- Advertisement -

Ұлттық валюта – теңгенің тарихы туралы

23

- Advertisement -

Биыл, яғни 2023 жылғы 15 қараша күні Қазақстанның ұлттық валютасының айналымға енгеніне 30 жыл толды.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналысқа енгізілді. Оны айналымға енгізу еліміз үшін Тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі болды. Осылайша егемен Қазақстан өзінің қаржылай да тәуелсіз екенін тағы да жария етті. Ұлттық валютаның 30 жылдығын атап өту мақсатында, еліміздің әр аймақтарында мерейтойлық іс-шаралар өткізілу үстінде.

Әрине, қазақстандықтардың алғашқы ұлттық валютасын алғаш көргеннен бері, яғни, 1993 жылғы қарашаның сол бір күнінен бері, ұлттық валютамыз талай оқиғаларды бастан кешіріп, шыңдала түсті. Өзінің тарихының қысқа кезеңінде теңге уақыттың сынына да төтеп берді.

Тәуелсіздіктің нышаны – теңгенің тарихына қысқаша жүгінетін болсақ, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің тарихы Президенттің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығынан басталады. Сол кездегі ҚР Жоғарғы кеңесінің жоспарлау-бюджет комиссиясының төрағасы Сауық Тəкежанов ұсынған «теңге» деген атау республиканың Жоғарғы кеңесінің жəне үкіметінің мүшелері арасындағы жабық пікірталаста көпшіліктің қолдауына ие болды. «Теңге» атауы ортағасырлық «денге» немесе «таңга» деген түрік күміс монеталарының атауларынан шыққан, сондай-ақ осы түбір сөздерден «деньга» және «деньги» деген орыс монеталарының атаулары пайда болған.

Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал, сол күннің ертеңінде 28 тамызда қазақ валютасының авторлары, суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшақтары Ұлыбританияға 18 рет қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын Жамбыл облыстық Ұлттық Банкімен қабылданып, дәл осы киелі Тараз жерінен ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттерімен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Алатау мен Көкшетау көріністері, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

Алғашқы кезде банкноталар мен тиындар қағаз түрінде басылып шықты. Уақыт талабына сәйкес қағаз тиындар айналымнан шығарылып, қолма-қол ақшаның алғашқы қатары 1 теңгеден – 200 теңгеге дейін металл монеталарға (қазіргі таңда 200 теңгелік номинал қағаз банкнота және металл монета түрінде айналымда жүр), 200 теңгеден – 20 000 теңгеге дейін қағаз банкноталар болып басылып шығарылды. Қазіргі кезде банкноталар – Алматы қаласында орналасқан Банкнота фабрикасында ал монеталар–Монета сарайында (Өскемен қ.) басылып шығарылды. Бұл екі ірі кәсіпорын Ұлттық Банктің еншілес ұйымдары болғандықтан, төл ақшамыз 100 пайыздық қазақстандық мазмұндағы өнімдер болып табылады. Ақша жасау ісінде заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде аталған ұйымдар отанымыздың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шет елдерде де өз қызметтерін ұсынып келеді. Олардың негізгі өнімдерінің бірі – елімізде айналыста жүрген ақша және қымбат металдардан жасалған коллекциялық ескерткіш монеталар.

Қолданыстағы қолма-қол ақшаларда қорғаныс элементтерінің заманауи түрлері қолданылған. Қазақстандық банкноттарда әлемде алғашқы болып қолданылған қорғаныс элементтері жиі кездеседі. Мәселен, 10000 теңгелік банкнотада – «мөлдір орын» қорғаныс элементі, 5000 теңгелік банкнотта – «Spark» қорғаныс элементі, басқа банкноттарда – «көшіруге қарсы» қорғаныс элементі қолданылған. Банкноталарды қорғау тұрғысынан алғанда түпнұсқалықты қарапайым және тез анықтауға бағытталған, бұл ретте классикалық және жаңа, қолдан жасалуы барынша күрделі, жалпы бейнелеуге үйлесімді кірігетін қорғаныш құралдары қолданылды. Банкноттарда арнайы техникалық құралдардың көмегімен тануға болатын жасырын элементтер де бар, бірақ негізінен назар ақша белгісінің түпнұсқалығын тез және қарапайым түрде анықтауға назар аударылған.

Халықаралық банкнот қауымдастығы Қазақстанның банкноттарын жеңімпаз ретінде таңдай отырып, оның купюрасының дизайны мен идеологиясын, сол сияқты техникалық орындалуы мен қорғаныш дәрежесін үздік деп таныды. Банкноталардың дизайнын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дизайнерлері жасаған. Марапаттың маңыздылығы: жеңімпазды таңдауды қандай да болмасын банкнотты ілгерілетуге мүдделі емес адамдардың жүзеге асыруында және ол банкноттың дизайнын эстетикалық қабылдауға, басып шығару сапасына және қолдан жасаудан қорғаудың қолданылған тәсілдеріне негізделеді.

Айта кететін болсақ, 2023 жылғы 15 қарашада өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.

 

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы ҚАЖ және КО бөлімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support