- Advertisement -

Биыл 359 елді мекеннің бас жоспары геопорталға енеді

28

- Advertisement -

Қазақстанда «Мемқалақұрылыскадастры» РМК-нің жалпы цифрлық деректер қорының қалыптасуы жалғастырылып жатыр. Облыс орталықтарының құрылысы салынған 37 мың гектар аумағын 2018 жылдан бастап түгендеу арқылы құрылыс объектілері, жерасты және жерүсті инженерлік коммуникациялар бойынша деректер қала құрылысы кадастрының бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне енгізілді. 2020 жылы қала құрылысы кадастры базасына жергілікті атқарушы органдардан берілген облыс орталықтарының бас жоспарларының 100 пайызы және аудан орталықтарының 25 пайызы, сондай-ақ елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарларының 27 пайызы цифрландырылды. «Мемқалақұрылыскадастры» РМК жылжымайтын мүліктің барлық объектілері, жерүсті және жерасты коммуникациялары туралы ақпаратты жинаудың, өңдеудің, тіркеудің, сақтаудың және ұсынудың бірыңғай жүйесін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қала құрылысы кадастрының деректер базасында елдің құрылыс салынған аумағының цифрлық мәліметтерінің шамамен 48 пайызы қамтылған. Жергілікті атқарушы органдардан деректердің қосымша 10 пайыз алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін 172 елді мекеннің құрылыс салынған аумағын түгендеу жоспарлануда.

 

Ал облысымыздағы бұл жұмыстардың атқарылуы туралы облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтан сұрап, білдік.

– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018-2021 жылдары аралығында облыс бойынша мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру және жүргізу. Іс-шара жоспарына сәйкес, Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы (19 105 га) құрылысы салынған аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне ізденіс (түгендеу) жұмыстары жүргізілді. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасын іске асыру бойынша 2022 жылы халық саны бес мыңнан жоғары елді мекендердің құрылысы салынған жер көлемі 4 886 гектар аумақтың инженерлік жүйелеріне түгендеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жұмыстары жүргізіліп аяқталған болатын. Биыл халық саны бес мыңнан жоғары елді мекендердің құрылысы салынған жер көлемі 6011,95 гектар аумақтың инженерлік жүйелеріне түгендеу жұмыстары аяқталып, «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» РМК Жамбыл облысы филиалына өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Тараз қаласының инженерлік желілерін түгендеу (3327га) жұмыстары жыл соңына дейін толық орындалатын болады.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастры ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік-көліктік коммуникацияларды қоса жер бетінде, жерүстінде және жерастында орналасқан барлық жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтерді тіркеудің, сақтаудың және ұсынудың бірыңғай жүйесін қамтиды. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі сәулет, қала құрылысы, құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, инфрақұрылымға қолжетімділік, инженерлік коммуникацияларға қосылу мүмкіндіктері туралы халыққа және бизнеске қажетті ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді.

Облыстың «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» 2020-2021 жылдары аралығында e-jambyl.kz домендік атаумен қалыптастырылып, онда бірыңғай талапқа сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді. Яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160-тан астам және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367-ден аса картографиялық деректер енгізілді. Платформаны қалыптастыру жұмыстары «КАЗГИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілген болатын.

Облыс бойынша барлығы 371 елді мекеннің 12-сінің қала құрылысы жобаларын цифрландыру жұмыстары «КАЗГИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2020 жылы жүргізілген болатын. Биыл қалған 359 елді мекеннің бас жоспарларын цифрландыру жоспарланған, соның ішінен бүгінгі күнге 355 елді мекеннің жобалары Геопорталға енгізілді. Қалған 4 елді мекеннің бас жоспарларын цифрландыру ағымдағы қараша айының соңында аяқталды. Бір елді мекен, Талас ауданы, Көшек батыр ауылының оңайландырылған сызбасын әзірлеу жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан атқарылуда. Аталған жұмыс аяқталған жағдайда облыс бойынша барлық елді мекендердің бас жоспарлары облыстың Геопорталына 100 пайыз енгізілетін болады.

Шу қаласы мен 10 аудан орталығына аэрофототүсірілім жүргізу бойынша басқармаға 2023 жылдың басында аэрофототүсірілім жұмыстарына қажетті қаражат қарастырылып, конкурс негізінде мердігер болып «КАЗГИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, 2023 жылдың 16-29 мамыр аралығында Жаңатас, Қаратау және Шу (Төле би ауылы) қалаларына аэрофототүсірілім жұмыстары жүргізілді. Заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен камералдық қараудан өтіп, 04.09.2023 жыл №040 хатымен келісім алынды. Облыстың қалған 7 аудан орталықтарына, яғни Б.Момышұлы, Қордай, Мойынқұм, Меркі, Құлан, Аса, Сарыкемер ауылдарына ұшқышсыз ұшу аппараты аэрофототүсірілім жұмыстары биылғы 18 қазанда аяқталды. Қазіргі уақытта, 7 елді мекен бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне камералдық қараудан өтуде, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 16 шілдедегі №242 Заңының 47-бабына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Жамбыл облысы бойынша 371 қала мен елді мекеннің, оның ішінде төртеуі қала болса, 367-сі елді мекен қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Елді мекендердің қала құрылысы жобаларына қажеттілігіне қарай түзету енгізу жұмыстарын жүргізу үшін, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитетімен келісу арқылы 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, 2023 жылға жалпы 31 елді мекен жоспарға енгізіліпті. Оның бірі, Тараз қаласының 2010 жылы бекітілген бас жоспар жобасына түзету енгізу жұмыстары 2021 жылы басталып, жобалаушы мекеме «Қолдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жобалау жұмыстары аяқталған. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитетіне кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін ұсынылып, қорытынды сараптама алынған. Бүгінгі күнде қаланың бас жоспар жобасын бекіту үшін Үкіметтің қаулы жобасы әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылыпты.

Аудандар бөлінісі бойынша тоқталсақ, Байзақ ауданында Сарыкемер ауылының (егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы), Т.Рысқұлов ауданының Өрнек, Жақсылық, Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсаз, Қарақыстақ елді мекендері, Меркі ауданының Мыханды, Тұрлыбай батыр, Сыпатай, Мыңқазан, Қазах Дихан, Ойтал елді мекендері бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жамбыл ауданында Тастөбе, Құмтиын, Қоңыртөбе, Жаңаөткел, Бәйтерек, Шоқай, Ащыбұлақ, Ерназар елді мекендері, Қордай ауданында Масаншы, Бәйтерек, Шарбақты елді мекендері, Сарысу ауданында Жаңатас қаласының бас жоспар жобасы және Бүркітті және 5 «А» тұрғын алқаптарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, Мойынқұм ауданында Хантау, Құмөзек, Қарабөгет елді мекендері, Талас ауданында Көшек батыр ауылының оңайландырылған сызбаларына жобалау жұмыстары атқарылып жатыр.

Еліміздің 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жол картасы «ҚР 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені «Жол картасына» сәйкес «Сейсмология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сметалық есебі бойынша Тараз қаласының сейсмикалық шағынаудандастыру 1: 10 000-50 000 масштабты картасын әзірлеуге 1,5 миллиард теңге қаражаттың республикалық бюджеттен (ҚР Төтенше жағдайлар министірлігі тарапынан) бөлінуі бойынша тиісті жұмыстар атқарсын» делінген №89 хаттаманың негізінде жүзеге асырылуда. Орындалу мерзімі биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған Үкіметтің Қазақстан Республикасы сейсмологиялық саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді Қаулы жобасына келісім берілген. Қазақстан Республикасы сейсмологиялық саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасында көзделген іс-шараларында Тараз қаласының аумағы үшін 1:10 000-50 000 масштабында сейсмикалық шағынаудандастыру карталарының жиынтығын әзірлеу жоспарланған. Тараз қаласында 3 жылға бөлу, яғни 2025 жылы 415 771 106 мың теңге, 2026 жылы 537 415 163 мың теңге, 2027 жылы 524 238 119 мың теңге қарастырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің шығыстары жобасына «Іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу» бағдарламасы енгізілді. Қазақстан Республикасы сейсмологиялық саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуы алдағы уақытта қамтамасыз етілмекші.

Құрылыс салу шекарасының қызыл сызық нормасын бұзып құрылысы жүргізілген нысандар да қатаң қаралады. Тараз қаласы мен аудандардың бекітілген бас жоспар жобаларына сәйкес, құрылыс салу шекарасы «қызыл сызық» нормаларын бұзып, құрылысы жүргізілген нысандарға басқарма тарапынан жыл сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Бүгінгі күнде облыс бойынша 93 нысан анықталған. Оның 52-сі Тараз қаласында болса, алтауы Байзақ, екеуі Жамбыл, сегізі Жуалы, үшеуі Қордай, төртеуі Меркі, бесеуі Сарысу, жетеуі Т.Рысқұлов, екеуі Талас, төртеуі Шу аудандарында орын алған. Бүгінгі күнге аталған 93 нысанның ішінен 30 нысанға шара қолданылған. Нәтижесінде 35 сауда дүңгіршектерінің құжаттары рәсімделген. Қалған 28 нысанға Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының шеңберінде тиісті шараларды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

– Жобалық-сметалық құжаттамалар туралы айтар болсақ, басқармаға қарасты «Сәулеттік бюро» мекемесіне бюджет есебінен жобаланып жатқан жобалық-сметалық құжаттамаларды зерделеу бойынша арнайы функция берілген болатын. Биыл 224 жобалық-сметалық құжаттама келісуге ұсынылды. Оның ішінде 138 жобаға келісім беріліп мақұлданды, 42 жобаға ұсыныстар берілді, 17 жоба қайта пысықтау үшін қайтарылды, 27 жобаға келісуден бас тартылды. Жобаларды зерделеу барысында, оңтайланған жалпы сомма 10 372 633,552 мың теңгені құрады.

Үлестік құрылыстарға да тоқтала кетейік. Облыс әкімдігінің 2023 жылдың 30 мамырдағы №97 қаулысымен «Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесіне» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 7 сәуірдегі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» №486-V ҚРЗ Заңының 6-бабына сәйкес, толықтырулар енгізілді. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша жеке қаржыландыру есебінен 21 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Үлескерлердің ақшасын тарту мақсатында, «Hamilton park» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жергілікті атқарушы органға өтініш түсіп, бір рұқсат құжаты берілді. Тараз қаласы, Қапал көшесі №62/1 «Hamilton park» тұрғын үй құрылысы бойынша, бүгінде проблемалық мәселелер жоқ. Жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен құрылыс нысанын салу барысында, «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін алмай, әлеуметтік сайттарда көппәтерлі тұрғын үйлерді сату бойынша жарнамалау жұмыстарын жүргізген жағдайда, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 320-бабына сәйкес, сот органының шешімімен айыппұл салуға алып келеді. Осыған орай, келесі компанияларға Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 320-бабына сәйкес, Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы №20/1 «Tulip Residence» тұрғын үй кешені бойынша «AYNA Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (1 035 000 теңге), Тараз қаласы, С.Нұрмағанбетов көшесі №18 «Болашақ» тұрғын үй кешені бойынша «Saulet Alem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (1 035 000 теңге), Тараз қаласы, Қапал көшесі №62/1 «Hamilton park» тұрғын үй кешені бойынша «Hamilton park» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (724 500 теңге) жалпы сомасы 2 миллион 794 мың теңге айыппұл салынды. Қалған көпқабатты тұрғын үйлер бойынша, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары бұзылмаған, – дейді басқарма басшысы Айтқазы Қарабалаев.

Басқарма басшысы Ғибадат үйлеріне рұқсат құжатын беру туралы да мәлімет берді. Оның айтуынша, басқармаға діни қызметті алу бойынша ағымдағы жылдың 10 айында «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беруге 8 өтініш түскен. Оның ішінде 7 өтінішке шешім берілген. Бір өтінішке рұқсат құжатын беруден бас тартылыпты. Сонымен қатар, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері етіп қайта бейіндеу, яғни функционалдық мақсатын өзгерту туралы шешім беруге 1 өтініш түсіп, шешім берілген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support