- Advertisement -

Ұлттық таным ұрпақты алға жетелейді

43

- Advertisement -

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу барлық кезеңде де өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау елдің ұлттық саясатының басты бағыты. Міне, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елінің шаңырағы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман қасиет болса, бұл үлкендердің кінәсі» екендігін атап өтіп, білім беру саласына қатысты бірқатар міндеттерге тоқталған болатын.

Президент атап өткендей, адал ұрпақ тәрбиелеу үшін білім беру ұйымдарында адами құндылықтарға негізделген ұлттық тәрбие бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Ал, тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Сондықтан, білім беру жүйесіне Оқу- ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізіліп, қазіргі таңда еліміздің барлық білім беретін мекемелерінде іске асуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Тараз қаласындағы №32 орта мектебінде аталмыш бағдарлама аясында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сынды құнды тәрбиеге негізделген тәрбие жұмыстары қолға алынуда.

Осы үш құнды бағытқа басымдық беру арқылы баланы ел мен жер тұтастығын, ел тәуелсіздігін қадірлей білу, ар-ұят, намысты жоғары ұстауға тәрбиелеу мақсатында оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – үйлесімді тәрбиені оқушылар бойында жетілдіру, оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруда, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда қолдану басты іс болып табылады. Сондықтан да қазіргі кезде құқықтық мәдениеті жоғары, білімді оқушылар тәрбиелеу және қалыптастыру ісі кезек күттірмей атқарылатын мемлекеттік маңызды шаралардың қатарында тұр. Мектеп оқушыларының құқықтық өмірдегі рухани бастаулар ерекше орын алады. Осы мақсатта мектепте өткен тәрбие сағатында оқушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыруда салт- дәстүрдің тигізетін ықпалы турасында ойларын ортаға салды.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Аталған құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпы, адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бала тәрбиесіне жауапты баршамыздың ортақ мақсатымызға айналуы тиіс.

 

Дана ЖҮНІСОВА,

№ 32 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support