшерде қаржы төлеуге тура келеді. Қазақстандағы барлық елді мекен интернетке жалғанып тұр ма? «Газеттерге кететін шығын көп, сондықтан жаппай интернетті пайдалануымыз керек» дейтіндер де төбе көрсетпей қалмайды. Ал, есептейік: сіз ай сайын интернетке 4-5 мың теңге төлейсіз, бір жылға 40-50 мың жұмсалады, газетке бір жылға жазылғанда 5-6 мың теңгеңіз кетеді, яғни бір жыл бойы үйіңізге «тегін» келіп тұрады. Айырма бар ма? Бар! Ақпараттық технология жағынан әлемнің алдына түсіп кеткен Жапония мен Оңтүстік Корея неге өз газеттерін жауып тастамайды? Негізі құстың қос қанатындай – дәстүрлі басылымдар да, әлеуметтік желі де қатар дамыса, жамандығы қайсы? Адамдарға таңдау мүмкіндігін беру керек. Газет оқып үйренген газет оқысын. Интернетке арқа сүйейтіндер интернетімен бола берсін. Заман, уақыт бәрін реттейді. Ал, газет оқыту үшін балалар басылымдарына мемлекеттік қолдау керек. Көптеген Еуропа елдерінде 18-ге дейінгі жасөспірімдерді қалаған басылымдарға жаздыртып береді. Біздің елде де сондай үрдісті қолға алу керек. Жас кезінен өздеріне арналған басылымды оқып үйренген жеткіншектер есейгенде қажет газет-журналдарды оқитын болады. Тек әлеуметтік желідегі ақпаратқа арқа сүйеу – ұлттың өрісін тарылтады. Сондықтан, жүз жылдан бері қалыптасқан оқу мәдениетін сақтау керек деп есептеймін, – дейді. Иә, газет-журнал – тарих сындарынан сүрінбей өтіп, біздің заманымызға дейін жеткен адамзаттың ең асыл рухани қазыналарының бірі. Мерзімді басылымдардың пішіні, бояуы, әріптері, суреттері, безендірілуі жылдар бойы жетіліп, қалыптасып, қазіргі біз көріп жүргендей қалыпқа еніп, адам баласы өркениетінің ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Осындай орасан зор рухани байлығымыз цифрлы технологияның келуімен бір күнде жоғалып кетеді деу ақылға сыймайды. Әйткенмен, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, бүгінгі интернет мүмкіндігін пайдалану газет-журналдарға артықтық етпейді. Әртараптандыру тек экономикаға ғана емес, басылымдарға да қажет дүние. Бизнес атаулы цифрлы технологияға көше бастаған дәуірде бәсекелестікке төтеп беру нарықта өзін сақтап қалудың басты қағидасы. Сондықтан да мерзімді басылымдар онлайн журналистиканы да қатар дамытқаны абзал.

Шетелде газеттің орны қандай?

Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Мәселен, ресми деректерге сүйенер болсақ, Жапонияның ұлттық басылымы – «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады екен. Ал, «Баспасөздің Отаны» саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар. Одан бөлек, Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде жарыққа шығады. АҚШ-тың «New York Times» газеті 1851 жылдан бері үзіліссіз шығып келеді. Оны қызыға, асыға күтіп оқитын оқырманы жетерлік. Тіпті, әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады. Ресейдің «Вечерняя Москва» басылымын халық баспадан шықпай жатып сатып алып кетеді. Ресми деректерге сүйенер болсақ, бұл басылым 1923 жылдан бері шығатын көрінеді. Аталған мысалдар бүгінгі күні озық технологияларды ойлап тауып, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек екенін дәлелдейді. Газетті, тіпті радио мен телеарна ақпараттық сайттар да ығыстырып шығара алмайды. Технологияның дамыған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін де газеттің рөлі зор. Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал, әлеуметтік желі тек ақпарат берумен ғана шектелетінін ұмытпауымыз керек.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар