Жапырақ тамырдан нәр алады

Жапырақ тамырдан нәр алады
ашық дереккөз
Жапырақ тамырдан нәр алады
Ұлт тарихы бейне бір үлкен дарақтың тереңде жатқан тамырындай тарам-тарам. Ағаштың әр бұтағындағы әрбір жапырақ терең тамырдан нәр алатыны секілді, әр мемлекеттің бүгінгі бағыты бар, кешегі тарихы бар. Президентіміз «Ұрпақ қамы – ұлт қамы» екенiн үнемі айтып отырады. «Болашағың өзіңді зеңбірекпен атпауы үшін, өткеніңе тапанша кезенбе» деген. Біз де ата-бабамыз басынан кешкен кезеңді көңілге түюіміз керек-ақ. Тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан зерделеу керек. Тарихи жәдігерлерді таңдай қаға тамашалап қана қоймай, оны бағалап, қадірлей білу де маңызды. Ашаршылықты да, соғысты да көрген, небір алмағайып заманды басынан кешірген ұлтымыз тарих-тамырынан алыстаған жоқ. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Тарих кітабын тағы бір рет парақтаған іс-шарада талай дүние айтылды. Бір бұл ғана емес, Тәуелсіздік алғанымыздың әр жылы аталып өтіледі. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін сала мамандары, ұлт жанашырлары ұдайы ізденіс үстінде жүр деуге болады. Қазақ халқының тұғырын бекітетін ең басты саланың бірі – тарих. Тарихын білмеген ұлт тамырынан алыстаған өсімдік секілді нәрсіз, кез келген тосқауыл мен кедергінің алдында дәрменсіз болмақ. Біздің туған өлкеміз Тараз да – тарихымыздың алтын діңгегі. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен ұзын-саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етіп келеді. Іргетасы шамамен осыдан 2100 жыл бұрын қаланған, қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени-рухани және саяси орталықтардың бірі санатындағы биігінен төмендеп көрмеген шаһарлардың бірі – Тараз қаласы екені даусыз. Көне тарихымыздың көмбесі – қасиетті Тараздың киелі мұраларын қалай айтсақ та, қалай әспеттесек те жарасар еді. Құндылығымызды, тарихымызды, өткенімізді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – әрбіріміздің басты міндетіміз дер едік.  

Гүлден АСУБАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар